EdTech●Ғылым●5 жақсы жаңалық: прогресс

5 жақсы жаңалық: прогресс

13 шілде 2026
4 мин
"Брюс Всемогущий" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Tamga media сіздер үшін үнемі бір тақырып төңірегіндегі 5 жақсы жаңалық тауып, бөлісіп отырады. Бұған дейін ғылым мен экология жайлы айтсақ, бұл жолы адамзаттың алға басып, жақсылыққа қарай бет алғаны туралы сөз қозғаймыз.


Безгек (малярия) паразиті ең қатты өршіген жерлерде азая бастады


2026 жылғы мамырда The Lancet журналы Африкадағы жағдайға қатысты маңызды зерттеу жариялады. Онда 2019 жылдан бастап Гана, Кения және Малави елдерінде балаларға безгекке қарсы салған екпенің нәтижесі көрсетілген. Дәрігерлердің ондаған жыл бойы көздеген нәтижесі осы еді: небәрі төрт жылда шамамен әрбір сегізінші бала ажалдан аман қалды. Мұндай көрсеткішке таңғалмауға болмайды.


Статистикаға қарап, жаңалық маңызын түсіну қиын шығар. Безгек паразиті кез келген вирусқа қарағанда әлдеқайда қауіпті, оны жою өте қиын. Ол үнемі құбылып отырады және адамның иммунитетінен тығылып үлгереді.


Осы себепті ғалымдар оның екпесін 40 жылға жуық іздеді. Басқа ешқандай аурудың емін бұлай ұзақ іздемеген. Алғашқы RTS,S екпесін 80 жылдардан бастап зерттесе, екінші R21 түрін жақында ғана Оксфорд ғалымдары жасап шығарды. Қазір балаларға салатын кәдімгі екпе болып көрінгенімен, оның артында бірнеше буын ғалымдарының еңбегі тұр. Олар еңбегінің жемісін ғылыми карьерасын аяқтағаннан кейін ғана көрді.


Қазір бұл бағдарлама Африканың 25 елінде бар. Ауру ең қатты асқынған 10 елдің тоғызында балаларға екпе салып жатыр. Шынайы өмірдегі нәтиже сынақ көрсеткіштерінен де асып түсті: Мысалы, 2024 жылы екпе егуді бастаған Буркина-Фасода маляриямен ауырғандар саны 10,8 миллионнан 7,3 миллионға дейін (үштен бірге жуық) азайды. Ал бес жасқа толмаған балалар арасында көрсеткіш 38% төмендеді.


Кішкентай кезінде шетінеп кететін қаншама баланың енді аман қалуға үміті бар. Емі жоқтай көрінген аурумен қазір күресуге болады.


Күн мен жел қуаты газды басып озды


2026 жылғы сәуірде энергетика саласында тарихи әрі ерекше сәт туды. Осы уақытқа дейін бірінші рет бір айда  күн мен желден алынған тоқ газға қарағанда көп өндірілді. Бұл тек бір елде емес, бүкіл әлемде осылай. Нақтырақ айтсақ, әлемдегі бүкіл тоқтың 22%-ы осы табиғи көздерден алынса, газдың үлесі 20% болды. Әрине, 2% айырмашылық үлкен болып көрінбеуі мүмкін, бірақ бағыттың дәл осылай ауысқаны маңызды. Өйткені мұндай жағдай бірінші рет болып тұр, бұл «жасыл» энергияның жаппай таралуына жол ашады.


Кейінгі бес жылды салыстырып қарасаңыз, нәтижеге таңғаласыз. 2021 жылғы сәуірде газды қазіргідей қолданғанымызбен, күн мен желден алынатын қуат бүгінгіден екі есе аз еді. Осы уақыт ішінде «таза» энергияның үлесі қатты өсті. Ең маңыздысы, адамдар күн мен желге отын тапшы болғанда амалсыз көшкен жоқ, бұл – көп жылғы тұрақты дамудың нәтижесі.


Негізі сәуір – рекорд орнатуға өте қолайлы ай. Көктемде Солтүстік жарты шарда жел тұрып, күн де жоғары көтеріледі, ал үйді жылыту мен салқындатуға сұраныс азаяды.


Озон тесігінің жамалуы


80 жылдары Антарктида аспанында үлкейіп жатқан озон тесігі табылды. Ал озон қабаты стратосферада орналасқан, ол бүкіл тіршілікті күннің зиян ультракүлгін сәулесінен қорғайды. Бұл қабат жұқарса немесе жоқ болып кетсе, адамдар тері қатерлі ісігіне шалдығады, жануарлар мен егін құриды.


Жағдайды түзеу үшін 1987 жылы Монреаль хаттамасы қабылданды. Онда озонды бұзатын зиян заттардан кезең-кезеңімен бас тарту көзделді. Сенесіз бе, қазір мұндай химиялық заттардың 99%-дан астамын мүлдем қолданбайтын болды.


Қызығы, ұзақ уақыт бойы ғалымдар озон тесігінің неге кішірейіп жатқанын нақты түсіне алмады. Тесік бірде үлкейіп, бірде кішірейіп тұрған соң, зиян заттарды шектеу әсер етті ме, әлде ауа райы себеп болды ма деген сұрақ туды.


2025 жылы осы сұраққа жауап табылды. Кезінде озон тесігін алғаш зерттеген ғалым Сьюзан Соломон озон қабатының қалпына келе бастағанын анықтады. Оның айтуынша, бұған табиғи құбылыстар емес, дәл осы зиян заттарды азайтқанымыз әсер еткенін 95% ақты көрсетіп берді.


2025 жылдың соңында Антарктида аспанындағы озон тесігі 90 жылдардан бергі ең кішкентай деңгейге түсіп, болжаған уақыттан ерте жамалды.


Озон қабатының 1980 жылдардағы деңгейіне жетуіне жолдың жартысы қалды. Ғалым Сьюзан Соломон 2035 жылға қарай аспанда ешқандай тесік қалмайды деп болжайды. Мемлекеттер бірлесе әрекет етіп, ғалымдардың сөзіне құлақ асса, оны шешуге де болды.


Қатерлі ісік беті қайтып келеді


Cancer Statistics 2026 баяндамасында ерекше мән беретін бір дерек бар. АҚШ-та қатерлі ісікке шалдыққан соң бес жылдан артық өмір сүретіндердің үлесі алғаш рет 70% болды. Салыстыру үшін айтсақ, 70 жылдардың ортасында бұл көрсеткіш 49% шамасында болатын. Осылай, жарты ғасыр ішінде емі жоқ дертке шалдыққандардың үштен бірі ауруды жеңіп, толық айығып кетті.


Әсіресе бұрын жазылуға ешқандай үміт болмаған ауру түрлерінің емделе бастағаны қуантады. Мысалы, қатерлі ісіктің ең қауіпті түрі меланомамен ауырғандардың аман қалуы ширек ғасырда 16%-дан 35%-ға дейін өсті. Емдеудің жаңа әдістері осындай нәтижеге жеткізді. Дәрігерлер адам ағзасының өзіне ісікті тауып, оны жоюды үйретті, сондай-ақ дәрілерді дәл ауру нүктесіне әсер ететіндей етіп жасап шығарды. Әрине, бұл дерт әлі толық жойылған жоқ және адам өлімінің екінші себебі болып тұр. Бірақ мыңдаған зерттеушінің көп жыл бойғы еңбегінің арқасында жағдай жақсы жаққа өзгерді.


Алдағы уақытта бұл аурудан қорқудың қажеті болмайтын күнге жетуіміз әбден мүмкін. АҚШ-тағы осындай нәтижелер бүкіл әлемде жағдайдың жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Қазір жер-жерде жаңа екпелер мен емдеу жолдары табылып, өлім жағдайлары азайып келеді.


Миллиардқа жуық адам таза су ішетін болды


Қауіпсіз ауыз су – бар кезде білінбейтін, ал жоқ кезде бәрін шешетін ең басты игілік. Біз сияқты интернеті бар, жағдайы жасалған адамдар үшін судың болуы – қалыпты жағдай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026 жылғы дерегі бойынша, тоғыз жыл ішінде (2015 жылдан бастап, 2024 жылға дейін) әлемде таза су ішіп отырған халықтың үлесі 68%-дан 74%-ға өскен. Сырт көзге құрғақ сан болып көрінгенімен, мұның артында 961 миллион (шамамен бір миллиард) адам тұр. Қазір олардың үйіне су келіп, кез келген уақытта қауіпсіз әрі таза су іше алады.


Бұл өзгерістің қай жерде болғаны өте маңызды. Су мәселесі әсіресе ауылдарда тез шешілді. Бұрын ауылдар қаладан артта қалып келсе, қазір мұнда суға қол жеткізгендер үлесі 50%-дан 60%-ға өсті. Үйде қолды сабындап жуу сияқты қарапайым тазалық деңгейі де тез тарады. Бұл көрсеткіш 66%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Әрине, алда жұмыс көп, таза су бәріне бірдей жеткен жоқ. Бірақ 10 жылға жуық уақытта тұтас құрлық халқындай адам таза су іше бастады.

Бөлісу: