EdTech●IT●Адам өмірден өткен соң аккаунты мен жеке деректерінің тағдыры не болады?

Адам өмірден өткен соң аккаунты мен жеке деректерінің тағдыры не болады?

28 қыркүйек 2026
5 мин
x
Фото: Tamga Media | ЖИ

2019 жылы Оксфорд университетінің ғалымдары таңғаларлық болжам жасады. Егер Facebook дәл қазір жаңа қолданушыларды тіркеуді тоқтатса, 2070 жылға қарай ондағы қайтыс болған адамдардың саны тірі қолданушылардан асып түседі. Ал егер әлеуметтік желі қазіргі қарқынмен өсе берсе, 2100 жылға қарай «өлі» профильдер саны 4,9 миллиардқа жетеді. Ең қызығы, бұл ауқымды цифрлық мұраны қалай реттеу керегін заң да, IT-алыптар да білмейді.


Иесіз қалған аккаунттардың тағдыры


Қазіргі Facebook қолданушыларының 98 пайызы ғасыр соңына дейін өмірден өтетінін ескерсек, интернет әлемдегі ең үлкен цифрлық зиратқа айналып барады.


Адам қайтыс болғанда оның парақшасы өздігінен өшпейді. Оны басқару құқығы компанияның қолында қалады. Бұл ретте техно-алыптар қандай шешім ұсынады?


Meta (Facebook пен Instagram) екі жолды ұсынады: аккаунтты толықтай өшіру немесе оны естелік парақшаға айналдыру. Екінші жағдайда профиль басқаларға ұсынылмайды, адам есімінің қатарында «Еске аламыз» белгісі пайда болып, жақындары марқұмға хабарлама қалдыратын виртуалды тақтаға айналады. Пайдаланушы көзі тірісінде парақшасына «цифрлық мұрагер» (legacy contact) тағайындай алады. Бұл адам парақшаға пост бекітіп, достыққа жіберілген өтінімдерді қабылдай алады, бірақ жеке хаттарды оқи алмайды. Сондай-ақ марқұмның атынан парақша жүргізіп, оны монетизациялауға немесе жарнама келісімшарттарын жасауға құқығы жоқ.


Google жүйесінде «Белсенді емес аккаунттар менеджері» деген құрал бар. Егер қолданушы аккаунты белгілі бір уақыт бойы пошта, фото және құжаттармен қолданбаса, не істеу керегін алдын ала ұсынады.


Apple жүйесінде өз Apple ID-і бар, жасы 13-тен асқан кез келген адамды «цифрлық мұрагер» етіп тағайындауға болады. Мұндай сенімді тұлғалардың санын беске дейін жеткізуге рұқсат.


Мұрагерлер жеке хаттарға қол жеткізген күннің өзінде, аккаунт контентіне толық иелік ете алмайды. Мәселен, Еуроодақтағы деректерді өшіру, экспорттау немесе жеке хаттарды оқу құқығы GDPR (Деректерді қорғаудың жалпы регламенті) заңымен бекітілген. Бұл тек адамның жеке басына ғана тиесілі құқық және ол адамның өлімімен бірге күшін жояды. Егер нақты бір елдің заңнамасында өзгеше жағдай қарастырылмаса, мұрагерлер бұл құқықты пайдалана алмайды.


Басқа елдердің тәжірибесі


Бұл саладағы ең елеулі сот прецеденті Германияда тіркелді. 2012 жылы 15 жастағы жасөспірім қыз жұмбақ жағдайда көз жұмған соң, ата-анасы қайғылы оқиғаның нақты себебін (өзіне өзі қол жұмсау немесе кибербуллинг) анықтау үшін оның Facebook-тегі жеке хаттарын оқуға рұқсат сұрайды. Алайда желі әкімшілігі өзге қолданушылардың құпиялылығын алға тартып, бұған үзілді-кесілді қарсы болады. Алты жылға созылған дау 2018 жылы Германияның Жоғарғы сотында ата-ананың жеңісімен аяқталды: сот цифрлық хаттар мен аккаунттар да қағаз күнделіктер секілді мұрагерлерге толықтай табысталуы тиіс деп шешті.


Ал Азия елдерінің бұл мәселеге көзқарасы мүлде басқаша. Олар цифрлық мұраға актив (қаржы) ретінде қарайды. Мәселен, Қытай заңнамасы 2017 жылдан бері виртуалды байлықты: ойын ішіндегі атрибуттардан тартып, Alipay және WeChat жүйелеріндегі капиталға дейін заңмен қорғалатын толыққанды мүлік ретінде таниды. Бұл активтер кәдімгі дүние-мүлік сияқты ұрпақтан ұрпаққа еш кедергісіз беріледі. 2020 жылы қабылданған жаңа Азаматтық кодексте бұл қағида одан әрі нақтыланып, заңды мұра тізіміне криптовалюта да енгізілді.


Азияның технологиялық алпауыттары бұл мәселеге келгенде дәрменсіздік танытып отыр. Мысалы, дербес деректерді қорғау заңына сәйкес, Оңтүстік Кореяда «жеке ақпарат» тек тірі адамдардың еншісінде. Яғни, адам демі үзілген сәттен бастап бұл заң оның виртуалды деректеріне жүрмейді де, цифрлық мұра мәселесі толықтай құқықтық вакуумда қалады.


Жапонияда цифрлық мұраны реттейтін арнайы заңнама әлі жоқ. Сондықтан кез келген дау әрбір платформаның ішкі ережелері мен пайдаланушылық келісіміне (Terms of Service) сәйкес шешіледі.


Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) болса, цифрлық активтер туралы арнайы заң қабылдаған санаулы елдердің бірі. Бұл құжат криптовалюта, электронды әмияндар, пошта, әлеуметтік желі аккаунттары мен бұлтты қоймаларды мұраға қалдыруға болатын толыққанды мүлік ретінде таниды. Мұсылмандардың цифрлық мұрасы шариғат нормаларымен бөлінсе, шетелдіктер мен өзге дін өкілдеріне Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) арқылы жеке өсиет қалдыру құқығы берілген. Алайда, мұнда бір үлкен заңдық кедергі бар: жаһандық платформалардың көбі өздері тіркелген елдің заңына бағынады. Сондықтан жергілікті өсиетхат IT-алыптардың ішкі саясатын автоматты түрде бұза алмайды.


АҚШ-та бұл сала штаттар деңгейінде қабылданған RUFADAA заңы арқылы реттеледі. Ол азаматтарға көзі тірісінде өзінің цифрлық мүлкіне иелік ететін сенімді өкілін алдын ала тағайындап кетуге мүмкіндік береді. Бірақ мұнда да мұрагердің нақты құқығы мен шешім қабылдау шегі көбіне сол платформаның ішкі ережелеріне тәуелді болып қала береді.


Қазақстандағы цифрлық мұраның тағдыры өзге посткеңестік елдердегідей: бұл саланы реттейтін толыққанды әрі арнайы заңнамалық база әлі қалыптаспаған. Дегенмен, отандық заңнама мүліктік құндылығы бар цифрлық активтерді заңды мұра қатарына жатқызады. Яғни, теориялық тұрғыдан алғанда, мұрагерлер марқұмның криптовалютасына немесе электронды әмиянындағы қаражатқа толықтай құқық талап ете алады.


Алайда, Республикалық нотариаттық палата төрайымы Әсел Жанәбілова атап өткендей, домендік атаулар немесе әлеуметтік желідегі аккаунттар сияқты виртуалды нысандарға қатысты бірыңғай құқықтық тәжірибе жоқ. Сондықтан іс жүзінде мұндай даулардың тағдыры нақты бір платформаның (IT-компанияның) ішкі шешіміне тіреледі.


Бұл ретте көршілес Қырғызстанның тәжірибесі назар аудартады. Осы 2026 жылы елде тіркелген электронды әмияндар саны 6,6 миллионнан асқан тұста, Қырғызстан мемлекеті электронды ақшаны ресми түрде заңды мұра құрамына енгізіп, нақты қадам жасады.


Сіз әлі тірісіз бе?


Заң шығарушылар цифрлық мұра мәселесін енді ғана талқылап жатқанда, IT-нарық оған әлдеқашан өз шешімін ұсынып үлгерді. Мәселен, Қытайда адамды еріксіз елең еткізетін «Сен тірісің бе?» атты қосымша жарыққа шығып, үлкен танымалдылыққа ие болды.


Оның жұмыс істеу алгоритмі өте қарапайым: бағдарлама қолданушыдан әр 48 сағат сайын өзінің тірі екенін растауды талап етеді. Егер адамнан ешқандай белгі болмаса, жүйе алдын ала көрсетілген сенімді адамдарға дабыл хабарламасын жөнелтеді.


Бастапқыда бұл стартап жалғызбасты және егде жастағы адамдарға арналып жасалған еді. Алайда, қосымша күтпеген жерден қытайлық жастар арасында трендке айналды. Неге? Себебі үлкен қалада жалғыз өмір сүретін жастар үшін «үйде өліп қалсам, мені ешкім таппай қалады-ау» деген қорқыныш кез келген заңнан да маңыздырақ болып тұр.


Бұл мәселеде жасанды интеллект не істеп жатыр?


Адам өмірден өткен соң, оның дауысы мен бейнесін нейрожелі арқылы қайта тірілтіп, «сөйлету» қаншалықты заңды? Бүгінде технология марқұмды жай ғана еске алумен емес, оның атынан су жаңа авторлық контент өндіруге көшкен. Бұл этикалық тұрғыдан құқықтық мәселеге ұласа бастады.


Осыған қатысты маңызды сот ісі 2024 жылдың қаңтарында болды. Подкастерлер Уилл Сассо мен Чед Култген YouTube-те «Өлгеніме қуаныштымын» деген атаумен бір сағаттық видео жариялады. Ол 2008 жылы қайтыс болған комик Джордж Карлиннің жасанды интеллект генерациялаған стендап-концерті еді.


Авторлар Карлиннің көзі тірісіндегі мыңдаған сағаттық бейнематериалдарын нейрожеліге жүктеп, оның тембрі мен өзіндік сатиралық мәнерін айнытпай жасап шығарған. Кейін бұл жасанды видеоны комиктің «жаңа туындысы» ретінде нарыққа ұсынады.


Алайда, Карлиннің заңды мұрагерлері дереу сотқа шағым түсірді. Олар подкастерлердің бұл әрекетін «марқұмның жеке тұлғасы мен беделін коммерциялық мақсатта қолдану» деп бағалап, комиктің дауысы мен интеллектуалдық мұрасы рұқсатсыз қолданылғанын мәлімдеді.


2024 жылдың сәуірінде тараптар бір шешімге келді. Видео барлық платформадан өшірілді, ал жауапкерлерге Карлиннің мұрагерлерінің жазбаша келісімінсіз оның дауысын, бейнесін немесе сыртқы келбетін енді қолдануға тыйым салынды.


Бұл оқиға кездейсоқ емес еді. Бұған дейін аталған подкастерлер америкалық футбол жұлдызы Том Брэдидің ЖИ-генерацияланған көшірмесін жасап, желіге жүктеген болатын. Яғни, дипфейк технологиясын алдымен көзі тірі жұлдыздарға сынап көрген авторлар, кейін «ешқандай жауап қайтара алмайды» деген оймен марқұмдардың цифрлық бейнесіне ауыз сала бастаған.


Бірақ бұл атышулы дау АҚШ-та бір жылға жуық талқылауда жатқан тарихи құжаттың қабылдануын жеделдетті. 2024 жылдың наурызында Теннесси штаты алғаш болып «ELVIS Act» (Элвис заңы) құжатын бекітті. Бұл заң адамның дауысын оның есімі, фотосуреті және сыртқы келбеті сияқты заңмен қорғалатын дербес атрибут ретінде таниды.



Ең бастысы, бұл құжат тек Голливуд жұлдыздарын ғана емес, дауысы мен бейнесі коммерциялық мақсатта рұқсатсыз қолдану кез келген қарапайым азаматты қорғайды. Сонымен қатар, ол марқұмның заңды мұрагерлеріне де осы құқықтарды талап етуге толық мүмкіндік береді. Яғни, заң тұрғысынан бұдан былай тек әлеуметтік желідегі аккаунт қана емес, адамның дауысы мен бет-әлпеті де мұрагерлік құқықтың толыққанды нысанына айналды.


Теннесси бастамасынан кейін бұл идеяны АҚШ-тың басқа штаттары да қолдай бастады. Елде бұл мәселені толық реттейтін федералдық заң әлі жоқ болғандықтан, 2025–2026 жылдары бірнеше штат қайтыс болған адамның дауысын немесе бейнесін ЖИ көмегімен жасалған контентте қолданбас бұрын құқық иелерінің не мұрагерлерінің нақты келісімін талап ететін өз заң жобаларын ұсынды.


Қорытындылай келе, әлемнің басым бөлігінде марқұмның цифрлық тағдырын мемлекеттің заңы емес, IT-корпорациялардың пайдаланушылық келісімі (User Agreement) шешеді. Бұл ережеге бағынбайтын санаулы мемлекеттер қатарына Германия мен Қытай кіреді.


Ал Қазақстанды қоса алғандағы басқа елдерде мұндай құқықтық нормалар әзірге қағаз жүзінде ғана. Сондықтан заң шығарушылардың жаңа шешімін күтпей-ақ, өз виртуалды мұраңызды қорғаудың ең оңай жолы – Google, Apple немесе Facebook-те «цифрлық мұрагерді» алдын ала белгілеу жеткілікті.


Бұған небәрі бес-ақ минут уақытыңыз кетеді. Ал егер мұны істемесеңіз, сіздің жеке хаттарыңыз бен фотоларыңыздың кімге бұйыратынын заң емес, IT-компаниялардың бақылаушы алгоритмдері шешіп тастайды.

Бөлісу: