Ойын-сауықӘдебиетАбайды қайта оқу: қарасөздер жастар үшін неге әлі өзекті?

Абайды қайта оқу: қарасөздер жастар үшін неге әлі өзекті?

25 ақпан 2026
5 мин
Перечитать Абая: что сегодня нам могут дать «Слова назидания»
Абай Құнанбайұлы | Фото: creativecommons.org

Абай "Қара сөздерін" 140 жыл бұрын жазып кетсе де, қоғамда көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Адамдар әлі де "Мен кіммін?", "Өмірдің мәні неде?", "Қай жол дұрыс?" деген сұрақтарға жауап іздейді. Осы сауалдардың жауабын редакция Мұхит Төлегеновпен бірге Абай Құнанбайұлының еңбегінен табуға тырысты.


Психология және дін саласының ғылым докторы Мұхит Төлегенов Абайдың "Қара сөздерін" бүгінге дейін өзекті, өмірлік тәжірибеге бай құнды рухани мұра деп есептейді.


1. Қоғам мен адамгершілік құндылықтар

Абай қарасөзінде әділдік, ар-ұят, мейірім, махаббат сияқты жалпыадамзаттың құндылығы туралы айтқан. Ал ол көтерген мәселелер ешқашан жоқ болып кетпейді, тек форматын өзгертіп отырады. Мәселен, Абай қарасөздерінде жалқаулықты, жеңіл жолмен байлыққа ұмтылуды, мақтан мен даңққа тәуелді болуды сынаған. ХХІ ғасырда бұл қасиеттер жойылған жоқ, тек жаңа формаға ауысқан: адамдар несиеге өмір сүреді, тез байып кеткісі келеді, жалған мотивацияға сүйенеді. Ақын адам бойындағы жақсы қасиеттерді тану, өз-өзіңді жетілдіруге шақырады.


2. Өмірден өз орныңды табу


Абай қарасөздерін өмірінің орта тұсында жаза бастаған. Ақын бірінші қарасөзінде өмірдің мәнін ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, бала бағу, дін бағудан іздеп, соңында өз жолын жазудан тапқанын айтады. Ал қазір жастарды бұл сұрақтар ерте жастан мазалайды.

“Кей оқырман “Абай өмірден өз орнын таба алмай қиналған” деп ойлайды. Бірақ Абай өз миссиясын анық білген, тек оны жүзеге асыруға қоғамда кедергі болған. Мұны экзистенциялық ізденіс дейді. Ол “Мен кіммін?”, “Не үшін өмір сүріп жүрмін?”, “Өлгеннен кейін кім боламын?” деген сұрақтардан басталады. Абай да, Шәкәрім де, Толстой да осы кезеңнен өткен”, – дейді ғалым.


Адамды осындай ой мазаласа, бұл оның психологиясында бірнәрсе дұрыс емес деген сөз емес. Кез келген саналы адам ес білетін жасқа жеткенде осы мәселеге алаңдайды. Абай “Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар, қалан” деп әр адамның өмірде өз орны бар екенін көрсетеді.


3. Ақыл мен жүректің байланысын түсіну


Ал 17-қарасөзінде ақыл, қайрат және жүректің таласын суреттеп, соңында жүрекке билік береді. Жүрек – барлық жақсылық пен жамандықтың бастауы. Жүрек тазармай, қоғам да түзелмейді. Қазіргі психология саласы да осыны айтады. Оған қоса Тайм-менеджмент, мотивация, коучинг деп жүрген көптеген ұғымның түп-тамыры Абай сөзінде бар. Қарасөздер тек философиялық мәтін емес, қазіргі өмірде қолдануға болатын практикалық нұсқау бола алады.


Абайдың еңбегін қалай оқыған жөн?


Абайдың қарасөзін әр адамның жасына, өмірлік кезеңіне қарай түсіндіру керек. Мектептегі балаға бір қырынан, ал 30-40 жастағы адамға басқа қырынан жеткізген дұрыс. Абайдың сөзін, ойын өмірде көп жерде қолдануға болады. Қарасөздер – бүгінгі қоғамның ішкі бағдаршамы сияқты. Дайын жауап бермейді, бірақ өзіне дұрыс сұрақ қоюды, өз болмысын тануды үйретеді. 

“Абайдың шекпенін киюге тырысатындар көп, бірақ Абай – біреу-ақ. Абай “Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің, өзіңді өзің күзет” деген. Шығыс ойшылдары мен философтар, ақын-жазушылар өмірдің негізгі мәнін баяғыда-ақ түсіндіріп кеткен. Сол айтылған қағидалармен өмір сүрген жаңа нәрсе ойлап табуға тырысқаннан әлдеқайда оңай. Біз сол мұраны оқып, түсініп, соған қарап өзімізді түзегеніміз дұрыс болар”, – дейді ол.

Бөлісу: