EdTechITАдамдар камерасы бар көзілдіріктен неге қорқа бастады?

Адамдар камерасы бар көзілдіріктен неге қорқа бастады?

12 қыркүйек 2026
4 мин
Иллюстрация: Tamga Media | ЖИ

Көзілдірік таққан біреу сізге қарап тұр. Ол жай ғана қарап тұр ма, әлде сізді суретке түсіріп жатыр ма – білмейсіз. Қолында телефон болса, мұны аңғару оңайырақ еді. Ал камера көзілдіріктің жақтауына орнатылса, айырмашылықты сырт көз бірден байқай алмайды.  Ақылды көзілдірік төңірегіндегі бүгінгі пікірталастың өзегі – дәл осы.


Қазір Ұлыбританиядағы кейбір паб, мейрамхана мен театрларда мұндай құрылғыларды пайдалануға шектеу қойыла бастады. Себебі адамдарды бір сұрақ алаңдатады: бізді камера түсіріп тұрғанын қалай білеміз?


Камера енді көзілдіріктің ішінде


Ақылды көзілдірік әзірге жаңа технология болып көрінгенімен, оның қолданушылары күннен-күнге көбейіп келеді. Meta 2025 жылы 7 миллионнан астам Ray-Ban ақылды көзілдірігін сатқан. Яғни бұл бірнеше технология әуесқойы тағып жүрген эксперимент режиміндегі құрылғы емес.

Meta кейінгі нұсқаларының сырт көрінісін кәдімгі көзілдіріктен аса ерекшеленбейтіндей етіп жасады. Бірақ жақтауына камера, микрофон және динамиктер орнатқан. Соның арқасында телефонды қолыңызға алмай-ақ, көзілдірік арқылы фото мен видео түсіруге, музыка тыңдауға, қоңырау шалуға және Meta-ның жасанды интеллектіне сұрақ қоюға болады.


Кей нұсқасында 12 мегапиксельді камера және нақты уақытта аударма жасайтын функциясы бар. Көзілдірік суреттегі нысандарды танып, мәтінді аударып, айналадағы заттар туралы ақпарат бере алады.


Мысалы, шетелде жүріп, маңдайшадағы жазуды көрдіңіз делік. Телефонды шығарып, суретке түсірудің орнына көзілдірікке аударып бер дейсіз. Бұл туристерге немесе көзі нашар көретін нашар адамдарға ыңғайлы болуы мүмкін. 


Яғни технологияның пайдасы аз емес. Дегенмен мәселе оның басқа адамдарға қалай көрінетінінде.


«Ол мені түсіріп тұр ма?»


Бұрын көшеде біреу сізді суретке түсіріп жатса, оны байқау салыстырмалы түрде оңай еді. Адам телефонды қолына алып, камерасын сізге бағыттайды. Ал камера көзілдірікте болса, оны таққан адам сізге қарап тұр ма, әлде сізді түсіріп жатыр ма – аңғару қиындайды.

Meta бұл мәселені шешу үшін көзілдіріктің алдыңғы бөлігіне арнайы ақ жарық индикаторын орнатқан. Фото немесе видео түсіргенде жарық жыпылықтайды. Компанияның айтуынша, оны өшіру мүмкін емес: индикаторды жабуға немесе істен шығаруға тырысса, камера сөніп қалады.


Бірақ бұл шешім адамдардың күдігін толық сейілте алмады.


Өйткені көзілдірік таққан адам жай ғана көшеде келе жатуы, сізбен сөйлесіп немесе сізге қарап тұруы мүмкін. Камерасының дәл сол сәтте қосылып тұрғанын алыстан көру қиын. Осыдан кейін «Мені түсіріп жатыр ма?», «Бұл видео қайда кетеді?», «Менің келісімімсіз мені түсіруге бола ма?» деген сұрақтар туындайды.


Адам камераның бар екенін емес, камераның дәл қазір не істеп тұрғанын білгісі келеді.


Oxford университетінің Saïd Business School зерттеушісі Януш Свирчински де осы мәселеге назар аударған. Оның айтуынша, Meta-ның құпиялылық шаралары негізінен көзілдірікті тағып жүрген адамның қауіпсіздігіне бағытталған, ал камераға түсіп қалған адамдардың құпиялығы дұрыс ескерілмейді.


Бұл жай бос сөз емес


Мұндай алаңдаушылықтың нақты себебі бар. 2026 жылы Meta көзілдірігін пайдаланып, қоғамдық орындардағы әйелдерді олардың келісімінсіз түсіріп, видеоларынан контент жасап, интернетке жариялаған қолданушылар сынға ұшырады. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде «pervert glasses» деген жағымсыз атау да тарады.


Бұл жерде мәселе технологияның өзінде емес, оны қалай қолданатынымызда. Көзілдірікпен әдемі көріністі түсіруге, саяхаттағы қызық сәттерді телефон шығармай-ақ жазып алуға болады. Бірақ сол камера арқылы басқа адамды оның рұқсатынсыз жасырын түсіруге де болады.


Сондықтан сұрақ тек «көзілдірік не істей алады?» дегенде емес. Оның айналадағы адамдардың жеке өміріне қалай әсер ететіні де маңызды.

«Бірақ телефон да түсіреді ғой»


Бұл – орынды қарсы аргумент. Смартфон камерасы да біреуді келісімінсіз түсіруге мүмкіндік береді. Бірақ ақылды көзілдіріктің айырмашылығы – камераның адамның күнделікті әрекетіне бірігуінде. Ол бөлек құрылғы ретінде емес, адамның үнемі тағып жүретін аксессуары ретінде жүреді. Бұл кездейсоқ түсірілімнің ауқымын да өзгертуі мүмкін. Көшеде кездескен адам, кафеде отырған қонақ, дүкен қызметкері немесе жеке әңгімесін айтып тұрған таныс кадрға түскенін білмеуі ықтимал.


Ал камераға жасанды интеллект қосылса ше?


Ақылды көзілдіріктің мәселесі тек видеода емес. Кәдімгі камера бір нәрсені түсіреді. Ал ЖИ қосылған құрылғы сол кадрдағы ақпаратпен жұмыс істей алады. Мәтінді оқиды. Аударады. Нысанды таниды. Айнала туралы ақпарат береді. Яғни камера біртіндеп жай ғана «жазып алатын» құралдан адамның қоршаған ортамен әрекеттесетін интерфейсіне айналып келеді.


Бұл privacy (жеке өмір дербестігі) ұғымын да өзгертеді. Адам қоғамдық жерде жүргенде оны біреу байқап қалуы мүмкін екенін түсінеді. Бірақ байқап қалу мен адамның әрбір қимылын камера арқылы жазып алып, кейін оны ЖИ көмегімен өңдеу – бір нәрсе емес. Технология дамыған сайын осы екі ұғымның арасындағы айырмашылық ұлғая түсуі мүмкін.

Соттар неге көзілдіріктен қорықты?


Англия мен Уэльстегі соттардың 11 тамыздағы шешімі осы мәселені нақты көрсетті. Сот ғимараттарында фото және видео түсіруге шектеу бар. Смартфонды кіргізген адамға оны камера ретінде пайдалануға болмайтынын айтуға болады. Ал камера көзілдіріктің өзіне орнатылғанда, оны бақылау қиындайды. 


Бұған қоса сот процесіне қатысып жатқан адам көзілдірік арқылы сырттан нұсқау алуы мүмкін деген қауіп те көтерілді. 


Демек, соттар үшін мәселе тек жеке өмірге қатысты емес. Бұл – сот процесін бақылау мүмкіндігі туралы мәселе. Ескі ережелер жаңа технологияларды басқара алмай жатқаны осылай көрінеді.


Біз көрінбейтін камераларға үйренеміз бе?


Кез келген жаңа технология алғаш пайда болғанда оғаш көрінеді. Бір кездері көшеде телефонмен сөйлесу де қалыпты нәрсе емес еді. Кейін құлаққаппен сөйлесетін адамдарға үйрендік. Қазір камерасы бар телефонсыз өмірді елестету қиын.


Ақылды көзілдірік те біртіндеп қалыпты аксессуарға айналуы мүмкін. Бірақ бұл үшін технологияның жұмыс істегені жеткіліксіз. Қоғам оған сенуі керек. Демек, мәселе енді «мұндай көзілдірікті жасауға бола ма?» деген сұрақта емес. Негізгі сұрақ – онымен бірге өмір сүруге қоғам дайын ба?


Бәлкім, алдағы жылдары камерасы бар көзілдірік телефон сияқты қалыпты нәрсеге айналар. Бірақ оған дейін адамдар бір-бірін жасырын түсірудің не екенін, қай жерде камера қолдануға болатынын және кадрға түскен адамның қандай құқығы бар екенін қайта анықтауы керек.


Өйткені технология бізге камераны көзімізге тағып берді. Енді оның басқалардың көзіне қалай көрінетінін шешу ғана қалды.

Бөлісу: