Ойын-сауықМузыкаАдай, Ерке сылқым, Сарыарқа: әйгілі күйлердің аңызы

Адай, Ерке сылқым, Сарыарқа: әйгілі күйлердің аңызы

26 мамыр 2026
5 мин
Фото: Wikipedia

Қазір тойға барсаңыз, ұлттық киім киіп, домбыра асынып отырған музыканттарды жиі көресіз. Той басталып, қонақтар тілек айтады. Сол кезде фон ретінде күй қосылады. Ет тартады – тағы күй ойнайды. Бірақ ол күйдің қандай шығарма екеніне, не айтқысы келетініне көп адам мән бере бермейді. Бастысы – жылдам, құйындата орындалса болғаны. Кейін күй дастарқан басындағы әңгімеге, асабаның дауысына араласып, көп жағдайда елеусіз қалып қояды. Осыдан кейін «біз қазір күйді шынымен тыңдап жүрміз бе, әлде жай фон ретінде қабылдаймыз ба?» деген сұрақ туады.


Күйтанушы Рүстем Нұркеновтің айтуынша, бүгінде күй тойда ғана емес, әуежайда, сауда орталықтарында да жиі қойылады. Соның әсерінен адамдар күйді жеке өнер туындысы емес, жай әуен ретінде қабылдай бастаған.

«Қазір көп адам күй тыңдаса, аттың шабысын, даланы немесе жайлауды елестетеді. Бірақ әр күйдің өз тарихы, өз аңызы бар. Бұрын адамдар күйді атымен емес, аңызымен таныған. Күйді тыңдап, түрлі образ ойлап тапқан», – дейді күйші.


Екіншіден, қазір күйдің мағынасына емес, шоуға көбірек көңіл бөлінетінін айтады.

«Жақында тойда Құрманғазының “Түрмеден қашқан” күйі қойылып жатқанын көрдім. Күйдің атауының өзі бәрін айтып тұр ғой. Қазір мыңдаған адам жиналып күй тартып, рекорд жаңартып жатыр. Бұл шоу ретінде жақсы шығар, бірақ күйді түсінуге көмектеседі деу қиын», – дейді Рүстем Нұркенов.


Мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбай Астанадағы “Сандық” мейрамханасындағы бір залға “Жазғы қайғы” деп атау бергенін сынға алды. Жазушы бұл Тәттімбеттің күйі екенін айтады.

«Жазда қазақтар жайлауға көшеді. Сол кезде жер, су үшін төбелес басталады. Ал Тәттімбет би болғасын сондай дау-дамайды көп көрген. Сол кезде жаз шыққанда қазақтың осындай төбелесі әбден шаршатты деп “Жазғы қайғы” деген күй шығарды», – дейді Зира Наурызбай.


Осы орайда тойда орындалатын және музыкалық фонға айналған біршама күйдің аңызын жазуды жөн көрдік.


Құрманғазының «Адайы» қалай шыққан?


Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйінің шығу тарихы туралы бірнеше аңыз бар. Бұл туралы Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» кітабында жазады. Алғашқы аңыз бойынша, Құрманғазы Адай еліне қонаққа барған кезде үйдегі домбырашы қызбен күй тартысына түседі. Сол сәтте қыз «Адай» күйін орындаса, Құрманғазы «Серпер» күйін тартқан дейді. Бұл әңгімені Ахмет Жұбановқа Дина Нұрпейісова айтып берген екен.


Екінші аңыз бойынша, Құрманғазы жолда келе жатып, саны аз адай сарбаздарының өздерінен әлдеқайда көп түрікмен жасағымен шайқасқалы жатқанын көреді. Сол кезде адайлар айлаға көшіп, аттарының құйрығына тулақ байлап шабады. Соның әсерінен қалың шаң көтеріліп, қарсы жаққа үлкен әскер келе жатқандай көрінеді. Мұны көрген жау шегіне қашады. Адайлардың батылдығы мен тапқырлығына тәнті болған Құрманғазы «Адай» күйін шығарған деседі.


Ал Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» кітабында басқа нұсқаны келтіреді. Онда Құрманғазы жас кезінде Адай руының қызына ғашық болып, бірақ қыздың шешек ауруынан қайтыс болғаны айтылады. Осы қайғыдан күйші «Адай қыз» деген күй шығарған деседі. Бұл әңгімені ғалым ел ішіндегі көнекөз қариялардан естігенін жазады.

Сүгірдің «Аққу» күйі трагедиялық махаббат туралы


Бір жігіт су бетінде жүзіп жүрген бір топ аққуларды көреді. Сол сәтте аққулар ұшып кетіп, жалғыз аққу қалып қояды. Ол сұлу қызға айналып, әлгі жігітпен көңіл жарастырып отау құрады. Арада біраз жылдар өтеді. Олардың ұлы дүниеге келеді. Бір күні қыз аққулардың ұшып бара жатқанын көреді. Өзінің өткен шағын сағынған қыз аққуға айналып ұшып кетеді. Жігіт баласымен шарасыз халде қалып қояды. Сүгір осы аңызға сүйеніп «Аққу» күйін шығарған деседі. Бұл аңызды «Шежірелі құлақ күй» бағдарламасында күйші Айтолқын Тоқтаған айтып берді.

«Түрмеден қашқан» – бостандықты аңсаған күй


Қазақ музыкасын толық білмесе де, әнші-күйшілерді көп тыңдап жүрген түрмедегі тұтқын Лавочкин Құрманғазы Сағырбайұлы тартқан күйді тыңдап, алған әсерімен бөліседі. Ол күй ортасындағы ат шабыс ырғағы күйшінің анасына сағынышы мен қашу ойын аңғартатынын айтады. Бұл пікір Құрманғазыға ұнап, екеуі музыканың әсері жайлы әңгімелеседі.


Сол кезде Лавочкинге шешесі келіп, тамақтың ішінде жасырылған болаттан жасалған араны береді. Тұтқын жағдайды Құрманғазыға айтып, екеуі қашу жоспарын құрады. Өздеріне көмектесетін күзетшімен келісіп, түнде кісендерін кесуге дайындалады.


Жоспар дайын болғанда, Құрманғазы тағы күй тартады. Лавочкин оны «қашуға арналған күй екен» деп әзілдеп, әлде біреудің біліп қоюынан сескеніп тоқтатады. Осылай, күй «Түрмеден қашқан» деп аталып кетеді.

Құрманғазының «Сарыарқа» мен Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйі туралы


Аңыз бойынша, бірде Құрманғазы Сағырбайұлы түрмеден қашып шыққан сапарында Арқа жеріндегі әйгілі күйші Тәттімбет Қазанғапұлының ауылына соғады. Екі өнер иесі жүздесіп, сіз-біз десіп күй тартып, біраз уақытын бірге өткізеді. Қуғын-сүргінде жүрген Құрманғазы Тәттімбеттің кең пейіліне дән риза болып, сағынып келген даласына көзі тоймай «Сарыарқа» күйін шығарып, сый ретінде тарту етеді. Бұл күйді тыңдап, ерекше әсерге бөленген Тәттімбет те құрмет ретінде «Көкейкесті» күйін дүниеге әкеліп, оны Құрманғазыға арнайды. Осылай, екі ұлы күйші бір-біріне шығармашылық тарту жасап, өнер арқылы сыйластықтарын білдірген екен.

«Ерке сылқым» күйі – ғашығына қолы жетпеген жігіттің сезімінен туған күй


Жігіт көрші бойжеткенге ғашық болса да, сезімін жеткізе алмай жүреді. Бір күні қызға өзге ауылдың адамдары құда түсіп келеді. Жігіт қызды алып қашамын деп, бірақ оған батылы бармайды. Ақыры сүйгені өзге жанға кетіп, айтылмаған махаббат сезімі күйге айналып жарыққа шығады. «Ерке сылқым» – қазақ аруының сұлулығын, кербез қылығын, бір сөзбен айтқанда, тұтас бекзат болмысын қос ішектің күмбіріне сыйдырған күй. Күй авторы Әбдімомын Желдібаевтың айтуынша, күйдің кейіпкері – өмірде бар адам.

«Күйді шығарғаным сол еді, оны игере алмай қалдым. Ел-елге тарап кетті. Әркім білгенінше тартты», – дейді Әбдімомын Желдібаев.


Осы күйдің кейіпкеріне арнап 2011 жылы Шу қаласында ескерткіш орнатылған.

«Көңіл толқынының» астарында ауыр қайғы жатыр


Секен Тұрысбеков бұл күйі туралы «қасіреттен ғана қасиетті күй туады» деп айтады. Ол бұл шығарманы 1985-1987 жылдары шығарған. Сол кезеңде күйші қыздары Жанар мен Анардан қатар айырылып қалады. Бірі жол апатынан, екіншісі кенеттен көз тиіп қайтыс болады.


Қос перзентінен айырылу Секен Тұрысбекке қатты соққы болып тиіп, ол тұйықталып, терең қайғыға батады. Жан күйзелісі шегіне жеткен сәтте, ішкі мұң мен толқынысты күй арқылы жеткізіп, «Көңіл толқыны» туындысын дүниеге әкелген.

Той-томалақты жақсы көретін елміз ғой. Біз кең тараған күйлерге ғана шолу жасадық. Бәлкім, біз естімеген, бірақ той төрінде небір тарихы баянды махаббатқа, шынайы бақыт пен қуанышқа негізделген күйлер де қойылып жүрген болар.


Бірақ күйді тыңдау мәдениеті таяз екенін тағы айтамыз. Мүмкін, бізге той форматын қайта қарау керек шығар? Бәлкім, күйге арнайы уақыт бөліп, оның шығу тарихын айтып, халыққа тыңдату қажет болар. Өйткені күй – тек өткеннің мұрасы емес, ол бүгінгі ұрпаққа аманат жәдігер.

Бөлісу: