100 жыл бұрын ер адамдар қалпақсыз сыртқа шықпаған. Өйткені қалпақ ауа райынан қорғап қана қоймай, адамның мәртебесі мен жағдайын да көрсеткен. Ол аяқкиім немесе пиджак сияқты күнделікті киімнің маңызды бөлігі саналған.
Ғасырлар бойы ер адамның ажырамас бөлігі болған қалпақ аз уақыттың ішінде сәннен қалды. Бүгінде оны көбіне ресми іс-шараларда, ат жарыстарында немесе кинодан ғана көруге болады. Tamga Media бұл өзгеріске не себеп болғанын және ер адамдардың неге қалпақ кимей кеткенін зерттеп көрді.
Жер бетіндегі ең көне баскиімдердің бірі Альпі тауларынан табылған. Ол 5000 жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген «мұздағы адам» Эцидің мумиясымен бірге сақталған.
Тарихқа сүйенсек, баскиім бірнеше қызметті атқарды. Әуелі қалпақ күннен, жаңбыр мен суықтан қорғады. Оған қоса адамның қоғамдағы орнын көрсетіп, образын толықтырып тұрды. Көшедегі адамның қалпағына бір қарап-ақ, оның кім екенін бірден түсінуге болатын еді.

XX ғасырдың басында ерлер қалпағының түрі көбейіп, цилиндр, котелок, федора сияқты ондаған үлгісі шықты. Голливуд бұл сәнді одан сайын танытты. Кэри Грант, Хамфри Богарт және Фрэнк Синатра сынды актерлардың арқасында қалпақ талғам мен ер мінездің белгісіне айналды.
Қалпақ кию сәнін Джон Кеннеди «құртқаны» рас па?
Жұрт арасында қалпақ киім кию мәдениеті АҚШ президенті Джон Кеннедидің 1961 жылғы ант қабылдау рәсімінен кейін құрып кетті деген пікір бар. Ол сол жиынға жалаңбас барып, содан кейін бүкіл әлемдегі миллиондаған ер адам қалпақтан бас тартқан деседі.
Шын мәнінде, бұл – миф. Кеннеди ант беріп жатқан сәтте жалаңбас тұрды. Негізі ол ресми кездесулер мен кештерге барғанда басынан цилиндр қалпағын тастамайтын. Тіпті ант беру рәсіміне осы классикалық үлгіні қайта сәнге айналдырған да Кеннеди еді. Оған дейінгі президенттер баскиімнің мүлдем басқа түрлерін киетін.
1965 жылы өзінің ант беру рәсіміне бірінші рет қалпақсыз барған АҚШ президенті Линдон Джонсон болды. Бірақ бұл да қалпақтың сәннен жоғалуына негізгі себеп емес. Өйткені өзгеріс бір күнде болған жоқ әрі бұған басқа да жағдайлар әсер етті.

Орталық жылыту жүйесі пайда болған соң, қалпақтың маңызы да жоғалды
Негізгі себептердің бірі өте қарапайым. XIX ғасырда үйлерде, дүкендер мен қоғамдық ғимараттарда жылу нашар болды. Сондықтан адамдар сыртта ғана емес, ғимарат ішінде де тоңып жүретін. Ол кезде қалпақ сән үшін емес, бірінші кезекте жылуы үшін керек еді.
Орталық жылыту жүйесі мен кондиционерлер пайда болған соң, жағдай түбегейлі өзгерді. Үй іші, кеңсе, дүкен, тіпті пойыз бен метрода жылы әрі жайлы бола бастады. Осылай, қалпақ кию сәннен шығып, аксессуарға айналды.
Оған қоса сән үшін киетін затты күнде таға бермейтініміз белгілі.
Қалпақ адамның әлеуметтік статусын көрсетпейтін болды
Бұрын адамның басындағы баскиіміне қарап-ақ, оның қоғамдағы орнын жазбай тануға болатын еді. Мысалы, биік цилиндр қалпақтарды тек байлар мен ықпалды адамдар кисе, қарапайым жұмысшылар кәдімгі сегіз құлақ кепка киетін. Қысқасы, қалпақ адамның әлеуметтік статусын көрсетіп тұратын.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін таптар арасындағы алшақтық азайып, білім алу мен білікті маман болу жеңілдей бастады. Қоғамның қатаң тапқа бөлінуі де азайды.
Баскиіммен бірге өз статусыңды көрсетудің де қажеті болмай қалды. Қалпақтың орнын сағат, көлік пен бренд киімдер сияқты жаңа дүниелер басты.
Көліктердің де әсері болды
Мұрағаттағы суреттерден бірінші көліктердің едәуір биік болғанын көресіз. Оның ішінде ер адамдар тіпті цилиндр қалпақпен де емін-еркін отыратын. Уақыт өте келе көліктердің де төбесі аласара түсті. Бұл машина жүрісін жеңілдеп (аэродинамикасы жақсарып), өндіріс шығынын азайтты. Көліктер әлдеқайда ыңғайлы бола бастады.
Ал биік, қатты қалпақты киіп жүру ыңғайыз болды. Көлікте отырғанда төбесі тірелетін, ал шешіп қасыңызға қойсаңыз, тез майысып қалатын еді.

Адамдар көлікте жиі жүретін болған соң, ақырындап қалпақтан бас тарта бастады. Содан болар классикалық баскиімге сұраныс азайды.
Соңғы нүктесін интернет-мемдер қойды
Осындай өзгерістерден кейін де классикалық қалпақтар біржола құрып кеткен жоқ еді. Бірақ кейінгі 10-15 жылда олардың беделі мүлдем түсіп кетті.
Қалпақ кию стилінің түбіне интернет жетті. 2010 жылдардың басында желіде “Tips Fedora” мемі тарады. Мемде қалпақ киген ебедейсіз, толық жігіттің суреті бар. Жұрт өздерін тым ақылды, жұмбақ немесе «нағыз джентльмен» көрінгісі келетін адамдарды осылай келемеждей бастады. Бұл бейне елдің санасына әбден сіңіп кеткеннен, адамдар күлкіге қалудан қорқып, қалпақ киюден қашты.
Бұрын қалпақ кию адамды сырбаз әрі тартымды көрсетсе, қазір керісінше, тек күлкіге қалатын себепке айналды.
Бейсболка неге сәннен қалмады?
Қызығы, ер адамдар баскиімнен толық бас тартқан жоқ. Қазір бәрінің басынан тастамайтыны – кәдімгі бейсболка. Ол адамның әлеуметтік статусына қарамайды, кез келген күнделікті киімге жараса береді әрі өте ыңғайлы.
Егер бұрынғы қалпақтар адамның қоғамдағы орнын көрсету үшін керек болса, бейсболка ештеңені дәлелдемейді. Оның заманға тез бейімделіп, ең өтімді баскиімге айналғаны да содан болар.
Әрине, қалпақтар қолданыстан мүлдем жоғалып кетпейді. Федора, канотье немесе цилиндр қалпақтарын әлі де ресми жиындардан, өзгеше киінген адамдардың басынан көріп қаламыз. Бірақ ер адамдардың сыртқа қалпақсыз шықпайтын заманы артта қалды.



