Әлеуметтік желіде кәсіп еркін өмірдің, табысқа тез жетудің, бастықсыз жұмыс істеудің жолы сияқты көрсетіледі. Стартаптар, табысты кейстер, қымбат көліктер мен "нөлден бастадым" деген әңгімелер кәсіпкерлікті романтизациялайды. Сол себепті көптеген жас кәсіпкерлер бизнеске нақты есеппен емес, эмоциямен келеді: идея бар, демек бизнес те табысты болады деп ойлайды. Шын мәнінде, кәсіп тек идеядан емес, жүйеден басталады. Өйткені табысқа жеткен кәсіптің артында есеп, процесс, жауапкершілік және тәртіп жатыр.
Идея мен мотивацияға сеніп кәсіп ашқандардың бірі – Қайырлы Қадырұлы мен Нұрсұлтан Әділханұлы. Бірі Астанада автобөлшектер сататын, екіншісі телефон аксессуарлары дүкенін ашып, кейін кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған. Бұрынғы кәсіпкерлер өз тәжірибесіне сүйеніп, әлеуметтік желіде сирек айтылатын, жас кәсіпкерлердің жіберетін 5 қатені тізіп берді.
1-қате. Несие алып, кәсіп бастау
Қайырлы автобөлшектер сататын дүкенді студент кезінде ашқан. Ол кез келген нәрсені “нөлден” бастау қиын екенін түсініп, сауда-саттық саласына келмей тұрып, алғашқы капиталын жинап, бір жыл дайындалған.
Ал Нұрсұлтан “ең көзсіз тәуекел өзін-өзі ақтайды” деген үмітпен несие алып, дүкен ашқан. Оның “кәсібім тез дамып, табысты боламын да, несиені бірден жауып тастаймын” деген иллюзиясы қаржылай қысымға әкелген. Оның айтуынша, кәсіп бастамай тұрып, кемінде 6 айға жететін жеке резерв жинау қажет. Несие алғанда болашақтағы пайдаға сеніп емес, нақты кіріс пен шығынды қарап шешім қабылдау керек. Бизнес сәтсіз болса, не істейтінін алдын ала жоспарлауға тиіс.
2-қате. Нарықты зерттемей, ұнаған идеяны іске асыру
Қайырлы Қадырұлы ғарыштық техника және технология мамандығы бойынша білім алған. Кейін Ресейде көлік құрылысы, машина жасау мамандығы бойынша білім алған. Қазақстанда дүкен ашып, өзінің жеке білімі мен қызығушылығын қанағаттандырғысы келген. Әр клиентке майдың құрамын, сапасын және нарықтағы құны неге мұндай екенін түсіндіріп әлек болған.
“Уақыт өте, тұтынушыға көбіне көлігінің бөлшегін қаншаға және қаншалық тез ауыстыра алатыны маңызды екенін түсіндім. Бірақ оларға көлікке де махаббат керек екенін түсіндіре алмай, қынжылдым. Махаббатпен өмірге келген идеям күн сайын нарықтың құлына айналып бара жатқаны ұнамады”, - дейді Қайырлы.
Ал Нұрсұлтан кәсіп ашпай тұрып, өзі телефон аксессуарларын арнайы дүкенге барып, сатып алатын. Кәсіп бастаған соң, қазір клиенттердің көбіне онлайн сатып алған ыңғайлы екенін түсінген. Бірақ онлайн сауда-саттықтағы баға бәсекесіне төтеп бере алмаған.
“Клиенттердің бәрі мен сияқты ойлайды дегенім қате екен. Кейін нарықты зерттеп, қатемді түзеуге кеш қалғанымды түсіндім. Сондықтан кәсіп бастамай тұрып, кемінде 20-30 әлеуетті клиентпен сөйлесіп, пікірін білу керек. Идеяны толық дүкенде емес, минималды форматта тексерген дұрыс”, – дейді Нұрсұлтан.
3-қате. Қаржы жүйесінің болмауы
Көп адам жаңа кәсіпті қосымша табыс көзі деп қарайды. Шын мәнінде, кәсібінің қаржысы мен жеке ақшасын бөлек есептеген адам ғана нақты табыс көріп, анализ жасай алады. Қайырлының айтуынша, өз дүкеніңнен өзің зат алсаң да, оны ақшаға немесе қарызға алып, есебін жүргізу керек.
“Біз көбіне достарымызға, туыстарға, таныстарға жеңілдік жасаймыз немесе сыйлық ретінде зат береміз. Кейде тіпті “өзімнің дүкенім ғой” деп тегін беріп жатамыз. Соңында кәсіп банкротқа ұшыраса, себебін де, есебін де білмей қаламыз. Сондықтан судың да сұрауы бар екенін ұмытпай, әр ұсақ-түйекті де есептеу керек”, – дейді Қайырлы.
Нұрсұлтан кәсіп пен жеке шығынды араластырып, кіріс-шығыс есебін жүргізбей, резерві болмай, кәсібінің нақты жағдайын көре алмаған. Ол ай сайын қаржы анализін жасап, “пайда бар ма?” деп емес, “ақша қайда кетті?” деген сұрақ қою керек дейді.
4-қате. Фокустың болмауы, кәсіпке хобби деп қарау
Қайырлы университеттің соңғы курсында оқып жүріп автодүкен ашқан. Ол кезде кәсіптің есепшісі де, сатушысы да, кеңесшісі де өзі болған. Кейін магистратураға түскен соң, кәсібін тоқтатуға мәжбүр болады. Себебі дүкенді дәл өзі сияқты жүргізіп, барлық жауапкершілікті көтере алатын сенімді адам табылмаған. Ал әр маманды бөлек жалдау дүкеннің табысынан да көп шығын талап еткен. Осы тәжірибесіне сүйеніп, Қайырлы кәсіпті қосымша табыс немесе хобби ретінде қарастыру, барлық істі өз мойнына алу – жаңа бастағандардың жиі жіберетін қателігі екенін айтады.
Нұрсұлтан да кәсібін жалдамалы жұмысымен қатар жүргізген. Бұл уақыт өте келе қатты шаршаған, психологиялық тұрғыдан күйіп кеткен, кәсібіне сенімі азайған. Оның айтуынша, кәсіпке кемінде 6-12 ай, ең болмаса алғашқы кезеңде. толық назар аудару керек. Бір уақытта екі бағытты қатар алып шығамын деген сенім іс жүзінде нәтиже бермей, істің шашыратып жібереді.
5-қате. Шамадан тыс оптимизм
Әлеуметтік желіде, подкасттарда, семинар мен тренингтерде көбіне тек табысты кәсіпкерлердің сәтті кейстері көрсетіледі. Ал олардың қателері мен сәтсіздіктері туралы айтылмайды. Әрине, адамдарға мотивация қажет, ол кейде табысқа жетелейді. Бірақ бәрі бірден жүзеге асатынына сенбеу керек. Сондықтан кәсіп бастайтын адам көзсіз ертегіге сенбей, дағдарыс жағдайына алдын ала жоспар құруға тиіс.
Қайырлы мен Нұрсұлтанның кәсібінің тоқтауына себеп болған басты ортақ қате – болашақтағы қиын сәттерге нақты жоспардың болмауы. Табысты, танымал, бай болу әркімнің арманы, бірақ оған жету тек дұрыс стратегия құра білетін кәсіпкердің қолынан келеді. Олардың тәжірибесі – жай жас кәсіпкердің оқиғасы ғана емес, нарықта жиі кездесетін сценарий. Кәсіп бастау батылдықты талап етеді, бірақ одан да маңыздысы – дайындық, есеп және жүйелі ойлау.




