Қазір жазғы трансфер уақыты – клубтар жаңа ойыншы жинап, құрамды күшейтетін сәт. Осы орайда бір футболшы 15 миллион еуро тұрса, екіншісінің құны неге 500 миллион еуроға жететінін түсініп көрейік. Бұл бағалар қаншалық қисынды? Футбол әлемінің ең қызық әрі жасырын сырлары қандай?
Кезінде «Челсидің» бұрынғы иесі Роман Абрамович: «Футболшының бағасы аспаннан алынады. Қолыңда ойыншы бар, оны белгілі бір бағаға сатқың келеді. Басқалар бұл бағамен келіспесе, жай ғана сатып алатын өзге біреуді іздейсің» деген еді.
Содан бері талай уақыт өтті. Трансфер нарығы да бірнеше рет өзгерді. Міне, 2026 жыл болса да, бұл тақырыпты әлі ешкім толық түсінбейді. Әуелі бір нәрсені түсініп алайық: «адам сатып алу» деген – жай ғана назар аударту. Негізінде клубтар футболшының өзін емес, оның келісімшартын сатып алады. Әрі қарай бәрін қарапайым тілде түсіндіреміз. Бұл ақпарат алдағы Әлем чемпионаты қарсаңында футбол көруді жаңа бастағандар үшін де, оны көптен бері жақсы көретін тәжірибелі жанкүйерлер үшін де қызық болады.
Келісімшарт
Елестетіп көріңізші, сіз футбол клубын басқарасыз. Клубыңыздың академиясы мықты, бірақ қарызыңыз бар. Одан құтылудың жалғыз жолы – бір жақсы футболшыны қымбатқа сату. Дәл қазір құрамыңызда нағыз жас жұлдыз ойнап жүр. Жанкүйерлер стадионға тек соны көру үшін келеді, ал алпауыт клубтар оған бұрыннан көз тігіп жүр. Сізге тек ресми ұсынысты күту ғана қалды. Көп ұзамай хат та келді! Басқа клуб ойыншыңыз үшін 60 миллион еуро ұсынып отыр. Бұл ақша барлық қарызды жауып, басқа футболшылардың жалақысын төлеуге толық жетеді. Сонымен, мәселе шешіліп, ақша бірден шотқа түсті ме? Жоқ. Себебі алда әлі ұзаққа созылатын келіссөздер мен нағыз драма күтіп тұр. Барлық қызық енді басталады.

Жылына екі рет ашылатын терезе
Футболшыны кез келген уақытта сата салуға болмайды. Сондықтан жанкүйерлер жылына екі рет – жазда және қыста трансфер уақытын тағатсыздана күтеді. Клубтар жаңа ойыншыларды осы екі кезеңде ғана тіркей алады. Қалған уақытта нарық жабық. Әрине, басқа клубпен алдын ала келісіп қоюға да болады. Бірақ бұл ойыншының ынтасын басып тастайды. Өйткені ол жаңа клубында келесі трансфер уақыты ашылғанда ғана ойнайды.
Бұл шектеу қойылмаса, кез келген уақытта ойыншы сатып алуға болар еді. Алайда трансфер терезесі – әділ болу үшін қабылданған ең маңызды шешім. Елестетіңіз, клубыңыздың ойыны жүрмей жатыр: қақпашы қайта-қайта қателесіп жатыр, қорғаушылардың жылдамдығы жетпейді. Құрамды жаңарту керек, бірақ ақша жоқ. Дәл осындай қиын тұста лигадағы алпауыттар да тап болуы мүмкін. Бірақ олар кез келген сәтте жаңа құрам сатып ала салар еді. Бұл әділ ме? Жоқ. Сондықтан екі тарап та бір қайықта отырып, жаз бен қысты күтуге мәжбүр. Сізде ескі қайық, ал оларда яхта болса да, бәрібір күтеді. Уақыты келгенде олар қалағанын, сіз шамаңыз жеткенін аласыз. Бірақ белгілі бір уақыт бойы бәрінің жағдайы тең болады.
Қызығы, әр лиганың трансфер терезесі өз уақытында ашылып-жабылады. Мысалы, Англияда жаңа ойыншыны тіркейтін мерзімі бітіп қалса да, Испанияда әлі рұқсат болуы мүмкін. Міне, осы кезде халықаралық келісімдердің нағыз «әткеншегі» мен «дедлайн күні» (трансфер жасап үлгеретін ең соңғы күн) басталады.
Шын мәнінде, сіз ойыншыны сатып алмайсыз
Футбол туралы естігеніңіз болмаса, ішкі әлеміне аса терең бойламаған шығарсыз. «Барселона пәленшені түгенше миллионға сатып алды» деген тақырыпты көрсеңіз, бұл адамның өзін емес, тек келісімшартын сатып алғаны. Оның үстіне, бұл ақшаның бәрі футболшының қолына түспейді. Оған тек жалақы мен келісімшартқа отырғаны үшін бонус төленеді, бірақ бұл туралы сәл кейінірек айтамыз.
Бұл – трансфердің басты логикасы. Футболшының келісімшарт мерзімі неғұрлым ұзақ болса, оның бағасы да соғұрлым қымбат. Сіздің ойыншыңызда да дәл осы жағдай: келісімшарты әлі үш жылға жарамды. Оның үстіне, 10 гол соқса, бұл мерзім автомат түрде тағы ұзарады.

Ал келісімшартқа бір-ақ жыл қалса ше? Міне, нағыз мәселе осы кезде басталады. Себебі келісімшарт мерзімі біткен соң, ойыншы кез келген клубқа тегін кете алады, ал ескі клубы одан бір тиын да табыс таба алмайды. Жақында «Ливерпуль» клубының түлегі Трент Александр-Арнольд дәл осылай кетті. Ол келісімшартты ұзартудан бас тартып, «Реалға» тегін ауысуға келісіп қойды. «Ливерпуль» оны алып қалу үшін бәрін жасаса да, футболшы көнбеді. Қызығы, бұл трансфер толық тегін болған жоқ. «Реал» Трентті клубтар арасындағы Әлем чемпионатына уақытылы тіркеп үлгеру үшін оның келісімшартының соңғы айын «Ливерпульден» 10 миллион еуроға сатып алуға мәжбүр болды. Демек, шұғыл уақыт пен асығыс шешім үшін де артық төлеуге тура келеді.
Қызығы, келісімшарты біткен ойыншының жаңа клубқа тегін ауыса салуы бұрыннан бар ереже емес. Бәрі 1995 жылы өзгерді. Сол кезде Бельгия футболшысы Жан-Марк Босман сот арқылы келісімшарты біткен соң тегін кетуге рұқсат алды. Бұл өте қисынды еді. Келісімшарт біткен соң футболшыны ескі клубпен ештеңе байланыстырмайды. Олай болса, неге басқа командамен еркін келісімге тұрмауы керек? Қазір мұндай клубы жоқ футболшыларды «еркін агент» деп атайды.
Дәл осы дан кейін клубтар футболшылармен жасалған келісімшарттың бітуіне қанша ай қалғанын уайымдап, санайтын болды. Әсіресе, келісімшарттың ең соңғы жылы – бөлек әңгіме. Футболшылар да – пенде, сіз олар үшін қанша жақсылық жасасаңыз да, соңында мүдделерін ойлап кетуі әбден мүмкін.
Сондықтан сізге, яғни клуб қожайынына айтар қорытынды: ойыншы арқылы ақша тапқыңыз келсе, оны уақытында сатып үлгеріңіз.
Баға қалай қойылады?
Футболшының бағасына көп фактор әсер етеді: жасы, статистикасы (голдары мен пастары), танымалдығы, паспорты және келіссөздегі мүмкіндіктер. Келісімшарт осының бәрін бекітетін құжат қана.
Енді әрқайсына жеке тоқталайық.
Жасы
Мұндағы логика қарапайым: Футболшының жасы неғұрлым үлкен болса, бағасы соғұрлым арзан. Кейде ерекше жағдайлар кездеседі. Мысалы, Италия командаларында ойыншылардың орташа жасы өте жоғары. Неліктен? Олардың ең мықты, бабында тұрған (прайм) футболшыларды сатып алуға ақшасы жоқ. Сондықтан оларда екі-ақ жол бар: не жас әрі болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды алу, не жасы келген ардагерлерді жинау.
Статистика
Көрсеткіштер неғұрлым жоғары болса, ойыншы да соғұрлым қымбат. Бірақ бұрын өте жақсы ойнаған ең қымбат жұлдыздардың өзі жаңа клубқа ауысқанда ашыла алмай жатады. Сондықтан кез келген трансфер – үлкен тәуекел.
Танымалдылығы
Ойыншының есімі жазылған қанша футболка сата аласыз, оның жарнамадан табатын табысы қандай және инстаграмында қанша оқырманы бар? Осының бәрі клубқа қосымша ақша әкеледі, сондықтан футболшы неғұрлым танымал болса, оның соңғы бағасы да соғұрлым жоғары.
Паспорты
Кейбір чемпионатта легионерлерге (шетел ойыншыларына) лимит қойылады. Сондықтан жергілікті паспорты бар футболшының бағасы өз елінде бірден қымбаттайды. Себебі ол ешқандай шектеусіз ойнай алады.
Келіссөздегі мүмкіндіктер
Бұл футболшы сізге қаншалық керек? Онымен ұзаққа жоспар құрасыз ба, әлде бір маусымға ма? Мұны бәрі біліп отыр және өз пайдасына жаратуға тырысады. Айтпақшы, клубтың қарызы да – үлкен кемшілік. Ақшадан қысылып тұрсаңыз, келіссөз кезінде бұл міндетті түрде су бетіне шығады.
Сондықтан футболда «әділ» баға жоқ. Transfermarkt сияқты сайттардағы баға – тек шартты нәрсе, ал өмірдегі баға мүлдем бөлек. Құны 20 миллион еуро тұратын ойыншы 60 миллион еуроға бір-ақ секіруі мүмкін. Өйткені нарық статистикаға емес, сатып алушының қалауына қарай ақша төлейді. Ал адамның қалауын калькулятормен есептей алмайсың.
Ойыншыны сатудан түсетін ақша
Жаңағы 60 миллион еуроны бірден қолға аласыз ба? Жоқ, бәрін бірден бермейді. Әдетте үлкен соманы бірнеше жылға бөліп төлейді. Оған қоса, келісімшартқа бонустар жазылады. Ойыншы көп гол соқса, көп матчқа шықса және кубок ұтып алса клуб тағы ақша алады. Жаңалықтарда айтылатын миллиондар – бұл ең жоғарғы шегі ғана. Ол ақшаға футболшы жаңа клубта өте жақсы ойнап кеткенде ғана қол жетеді. Бірақ мұның да бір пайдасы бар. Келісімшартқа «қайта сату пайызын» қосуға болады. Егер сіз сатқан ойыншы кейін нағыз жұлдыз болып, басқа клубқа өте қымбатқа өтсе, сол үлкен соманың бір бөлігі сізге де бұйырады.
Бәрі бұнымен бітпейді, футболшыға жалақы да төлеу керек. Кейде оның айлығы трансфер бағасынан да асып кетеді. Сондықтан қызық жағдайлар болады: Ойыншыны арзанға алып, жалақысынан ұтылуға болады. Керісінше, трансфері қымбат болса да, әр апта сайын қыруар ақша сұрамайтын футболшы арзан ойыншыдан әлдеқайда тиімді.

Жасырын ақша
Келісімшартта ойыншыны сатуды оңайлататын не қиындататын шарттар бар. Мысалы, «өтемақы» (release clause). Бұл баға алдын ала жазылса, келіссөздің қажеті жоқ – кім сол ақшаны төлесе, ойыншыны міндетті түрде жібересіз. Сондықтан тым аз сома жазсаңыз, өз түбіңізге өзіңіз жеткеніңіз. Осы өтемақы кесірінен клубтар келісімшартты жиі жаңартады. Мысалы, сіз ойыншыны арзанға алып, өтемақысын 10 миллион еуро деп жаздыңыз. Бірақ ол кенеттен жақсы ойнап кетіп, бағасы 20 миллион еуроға жетті. Ондайда дереу жаңа келісімшарт жасап, ойыншыға қол қойғызу керек. Әйтпесе, басқа клуб дайын 10 миллион еуроны төлеп, ойыншыны алып кетеді.
Тағы бір маңызды төлем бар – ол академияларға берілетін ақы. ФИФА ережесі бойынша, бұл ақша футболшы өсіп шыққан балалар академиясына аударылады. Сондықтан балалар академиясы жай ғана қайырымдылық емес, үлкен табыс көзі. Ойыншыны өсіріп, бір рет сатсаңыз болды, кейін оның әрбір жаңа трансферінен сізге пайыз түседі. Кейбір клуб билет пен жейде сатқаннан гөрі осы пайыздың арқасында әлдеқайда жақсы өмір сүреді.
Бухгалтерия және қаржылай фэйр-плей
Клуб футболшыны 60 миллион еуроға 5 жылға сатып алды делік. Есеп бойынша бұл ақша бірден кесілмейді, жылдарға бөліп тасталады. Мұны амортизация дейді: клуб бірден 60 миллионды санап бермейді, жылына 12 миллионнан ғана төлеп отырғандай болады. Қазіргі ұзақ келісімшарттар сәні осыдан шыққан – уақыт неғұрлым ұзақ болса, жыл сайынғы төлем де азаяды. Қазір лондондық «Челси» осы әдісті пайдаланып жүр: кімді алса да, бірден 8 жылға келісімшарт жасайды. Бірақ УЕФА-ның жаңа ережесі бойынша, бұл төлемді енді 5 жылдан артық созуға болмайды.
Нарықта player trading, яғни өз тәрбиеленушілеріңді сату деген нәрсе бар. Бухгалтерия үшін бұл – таза пайда. Себебі академияңнан шыққан ойыншыны кезінде сатып алған жоқсың, ол тегін келді. Осындай жұлдыз шығып жатса – клубтың бағы жанғаны.
Осы былықтарды тыю үшін қаржылай фэйр-плей (FFP) енгізілген. Оның мақсаты – клубтардың тапқанынан артық жұмсауына жол бермеу. Әйтпесе, кез келген миллиардер бір маусымда қалаған клубты сатып алып, жұлдыздардан құралған команда жасап алар еді. Бірақ бұл жүйе іс жүзінде бітпейтін тышқан-мысық ойынына айналды. Клубтар ережені айналып өту үшін «таныс» компаниялармен өтірік қымбат жарнама келісімшарттарын жасайды, мүліктерін асыра бағалайды немесе бір қожайынға қарайтын клубтар арасында ойыншыларды ыңғайлы бағамен саудалайды. Клуб қожайындары өз фирмалары арқылы миллиардтарды аударып, табысты өтірік жасайды. Мұндай дау-дамай жыл сайын қайталанады. Мұндай қысымды бастан өткерген «Барселона» биыл ғана жаңа ойыншыларын «бірге бір» жүйесімен (1 еуро тапсаң – 1 еуро жұмсайсың) тіркей алды. Оған дейін клуб трансферлік бан мен санкциялар құрсауында қалған еді. Бұл – тоқтамайтын шеңбер: ұйымдар айыппұл салып, соттайды, ал клубтар жаңа қулықтар ойлап табады. Ең қызығы, бұл айлалар жылдар өткен соң бір-ақ ашылады. Қазірдің өзінде 5 жыл және одан да бұрын аяқталған турнирлер бойынша ірі соттар жүріп жатыр. Кезінде есепті бұрмалап, жүйені алдадым деп ойлап, бүгін баяғы чемпиондық атақтарынан айырылып жатқандарды көру әрдайым қызық.

Көлеңкелі тұсы
Енді өз клубыңызға оралайық. Сіз қарыздарды күттіріп, футболшыны тағы бір жылға қалдырамын деп шештіңіз. Онымен еурокубокке ілігіп, кейін одан да қымбатқа сатқыңыз келеді. Бірақ бұл жоспарды ойыншының өзі бұзуы мүмкін. Кетуді ойлап қойған футболшы кенеттен жаттығуға келмейді, жиналысқа кешігеді әрі нашар ойнай бастайды. Ол клубтан тезірек құтылу үшін әдейі осылай істейді. Оның бұл әрекеті заңды.
Бұған 2018 жылғы Обамеянг пен «Боруссия» арасындағы жағдай дәлел. Шабуылшы «Арсеналға» кету үшін әдейі тәртіп бұзған. Оның сол кездегі бапкері Петер Штегердің айтуынша, Обамеянг ойын алдындағы жиналыстарға келмей, жаттығудан бас тартқан. Ол аптасына төрт күн тұрақты жаттығып, тек матч алдындағы соңғы дайындықтарды әдейі құртқан. Осылай, клубтан кеткісі келетінін көрсеткен. Соңында Дортмунд клубы шыдамай, оны 56 миллион еуроға сатуға мәжбүр болды.
Бәрі ережеге сай ойнаса, бағыңыздың жанғаны. Бірақ клубтар басқа команданың ойыншысымен жасырын сөйлесе береді. Негізі басқа клубта жүрген футболшыны рұқсатсыз шақыруға болмайды, бірақ бұған ешкім қарамайды. Оның үстіне, клубтар ережені айналып өту үшін түрлі қулық жасайды, ойыншыларды өтірік жалға алады, таныс компаниялар арқылы клубқа ақша құяды немесе бір қожайынның екі клубы арасында ойыншыларды арзанға саудалайды. Қазіргі футбол ресми есепте әдемі сандарды көрсетіп, нағыз ақшаны жасыруды баяғыда үйреніп алған.
Отбасылық бизнес: анасы агент болғанда
Сіз әлі футболдың көлеңкелі тұсы – агенттермен кездескен жоқсыз. Кейде ойыншының агенті оның өз туысы болуы мүмкін. Бұл жерде мүдделер қақтығысы туындайды: жақын адамы футболшыны да қорғайды, осы трансферден өзі де пайыз табады. Мұндай туыстар кейде алып агенттерден де қауіпті. Сондықтан сізге, яғни сатушы клубқа, келіссөзде ойыншының ата-анасымен бетпе-бет келуге тура келеді.

Бұған ең жақсы мысал – әлем жұлдызы Килиан Мбаппе. Оның ісін анасы Файза Ламари жүргізеді. The Athletic басылымы оны кез келген адамды жолда қалдыратын қатал келіссөз жүргізуші деп сипаттайды. Ол ұлының ісін 15 жасынан бастап қолға алған. Португалияның A Bola басылымының мәліметінше, Ламари жылына шамамен 4,5 миллион еуро табады және бұл сома ұлының келісімшартына арнайы жазылған. Анасы өзінің бұл мінезін жасырмайды: «Мен Килианға: маған тапқан ақшаңның 30%-ға жуығын берсең, жұмыс істемеймін, Мальдив аралдарына демалуға кетемін дедім», – дейді.
Кейде бүкіл отбасы бірігіп, шағын компанияға айналады. Мысалы, Беллингемдер әулеті. Джудтың әкесі Марк 2022 жылы полиция қызметінен кетіп, ұлдарының агенті болды. Ол трансфер шаруасын, демеушілермен келіссөзді және ұлдарының мансабын толық бақылайды. Ал анасы Дениз – бұрынғы кадр маманы, қазір қаржыға жауапты әрі күйеуімен бірге бірнеше компанияны басқарады. Ұлдарының болашағы үшін олар тіпті Еуропаның екі шетінде тұрды: Дениз Джудпен бірге Мадридке көшті, ал Марк кенже ұлы Джобпен Англияда қалды. Бұл істің бәрі ата-ананың татулығына байланысты. Сондықтан 2025 жылы олар ажырасады деген қауесет шыққанда, тек отбасы емес, футбол клубтары да уайымдай бастады.

Бұл тек айсбергтің шыңы
Мұның бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Футболдың көлеңкелі тұсы мұнымен бітпейді. Мысалы, агенттердің шектен тыс көп ақша сұрауы, виза мен жұмысқа рұқсат алу мәселесі және жас футболшыларды трансферлеудің астыртын қулықтары әлі де көп. City Football Group сияқты бірнеше клубты біріктіретін жүйелер де бар. Онда ойыншыларды «өз» клубтары арасында емін-еркін ауыстыра береді. Сонымен қатар қазір деректер мен талдау (аналитика) дамып, скауттардың «қай ойыншы қанша тұрады» дегенді өз бетінше шешу құқығын тартып алып жатыр..
Сонымен, сіз команда жұлдызын жіберуге мәжбүр болдыңыз. Себебі оның деңгейі өсті, енді күшпен ұстау мүмкін емес. Трансфер ақшасын үш жылға бөліп төлейтін 50 миллион еуроға келістіңіз, бірақ есесіне оны келесіде басқа клубқа сатқанда тағы пайыз аласыз. Иә, еурокубокқа қатысамыз деген арман орындалмай қалды. Есесіне басты басылымдар «Еуропада біздің ойыншы жүр!» деп жарыса жазып жатыр. Осы қуанышты жаңалықтың артында қаншама жүйке мен қиындықтың кеткенін халық білмей-ақ қойсын.



