ӘлемдеЭкологияАбайлаңыз: кене маусымы басталды

Абайлаңыз: кене маусымы басталды

23 сәуір 2026
7 мин
Осторожно: сезон клещей
Фото: Shutterstock, Tamga Media

Алматыда көктем шыға сала жұрт тауға ағылады. Алайда биылғы сәуірдің басында-ақ кене шағып, медициналық көмекке жүгінгендер саны 300-ден асқан. Ал оның жартысынан көбі – балалар. Кене маусымы басталып кетті. Сондықтан «бара жатқан жерімізде кене бар ма?» деп емес, «үстімнен кене көрсем, не істеймін?» деп қамданған жөн. Tamga Media эпидемиолог мамандармен сөйлесіп, келесі жолы табиғатқа шықпай тұрып, білуіңіз керек маңызды жайттарды назарыңызға ұсынады.


Қай кезде және қай жерде сақтану керек?


Күн жылып, ауа температурасы +5°C-тан асқанда кенелер оянып, белсенді бола бастайды. Еліміздің оңтүстігінде олар наурыз айынан-ақ байқалса, Алматы мен Шығыс Қазақстанда сәуірде шығады. Әсіресе мамыр мен маусымда абай болған жөн – дәл осы уақытта адамдарды кене көп шағып, дәрігерге жүгінетіндер саны артады.


Ресми деректер бойынша, 2025 жылы тек Алматының өзінде 1729 адамды кене шаққан, оның 831-і – балалар. Ал жалпы республика бойынша жыл сайын 7 мыңнан бастап 15 мыңға дейін адам кене шағуына байланысты медицина көмегін алады.


Қауіп жоғары аймақтар:

  • Алматы қаласы мен облысы: тау бөктері, Тянь-Шань, Көкжайлау, саябақтар.

  • Шығыс Қазақстан облысы.

  • Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент: мұнда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын (КҚГҚ) жұқтыру қаупі бар.

  • Ақмола облысы: жағдайлар сирек болса да, тіркеліп тұрады.


Рафаиль Қыпшақбаев, эпидемиолог:

«Кенелер үшін шекара жоқ. Бұрын қауіпсіз деп саналған жерлер қазір эпидемиологиялық тізімге еніп жатыр. Тіпті маусымның өзі ұзарып, ерте басталатын болды. Климат өзгерген сайын кенелер бұрынға қарағанда тезірек бейімделіп жатыр. Қазір қыс жылы болып, көктем ерте келеді, соның салдарынан кенелер көбірек тірі қалады. Оған қоса кенелер ылғал әрі жылы жерде жақсы көбейеді. Кене тек тауда ғана емес, қала ішіндегі саябақтарда, тіпті үйіңіздің іргесіндегі шөпте де жүруі мүмкін. Қалада зиянкестерге қарсы мамыр-маусымда дәрі себілгенімен, бұл кенеден құтылдық деген сөз емес».


Кенеден келер кесір қандай?


Кененің бәрі бірдей індет таратпайды, көбі – жай ғана зиянсыз паразиттер. Алайда қай кененің қауіпті екенін көзбен қарап ажырату мүмкін емес, сондықтан кез келген жағдайға бейжай қарамаған абзал.


Қазақстанда кене арқылы жұғатын негізгі үш дерт бар:


Кене энцефалиті 


Жүйке жүйесін зақымдайтын вирус. Оның соңы мүгедектікке немесе ажалға апаруы мүмкін. 2025 жылы Алматыда екпе салдырмаған тұрғындар арасында осы дерттің төрт жағдайы тіркелді.


Боррелиоз (Лайм ауруы) 


Теріні, жүйке жүйесін, буын мен жүректі зақымдайтын бактериялық инфекция. Ауру дер кезінде анықталмаса, созылмалы дертке айналуы ықтимал. 2025 жылы Алматыда осы дертке шалдыққан екі адам анықталды.


Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) 


Осы үшеуінің ішіндегі ең қауіптісі әрі адам өліміне жиі соқтыратыны. Бұл дертті үй жануарлары мен жабайы аңдарда болатын кенелер таратады. Негізгі ошақтары – Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлері. 


Балжан Узенбаева, эпидемиолог:

«Науқастың қызуы көтеріліп келсе, біз әуелі оның қай жерден келгенін, малмен немесе кенемен жанасып-жанаспағанын сұраймыз. Өйткені КҚГҚ-ны кәдімгі тұмаумен шатастырып алу оңай. Бірақ мұнда әрбір жоғалтқан сағат адам өміріне қауіп төндіреді. Жамбыл, Түркістан немесе Қызылорда облыстарына жол тартсаңыз – КҚГҚ  ерекше сақтанатын қауіптердің тізімінде болуы шарт».


Қалай сақтану керек?


Ережелер өте қарапайым, бірақ көпшілік бұған атүсті қарайды. Шын мәнінде, үйден шықпай тұрып жасалған бірнеше минуттық дайындық қауіпті едәуір азайтады.


Киім-кешек

  • Ашық түсті киім: ашық түске жабысқан кене бірден көзге түседі.

  • Ұзын жеңді киім: шалбардың балағын шұлықтың немесе аяқкиімнің ішіне салған абзал.

  • Бас киім: орамал тағып немесе кепка киген жөн.

  • Жағасы тығыз жабылатын киім таңдаңыз.


Репелленттер 


Құрамында DEET (диэтилтолуамид) немесе перметрин бар арнайы құралдар – кенеге қарсы ең тиімді көмекші. Оны нұсқаулыққа сай терінің ашық жерлеріне және киімге себу керек. Ал лаванда, қалампыр немесе түрлі май сияқты халықтық әдістер кенеден толық қорғай алмайды.


Табиғаттағы тәртіп

  • Соқпақ жолдың ортасымен жүріп, қалың шөп пен бұталардан аулақ болыңыз.

  • Жерге, шөптің үстіне отырмаңыз, өзіңізбен бірге арнайы төсеніш немесе плед ала жүріңіз.

  • Кенелер бір метрге дейінгі биікте жүруі мүмкін. Олар ағаштан секірмейді немесе төбеден түспейді, керісінше, төменнен жоғары қарай жабысады.


Серуеннен соң нені тексереміз?


Кене бірден қадалмайды, ол өзіне қолайлы жер табу үшін бірнеше сағат бойы денеңізде өрмелеп жүруі мүмкін. Сондықтан үйге келген бойда денеңізді тексергеніңіз артық болмайды. 


Кене көбіне мына жерлерге жабысады:

  • Шаштың арасы мен желке тұсына;

  • Құлақтың артына;

  • Қолтық астына;

  • Шынтақ пен тізенің артына;

  • Шап аймағы және санның ішкі жағына;

  • Іш пен бел тұсына.

«Репелленттер мен киім тек қауіпті азайтуға ғана көмектеседі. Ал өзіңізді тексеру қауіптің алдын алады. Бастысы ерінбеу керек», – деді Рафаиль Қыпшақбаев.


Балаларды, әсіресе олардың шашы мен желкесін мұқият қарап шығыңыз. Үй жануарларын да назардан тыс қалдырмаңыз. Олар даладан кене әкелуі мүмкін, ал ол кене үй ішінде адамнан адамға оңай ауысады. Таудан немесе табиғаттан келген соң сырт киімді табалдырықта шешіп, бірден жоғары температурада жуып тастаған дұрыс.


Кене шағып алса, не істейміз? 


Ең бастысы, үрейге бой алдырмаңыз және «интернеттегі кеңестерге» сеніп, өз бетіңізбен әрекет етпеңіз.


Не істеуге болмайды:

  • Май, вазелин немесе лак жағудың керегі жоқ. Бұдан кене шықпайды, керісінше, ауру жұқтыру қаупі арта түседі.

  • Отпен күйдірмеңіз.

  • Жұлқып тартудан немесе езіп тастаудан аулақ болыңыз. Кененің тұмсығы тері астында қалып қояды.


Не істеу керек:

  • Жақын маңдағы медициналық пунктке бару қажет.

  • Дәрігерге бару мүмкін болмаса, кенені пинцетпен немесе арнайы ілмекпен (дәріханаларда сатылады) теріге барынша жақын жерден ұстап, бұрап шығару қажет.

  • Шаққан жерді антисептикпен сүрту керек.

  • Кенені тастамаңыз, оны талдауға өткізу үшін ішіне ылғал мақта салынған құтыға салыңыз. 


Алматыда кенені талдауға қайда өткізуге болады:


Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (БСНП), Орталық қалалық клиникалық ауруханасына (ЦГКБ), №4 Қалалық клиникалық ауруханасына, №7 Қалалық клиникалық ауруханасына, Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына өткізуге болады.


Кенеде инфекцияның бар-жоғын анықтайтын анализ шамамен 3 000 теңге тұрады.


Дәрігер көмегіне кене шаққан сәттен бастап төрт күннен кешіктірмей жүгіну қажет. Маманның нұсқауый бойынша сізге кенеге қарсы иммуноглобулин салады.


Шұғыл медициналық көмекке жүгінуді қажет ететін белгілер:

  1. Кене шаққаннан кейін бір-үш күн ішінде адамның дене қызуы көтеріледі;

  2. Шаққан жердің айналасында қызыл шеңбер пайда болады (бұл боррелиозға тән белгі);

  3. Адамның басы ауырады, әлсірейді, жарыққа қарай алмайды (сәуледен үрку);

  4. Жүрегі айниды, құсады, бұлшықеттер сыздап ауырады.

«Науқастардың 40-60%-ы алғашқы күндері емес, аурудың үшінші-бесінші тәулігінде, тіпті қан кете бастағанда бір-ақ келеді. Көбі дене қызуы мен сүйектің сырқырауын қарапайым тұмауға балап, мән бермейді. Бұл – өте қауіпті қате. Конго-Қырым қызбасы кезінд ең негізгі фактор – уақыт. Дәрігерге кеш көрінсе, салдарынан аурухана ішінде ауру тарап, медицина қызметкерлері мен басқа жақын адамдарына жұғуы мүмкін»,  –  дейді Балжан Узенбаева.


Ал Рафаиль Қыпшақбаевтың айтуынша, кене – өте айлакер паразит. Ол бірден сескендірмейді, керісінше, сақтықты ұмытып, қатеге бой алдыруыңа мүмкіндік береді. 

«Көбіне бәрі бір сценариймен өрбиді: адам кене шаққанын біледі, бірақ "әзірге ештеңе етпес, күте тұрайын" деп бейжай болады. Дәл осы "күте тұру" – дерттің асқынып, беті бері қарамай кетуіне себеп болатын ең қауіпті сәт», – дейді Рафаиль Қыпшақбаев.


Кенеге қарсы екпенің пайдасы бар ма?


Кене энцефалитінен сақтану үшін екпе салдырудың маңызы зор. Ал КҚГҚ мен боррелиозға қарсы вакцина әлі ойлап табылған жоқ. Қазіргі таңда Алматыда бельгиялық TicoVac вакцинасы қолжетімді. Екпені тұрғылықты жеріңіз бойынша кез келген емханадан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тегін салдыра аласыз. 


Ең әуелі екпені қауіп тобына жататын мамандар салдыруға тиіс:

  • Орманшылар, қорықшылар, фермерлер мен малшылар;

  • Геологтар, жол және құрылыс жұмысшылары;

  • Алматы облысының таулы аймақтарына, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарына жиі шығатын жандар.

«Алдын ала екпе алып үлгермесеңіз, жеделдетілген кестелер де бар. Бірақ мынаны ұмытпаңыз: екпе салдырған бойда бірден әсер етпейді. Көбі бірінші дозаны алады да, "енді маған ештеңе болмайды" деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Вакцинация – ұзақ процесс. Кене шағып алса, екпе салу мүмкін болмайды. Мұндайда уақытты жоғалтпай, дұрыс әрекет ету ғана маңызды», – дейді Рафаиль Қыпшақбаев.


Екпенің толық курсы үш дозадан тұрады. Қыста үлгермегендер үшін жедел сызба қарастырылған. Сонымен қатар кене шағудан сақтандыру полисін де қарастырып көруге болады. Ол талдау жасату, иммуноглобулин егу және қажет болған жағдайда емханаға жату шығындарын өтейді.


Әрине, бұл кенеден қорқып, тауға бармай қою керек деген сөз емес. Бастысы тиісті сақтық шараларын жасап, қалың киім киіп, репеллент себуді және үйге келген соң тексерілуді ұмытпаған жөн.

Бөлісу: