Медиа●Сән●Адамдар неге қайтадан мұрт қоя бастады?

Адамдар неге қайтадан мұрт қоя бастады?

4 шілде 2026
4 мин
Сальвадор Дали | Фото: Кинопоиск

Кеше ғана өткен күннің қалдығы саналып, кеңес дәуіріндегі үлкен кісілерді көз алдымызға әкелетін қалың мұрт қазір – ең сәнді образдардың бірі. Тіпті қазір актерлер, спортшылар, әншілер мен танымал блогерлер де жаппай мұрт өсіруге көшті, ал барбершоптар оның сан алуан үлгісін жарыса ұсынып жатыр. Tamga Media бұл үрдісті зерттеп, ерін үстіндегі қарапайым түктің қалай ерекше мәдени символға айналғанын анықтап көрді.


Мұрт неге қайтадан сәнге айналды?


Оның бірнеше себебі бар. Пандемия кезінде көп адам қырынуды қойып, сырт келбетін өзгертіп көргісі келді. Бірі сақал өсірсе, енді бірі мұрттың да сәнді көрінетінін байқады. Кейін карантин аяқталғанда, көбі сақалын алып тастағанымен, мұртын қалдырды.

Сонымен қатар қазір 70-80 жылдардың сәні қайта оралды. Ескі үлгідегі киімдер мен классикалық кроссовкалармен бірге, ерлердің бұрынғы шаш үлгісі де сәнге енді. Соның әсерінен мұрт қою ескінің белгісі емес, адамның стилін ерекшелеп тұратын әдемі деталь ретінде қабылдана бастады.


Бұған әлеуметтік желілер де әсер етті. TikTok пен Instagram-да жігіттердің барбершоптан кейінгі өзгерісі туралы видеолар миллиондаған рет қаралды. Ал танымал актерлер, модельдер мен музыканттардың суреттеріне қарап, басқа ер адамдар да мұрт қоюға қызыға бастады. Қазір мұртқа адамның сәнін келтіретін аксессуар ретінде қарайды.


Мұрт биліктің белгісі болған кез


XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында көбі мұрт өсіретін. Ол заманда қалың мұрт ер мінездің, күш пен қоғамдағы жоғары дәреженің көрінісі болды. Кезінде Еуропа әскеріндегі офицерлер, кәсіпкерлер мен ақсүйектер үшін мұрт қою – олардың қоғамдағы беделі мен мәртебесін көрсететін.


Адамның сырт келбетіне қарап-ақ, екеуара сөйлеспей тұрып көп нәрсені аңғаруға болатын еді. Ал ұқыпты қойылған мұрт иесінің салмақтылығын, өзіне сенімі мен толысқан азамат екенін білдіретін.


Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұрт қоюға көзқарас өзгерді. Сән үлгісі қарапайым бола бастады: ер адамдар көбіне бетін теп-тегіс етіп қырып тастайтын болды. Ал мұрттың кейбір түрі тіпті жағымсыз тарихи оқиғаларды еске түсіретін еді.


Мұрт қойған ең танымал тұлғалар


Сальвадор Дали 


Өзі мен шығармашылығы қандай танымал болса, мұрты да дәл сондай танымал болған басқа адамды табу қиын шығар. Испан суретшісі Сальвадор Дали мұртын өнерінің бір бөлігіне, өзінің басты белгісіне (визит картасына) айналдырды.


Суретші өзінің даралығын көрсету үшін мұртын тіп-тік жоғары қаратып қоюға сағаттап уақыт жұмсайтын.


Фридрих Ницше 


Неміс философы тек жазған кітаптарымен емес, ернінің үстін толық жауып тұратын үлкен, қалың мұртымен де танымал болды.


Замандастарының айтуынша, мұрты оның жүзін сұсты етіп, бейнесін ерекшелеп тұратын. Кейіннен мұртының танымал болғаны сонша, бүгінде «философ» сөзінің иллюстрациясы ретінде жиі қолданады.


Альберт Эйнштейн 


Кез келген адамнан Эйнштейнді көз алдына елестетуді сұраса, көбінің есіне бірден оның ұйысқан ақ шашы мен қалың мұрты түседі.


Ғалым мұртын ешқашан әдейі тегістеп, сәндеуге тырыспаған. Керісінше, оның осы бір ретсіз, табиғи қалпы бейнесіне ерекше сипат беріп тұратын. Өйткені ол өз шаш үлгісінен гөрі ғаламның қалай жаратылғанына көбірек бас қатыратын.


Теодор Рузвельт пен Иосиф Сталин 


Саясаткерлердің арасында да мұртымен танымал болғандар аз емес. АҚШ-тың 26-президенті Теодор Рузвельттің қалың мұрты оның белсенді, жігерлі образының ажырамас бөлігі болды.


Ал Иосиф Сталиннің мұртына ел мүлдем басқа көзбен қарады. Оның мұрты кеңес кезеңінің идеал басшысы бейнесін көрсету үшін арнайы ойластырылған деталь сияқты еді.


Алаш зиялылары  


Қазақ қоғамында да мұрт ер адамның сыртқы келбетінің, жинақылығы мен мәртебесінің бір белгісі саналды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының дөңгелек көзілдірігі мен ұқыпты қойылған мұрты оның елге таныс тарихи бейнесімен бірге есте қалды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы мен Мұхамеджан Тынышпаевтың суреттерінен де сол кезеңге тән мұрт үлгісін көруге болады.


Шоқан Уәлиханов


XIX ғасырдағы қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов та  жұқа, ұқыпты мұрт қойған. Ол Ресей империясының әскери ортасында білім алып, офицер шенін алғандықтан, сол кезеңдегі еуропалық стильді де ұстанған. Оның мұрты мен киім үлгісі қазақтың дәстүрлі ортасы мен жаңа заман ықпалын қатар көрсететін ерекше образ қалыптастырды.


Чарли Чаплин және мұндай мұрт үлгісінің біржола жоғалуы


Тарихтағы ең танымал мұрттың бірі Чарли Чаплинге тиесілі. Оның кішкентай, тік төртбұрышты қылшық мұрты кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл – оның әйгілі «Бродяга» кейіпкерінің образы еді. Актердің өзі айтқандай, бұл мұрт үлгісі кейіпкерді күлкілі етіп, бірден танылуға көмектескен, әрі оның бет-әлпет қимылын (мимикасын) да жасырмаған.


Өткен ғасырдың басында мұндай мұрт қою үлігісінің өте танымал болғаны қызық. Оны бүкіл Еуропа мен АҚШ-та мыңдаған ер адам қоятын. Қазақстанда да бұл таңсық емес еді, бұған Ілияс Жансүгіровті еске түсірсек те жеткілікті.


Бірінші дүниежүзілік соғыстың әсер еткенін екінің бірі біле бермейді. Ұзын мұрт газқағардың (противогаз) бетке тығыз тұруына кедергі жасағандықтан, сарбаздар оның екі жағын қысқартып немесе мүлдем алып тастай бастаған. Бір болжам бойынша, Адольф Гитлер де Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұртын осылай қысқартқан.


Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бәрі өзгерді. Мұрттың бұл үлгісі мәңгілікке неміс диктаторының символына айналды. Қазір мұндай мұртты тек тарихи фильмдер мен пародиялардан ғана көруге болады.

Том Селлек пен Фредди Меркьюри


70-80 жылдары қалың мұрт қоюды танымал тұлғалар сәнге айналдырды. Америкалық актер Том Селлек «Частный детектив Магнум» сериалынан кейін мұртты өзінің басты ерекшелігіне айналдырды. Шамамен дәл осы уақытта Фредди Меркьюридің де мұрты ел арасында қатты танымал болды. Queen тобының әншісі имиджін өзгерткенде, жанкүйерлері таңырқай қарады. Дегенмен оның карьерасындағы ең танымал бейнесі ретінде дәл осы образы қалды.


Movember науқаны


Мұрт тек сәнмен байланысты емес. Жыл сайын қарашада әлем бойынша Movember (Moustache – мұрт және November – қараша) акциясы өтеді. Ер адамдар простата мен аталық без қатерлі ісігіне, сондай-ақ психикалық денсаулық мәселелеріне назар аударту үшін әдейі мұрт өсіреді.


Бұл қозғалыс 2003 жылы Аустралияда достардың арасындағы қызық эксперименттен басталған еді. Кейін халықаралық қайырымдылық науқанына айналды. 20 жыл ішінде Movember түрлі ауруды зерттеу мен емдеуге жүздеген миллион доллар жинап берді. Дәл осы бастама мұрт өсіруге оң көзқарасты қайта қалпына келтіріп, жастар арасында танымал бола бастады.


Сән неге айналып келе береді? 


Мұрт қою үлгісінен-ақ сәннің уақыт өте қайталанып отыратынын анық байқауға болады. Қандай да бір стиль тым қатты танымал болып, адамдарды жалықтыра бастағанда, жұрт жаңа нәрсе іздей бастайды. Бірнеше жыл бұрын ғана сақал қою сән еді, ал қазір ер адамдардың көбі мұрт қоюға көшіп жатыр.


Бәлкім, бірнеше жылдан кейін бәрі қайтадан өзгерер. Бірақ бір нәрсе анық: мұрт енді ескіліктің белгісі емес. Керісінше, қазір ол өте сәнді әрі заманауи көрінеді.

Бөлісу: