Ойын-сауықӘдебиетАдамдар шынымен көп оқи бастады ма, әлде кезекті тренд пе?

Адамдар шынымен көп оқи бастады ма, әлде кезекті тренд пе?

9 сәуір 2026
10 мин
Н
Instagram: @service95bookclub

Әлеуметтік желілерде кітап туралы кеңестер көбейіп кетті. Жаңа кітаптар үздіксіз шығып жатыр, кітап клубтары қайта жанданып келеді. Мұның бәрі кітап оқудың қайтадан трендке айналып жатқанын көрсететіндей. Сонда расымен кітаптардың «прайм дәуірі» қайта басталды ма, әлде бұл тек желідегі әдемі көрініс қана ма? Келіңіз, бірге анықтап көрейік.


Тарихқа көз жүгіртейік


Нақты статистикаға көшпей тұрып, тарихты еске түсірейік. Кітап оқу жазумен бірге пайда болды, дегенмен мұны жартастағы суреттермен шатастырмау керек. Алғашқы жазулар Месопотамияда біздің заманымызға дейінгі 3200-3000 жылдары пайда болған. Ол кезде балшық тақтайшаларға сына жазуымен астықты, малды, сауда мен салықты есептеп жазып отырған.  Сол кезеңде Ежелгі Мысыр да өз иероглиф жазуын дамытты. Діни қызметкерлер патшалардың жазбаларын, діни мәтіндерді қағазға түсірді.


Оқи алу хатшылар мен шенеуніктердің кәсіби дағдысы болатын. Қарапайым халық үшін сөйлей алу жеткілікті еді.


Тағы бір қызық факт: бұрын адамдар іштей емес, дауыстап оқыған. Мәтіндер ғибадатханаларда, жиындарда немесе билеушілер үшін дауыстап оқылып берілген. Тіпті кейбір тілдерде «оқу» сөзі «жұрт алдында айту» деген мағына берген.


Уақыт өте келе жазба тек есеп жүргізу құралы болмай, заңдар, мифтер, эпостар мен философиялық еңбектер пайда болды. Шумер мифтері, мысырлық ілімдер, кейін грек драмалары мен философиялық трактаттар жазыла бастады.


Кейін папирустар кеңінен таралып, көлемді мәтіндер пайда болды. Бірақ кітап оқу әлі де біліммен, дінмен және элитамен байланысты болды. Ежелгі Грекия мен Римде аристократтардың балалары ғана 7-10 жастан бастап оқуды үйренген.


Біздің заманымыздың 1100-1500 жылдары аралығында кітаптар монастырь қабырғасынан шығып, қарапайым адамдардың өміріне ене бастады. Алғашқы мектептер ашылып, 1500 жылға қарай Англия халқының жартысынан көбі қарапайым деңгейде оқи алатын болды.


Бұл өзгеріске ең үлкен әсер еткен нәрсе – баспа ісінің дамуы. XV ғасырдың ортасында баспа станогы пайда болғаннан кейін кітаптар әлдеқайда арзан әрі қолжетімді бола түсті. Мәтіндер біріздендіріліп, оқу жеңілдеді.


Осының бәрі халықтың сауатын арттырып қана қоймай, жаңа әдеттің пайда болуына әкелді – адамдар іштей оқи бастады. Енді оқу тек міндет емес, жанға рахат сыйлайтын әрекетке айналды.


Кейін бұл үрдіс одан әрі күшейді.1760 жылы Пруссия бастауыш білімді мемлекеттік бақылауға алды, ал 1774 жылы Аустрия мектепке бару бәріне міндетті болды. Осылайша, оқу қоғамдағы қалыпты дағдыға айналды.


Дәл осы кезеңде кітап оқудың бізге таныс қазіргі формасы қалыптасты. Монахтар алғаш рет латын мәтіндеріндегі сөздердің арасын бос орынмен бөліп жаза бастады. Бұл мәтінді дауыстамай-ақ, көзбен оқуды жеңілдетті.


Тіпті монастырьларда мәтін көшіретін орындарда – скрипторийлерде – арнайы ереже пайда болды: жұмыс кезінде дауыстап емес, іштей, тыныш оқу керек.


Кітап оқудың «алтын ғасыры»


Тарихқа қарасақ, кітап оқудың «шарықтау шегі» нақты бір кезеңмен емес, оқуға деген қызығушылықтың толқын-толқын болып күшеюімен байланысты. Көбіне бұл адамдардың қолында артық уақыт пен аз да болса қаржының пайда болуына тәуелді болған.


Алғашқы үлкен толқын XVIII-XIX ғасырларда байқалды. Сол кезде Еуропа елдерінде сауатт артып, бос уақыты бар әрі кітап сатып алуға шамасы жететін орта тап қалыптасты. 


Кітап сөрелері қарапайым адамдардың өмірі, махаббаты мен ақшасы туралы романдарға толды. Баспа өнімдері арзандап, кітаптар көпшілікке қолжетімді бола бастады. Тіпті кітап оқу күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Қолында кітап ұстап жүрген адам бейнесі дәл осы кезде қалыптасты.


Көп ұзамай екінші толқын басталды. Бұл кезең XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы жартысын қамтыды. Дәл осы уақытта бастауыш білім міндетті түрде берілген соң, халық сауаты арта түсті.


Сол кезде радио мен кино енді ғана пайда болып жатқан еді, ал кітапханалар, кітап клубтары, университеттер көбейе түсті. Сонымен қатар арзан газет-журнал көптеп тарады.


Адамдар сол кезде бәрін – публицистикадан бастап романдарға дейін оқыды. Оқу тек білім алу емес, күнделікті әдетке айналды.


Кітап клубтары пайда болды


XVIII ғасырда кітап клубтары жай қызығушылықтан емес, қажеттіліктен пайда болды. Себебі кітаптар қымбат еді: оны жалғыз сатып алу тиімсіз, ал клуб мүшелері бірігіп ақша жинап, бір кітапты кезекпен оқи алатын.


Яғни клубқа мүше болу бүгінгі тілмен айтқанда, кітапты «шеринг» жасау және бірге үлкен кітапхана құру сияқтц. Сол кезеңдегі алғашқы ресми клубтардың бірі – Edinburgh Book Club. Мұнда адамдар қымбат кітаптарды бірге сатып алып, оқып, кейін талқылайтын.


Қызығы, мұндай клубтарда қаржыны көбіне әйелдер жинаған. Алғашқы кітап клубтары білім алуға мүмкіндігі шектеулі топтарға – әйелдерге, діни азшыл топтарға, кедей қала тұрғындарына нағыз білім ортасына айналды.


Кейінірек әйелдердің оқу үйірмелері пайда болды. Әйелде мұнда дін, саясат, тарих пен әдебиетті ешқандай бақылаусыз еркін талқылай алатын.


Біртіндеп кітап клубтары тек оқу үшін жиналатын орын болудан қалды. Кездесулер таверналарда, қонақ бөлмелерде өтіп, дастархан жайылып, көңілді әңгіме-дүкенге айналатын. Кітап - тек себеп, ал негізгісі – адамдармен байланыс орнату мен уақытты қызық өткізу.


Тіпті дәл осы ортада алғашқы феминистік идеялардың да негізі қалана бастады. Бірақ бұл – бөлек әңгіме.


XX ғасырда кітап оқу жаңа деңгейге шықты. Мысалы, Book of the Month Club сияқты жобалар пайда болып, адамдарға кітапты үйіне дейін жеткізіп беретін жазылым жүйесі қалыптасты.


Ал Chautauqua Literary and Scientific Circle – пошта арқылы оқып, бірге талқылайтын ерекше формат ұсынды. Бұл АҚШ-тағы ең көне әрі үздіксіз істеп келе жатқан кітап клубтарының бірі саналады.


Алайда уақыт өте бәрі өзгере бастады. Адамдардың бос уақытын өткізу тәсілдері көбейді: радио, кино, теледидар, кейін интернет пайда болды. Кітап енді жалғыз «ермек» болудан қалды.


Бұрын көбірек оқитын


Бұл – иллюзия, яғни «үлкендер бәрін дұрыс істейді» деген сияқты, шындыққа онша келе бермейтін түсінік.


Себебі ол кезде радио да, теледидар да, әлеуметтік желілер де болмаған. Адамды кітаптан, газеттен немесе әңгімеден басқа ештеңе ойын бөлмейтін.


Оның үстіне, кітап оқу – әлемге ашылған жалғыз терезе еді. Жаңалық білу, біреудің ойын түсіну немесе пікірталасқа қатысу үшін кем дегенде хат оқи алу керек (қазіргі жедел хабарламалар ол кездегі бүкіл романтиканы «өлтіріп» тастады).


Ал қарапайым отбасында туған адам үшін кітап оқу – жоғары көтерілуге мүмкіндік беретін жалғыз жол. Яғни, білім алып, кәсіби тұрғыда өсуге көмектесетін нағыз «әлеуметтік лифт» еді.


Оған қоса ол кездк өмір ырғағы баяу болды. Кешкісін отырып кітап оқуға уақыт табу әлдеқайда оңай еді. Өйткені қазіргідей тоқтаусыз жұмыс, шексіз контент, рилс парақтау сияқты «бәсекелестер» жоқ болатын.


Міне, біз бүгінге жеттік


Қазір кітаптар қайтадан трендке айналып отыр, әсіресе жастар арасында танымал. Басылымдар көбейді, онлайн жазылымдар қолжетімді, адамдар кітап туралы кеңестерін жиі бөліседі. Кітап оқитын адам интеллигент болып көрінеді.


TikTok-тағы #BookTok сияқты қауымдастықтар кітаптарды вирустық трендке айналдырды. Онда бәрі – романтикалық прозадан бастап нон-фикшнге дейін бар.


Британиялық Publishers Association зерттеуі бойынша, 16-25 жастағы адамдардың 59%-ы BookTok пен кітап инфлюенсерлері олардың оқуға деген ынтасын қайта оятқанын айтқан. 


2024-2025 жылдары BookTok кеңестері ондаған миллион қосымша сауда жасауға көмектесті. Тек 2024 жылдың өзінде TikTok арқылы танылып, сатылған 59 миллион баспа кітап туралы болып отыр.


Зуммерлер мен миллениалдар кітап клубтарын қайта тірілтті, бірақ оны өздеріне ыңғайлап алды. Жүгіру форматына, барда отыруға, тіпті дейтингке (танысуға) бейімдеді.


Бірақ жеке сезімдер мен ел аузындағы қауымдастықтардан бөлек, статистика да бар. Оның пайымдауынша, кітап оқу әлі де жаппай сипат ала қойған жоқ. Бұл үрдіс әзірге тек жастар мен жасөспірімдер арасындағы өтпелі сән (тренд) ретінде көрініс тауып жатыр.


Зерттеулер парадокс тудырып отыр. Адамдардың бір бөлігі әлеуметтік желілермен бәсекелесе алмай, аз оқитын болған, ал екінші бөлігі, керісінше, әлеуметтік желілердің арқасында кітапқа оралып жатыр.


Қазір романтика, фэнтези, young adult және мемуар жанрлары ерекше танымал. Авторлар кітаптарды визуал контентпен, кеңестермен, эмоциямен ұсынса, олар тез танымал болады. Ал классика мен күрделі нон-фикшн әзірге бұл жарыста артта қалып тұр.


Ләззат үшін кітап оқу кейінгі онжылдықтарда азайғанымен, адамдар мәтін оқуды тоқтатқан жоқ. Тек форматы өзгерді: хабарламалар, әлеуметтік желілер, мақалалар, тіпті кинодағы субтитрлер мәтіннің орнына келді. Ұзақ, жүйелі мәтіннің орнына қысқа үзінділер пайда болды, бірақ көлемі сол күйі сақталды. Бұл өзгерістер адамның ойлау қабілеті, қиялы және зейін қоюына қалай әсер етеді – сол әлі зерттеліп жатыр.

Бөлісу:

Адамдар шынымен көп оқи бастады ма, әлде кезекті тренд пе?