Мәдениет●Тарих●35 жыл: Республикамыз бағындырған белестер

35 жыл: Республикамыз бағындырған белестер

25 қазан 2026
8 мин
Фото: iStock

1990 жылдың 25 қазаны Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің бастауына айналды. Дәл осы күні Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, елдің өз тағдырын өзі айқындауына жол ашылды. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде жаңа кезеңге қадам басты. Содан бері 35 жыл өтті. Осы уақыт ішінде Қазақстан төл теңгесін енгізді, мемлекеттік шекарасын айқындады, ядролық қарудан бас тартты, жаңа астана тұрғызды, халықаралық ұйымдарға мүше болып, әлемдік дипломатияда өз орнын қалыптастырды. Спортшыларымыз Олимпиада төрінде ел туын көтерді, өнерпаздарымыз әлем сахналарына шықты, қазақстандық ғылым мен мәдениет жаңа белестерге ұмтылды.


35 жыл – тарих үшін қысқа мерзім. Бірақ Қазақстан үшін бұл тұтас бір дәуір. Tamga Media Республика күніне орай елдің осы жылдар ішінде жүріп өткен жолын айқындайтын ең маңызды белестерді жинады.


ҒАЛАМДЫҚ ДЕҢГЕЙ


Адамзат тарихына енген, әлемді өзгерткен оқиғалар

  1. Тәуелсіздік таңында полигонды жапқан жалғыз мемлекет

1991 жылы Қазақстан аумағында 1400-ге жуық ядролық оқтұмсық қалды, бұл әлемдегі ең жойқын арсеналдардың бірі еді. Еліміз ядролық державаға айналу мүмкіндігінен саналы түрде бас тартып, Семей полигонын жапты және арсеналды толықтай тапсырды. КСРО ыдыраған соң бұл қадамға Украина мен Беларусь та барғанымен, бәрін алғаш болып Қазақстан бастады. Әрі 40 жыл ішінде 456 ядролық жарылыс жасалған әлемдегі жалғыз сынақ алаңын тоқтатқан да біздің ел еді.

  1. Тәуелсіз мемлекеттің рәміздері бекітілді

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы бекітілді. Осылайша тәуелсіз мемлекеттің әлемге танылатын басты нышандары пайда болды. Қазір 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді.

  1. Төл теңге айналымға енді

1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді. Осы сәттен бастап Қазақстан дербес ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік алды. Ал 15 қараша бүгінде Ұлттық валюта күні ретінде аталып өтеді.

  1. Әлемдегі уранның 40%-ы – Қазақстандікі

Жер шарындағы кез келген атом электр станциясы қазақстандық шикізатпен жұмыс істеп тұр деуге болады. 2009 жылдан бері Қазақстан – ураннның ғаламдағы ең ірі өндірушісі. Әлемдік өндірістің 40%-ға жуығы бізге тиесілі. Франция, Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея – бәрі уранды Қазақстаннан сатып алады. 

  1. Иен далада жаңа елорда бой көтерді

1997 жылы қыста ауа райы минус 40 градусқа дейін аяз болатын Арқадағы шағын Ақмола қаласы ел ордасы атанды. Бүгінде Астана – зәулім ғимараттары, халықаралық қаржы орталығы мен жер үсті көлік жолы бар мегаполис. Қала халқы 270 мыңнан өсіп, миллионнан асып жығылды. 

  1. Тартылып кеткен теңіз қайта оралып жатыр

2000 жылдарға қарай Арал теңізі тұтас дерлік сарқылып, XX ғасырдың басты экологиялық апатына айналды. 2005 жылы Қазақстан Көкарал бөгетін салды. Екі жылдың ішінде Солтүстік Аралдың су деңгейі 3 метрге көтеріліп, балық оралды, балықшылар қайта іске кірісті. National Geographic бұл жайтты заманымыздағы санаулы экологиялық табыс оқиғаларының бірі деп атады. 

  1. COVID-ке қарсы төл вакцина жасалды

2020 жылдың желтоқсанында қазақстандық зертхана QazVac коронавирусқа қарсы ұлттық вакцинаны сынай бастады. 2021 жылдың ортасына қарай оны 6 миллион адам салдырды. Әлемде өз препаратын жасап шығарған он шақты ел ғана бар: АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан және Қазақстан. 

  1. ЖҰӨ 100 есе өсті

1991 жылы Қазақстанда төл валюта да, алтын-валюта қоры да, халықаралық танымалдылық та болған жоқ. 2023 жылға қарай ЖҰӨ $220 млрд-тан асты. Халықаралық валюта қоры деректері бойынша, халқы 10 миллионнан асатын мемлекеттер арасында Қазақстан өсім қарқыны жағынан әлемдік топ-20 ел қатарына кіреді. 

  1. Қазақстан халқы 20 миллионға жетті

2024 жылы Қазақстан халқының саны алғаш рет 20 миллионнан асты. Ел тәуелсіздігінің таңында, 1991 жылы халық саны 16,4 миллион еді. Тоқсаныншы жылдардағы көші-қон толқынына қарамастан, 35 жыл ішінде халық қатары 4 миллиондай жанға көбейді. Мәселен, Австралияда – 26 миллион, ал Нидерландта 17 миллион халық тұрады. 

  1. Киік саны 4 миллионға жуықтады

2000 жылдардың басында Қазақстанда киіктер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Браконьерлік популяцияны 97%-ға азайтып, бары-жоғы 21 000 басс қана қалған еді. Бүгінде олардың саны 4 миллионға жуықтайды, бұл 1974 жылғы тарихи рекордтан үш есе көп. Бүкіләлемдік популяцияның 90%-ға жуығы Қазақстанда мекендейді. 2024 жылы Altyn Dala табиғатты қорғау жобасы «экологиялық Нобель» саналатын Earthshot сыйлығын алды.

  1. 5 мың адам ұлттық киіммен жиналып, Гиннестің рекордын орнатты

2025 жылғы 22 наурызда Ақтауда қазақтың ұлттық киімін киген 5 мың адам бір жерге жиналып, Гиннестің дүниежүзілік рекордын орнатты. Рекорд арнайы «Қазақтың ұлттық киімін киген адамдардың ең үлкен жиыны» санаты бойынша тіркелді. Наурыз мерекесі кезінде Каспий жағалауында өткен шараға Маңғыстау тұрғындарымен бірге Қазақстанның өзге өңірлерінен де адамдар қатысты. Нәтижені Guinness World Records өкілдері ресми түрде тіркеп, Қазақстанға әлемдік рекорд сертификатын табыстады.

  1. Қазақ мәдениетінің 14 элементі ЮНЕСКО тізіміне енді

Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының 14 элементі ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Олардың қатарында домбыра күйі, айтыс өнері, асық ойыны, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, беташар және киіз үй жасау дәстүрі бар. Бұл – қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасының халықаралық деңгейде мойындалғанының бір көрінісі.


ЖЕРГІЛІКТІ ДЕҢГЕЙ


Орталық Азия мен ТМД-да алғашқы ел

  1. Орталық Азиядағы алғашқы көрме – EXPO-2017 өтті

Астана – Дүниежүзілік көрмені қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы шаһар. Жоба «Болашақ энергиясы» деген атпен өтіп, оған 115 мемлекет қатысты. Үш ай ішінде көрмені көруге 4 миллионнан астам мейман келді. Таңғаларлығы, осы тұста бүкіл Қазақстан халқының өзі 18-ақ миллион болатын.


  1. Еуразия орталығындағы ағылшын құқығы соты құрылды

«Астана» ХҚО –  тікелей Қазақстанда ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтін тәуелсіз соты бар бөлек юрисдикция. Өңірде мұндай сот басқа еш жерде жоқ. Осы орталық арқылы жүзден астам елдің компаниялары өзара келісімшарт жасайды, сондай-ақ бұл жерде арнайы бақылау аясында криптовалюта да еркін айналымда жүреді.  Ол Қазақстанның елордасы Астана қаласында құрылып, ресми түрде 2018 жылғы 5 шілдеде өз қызметін бастады.

  1. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне енген Орталық Азиядағы тұңғыш ел

2016 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы мүшелігіне өтті. Бұл – ұйым құрылғалы Орталық Азия мемлекеттері арасында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға. Кеңес құрамына бар-жоғы 15 мемлекет қана кіреді (бесеуі – тұрақты, он елі – тұрақты емес). Бұл орынға қол жеткізу оңай емес. Ол үшін Бас Ассамблеядағы елдердің кемінде үштен екі дауысын жинау шарт.

  1. Жеті жылда $4,3 млрд тартқан хаб

Astana Hub технопаркі 2018 жылы ашылған еді. Арадағы жеті жылда бұл орталық мыңдаған стартапқа жол ашып, оған мүше компаниялардың жалпы табысы 4,3 миллиард доллардан асты. Бүгінде бұл – салық жеңілдіктерін ұсынып, стартаптарды дамытатын әрі Таяу Шығыс пен Еуропа нарығына жол ашатын Орталық Азиядағы ең ірі IT-хаб.

  1. Цифрлық теңге – ТМД-дағы алғашқы жоба

2021 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық банкі CBDC – орталық банктің цифрлық валютасын сынақтан өткізіп келеді. 2023 жылға қарай пилоттық жобаға елдің ең ірі банктері қосылды. Қазақстан цифрлық ақшаның тұжырымдамасынан оны нақты іске қосуға көшкен әлемдегі алғашқы 20 мемлекеттің қатарына енді. 

  1. Қазақстандық спутник өртті ғарыштан бақылайды

KazSTSat – 2021 жылы ұшырылған Жерді қашықтан зондтау спутнигі. Ол мобильді байланысы жоқ аймақтардағы су тасқыны, өрт пен жер бедерінің өзгерістері туралы мәліметтерді беріп отырады. Оның негізіндегі мониторинг жүйесі Кремний алқабындағы технологиялық конкурстардың бірінде үздік 5 стартаптың қатарына кірді. 

  1. 3200 метр биіктіктегі түнгі трасса

2023 жылдың 26 наурызында Алматыдағы Шымбұлақ тарихи нәтиже тіркеді. Мұнда теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте түнгі тау шаңғысы трассасы іске қосылды. Бұл – жер бетіндегі жарықшамдар орнатылған ең биік беткей. Мәселен, Эверест тауының базалық лагері 5300 метр биіктікте орналасқан.

  1. ЮНЕСКО тізіміндегі 7 нысан

2026 жылға қарай Қазақстанның жеті бірдей тарихи әрі табиғи орны ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Оның ең соңғысы – Маңғыстаудың жерасты мешіттері мен киелі орындары тізімге осы 2026 жылы кірді. Мәселен, іргедегі Өзбекстанда мұндай 6 нысан болса, Қырғызстанда 3 нысан бар.

  1. Қазақ тілі Euronews желісіне енген Орталық Азиядағы алғашқы тіл болды

2026 жылғы 7 шілдеде Euronews Қазақстанда қазақ тіліндегі хабар тарату қызметін іске қосты. Осылайша қазақ тілі халықаралық арнаның жаһандық хабар тарату желісіне қосылған Орталық Азиядағы алғашқы тіл болды. Қазақтілді қызмет Euronews-тың 20-шы тілдік сервисіне айналды. Арнаның қазақ тіліндегі контенті теледидармен қатар цифрлық платформаларда да таратылады. Euronews бұған дейін Астанада өңірлік редакциялық хабын, Алматыда редакциясын ашқан еді.

  1. Қазақстандағы қонақүй Мишлен кілтін иеленді

2026 жылдың қыркүйегінде Michelin алғаш рет Қазақстанды мейманханалар нұсқаулығына қосты. Астана мен Алматыдағы бес қонақүй – The Ritz-Carlton Astana, St. Regis Astana, The Veil Hotel, The Ritz-Carlton Almaty және Tenir Eco Hotel  MICHELIN Key мәртебесін еншіледі. Одан бөлек, тоғыз мейманхана ұсынылатын нысандар тізіміне енді. Орталық Азиядан бұл гидке өзге бірде-бір шаһар ілікпеген. 


ЖЕКЕ РЕКОРДТАР МЕН ДАРА ТҰЛҒАЛАР


Адамдар, сандар мен нақты фактілер

  1. Бір салмақта қатарынан келген төрт Олимпиада алтыны

Жартылай орта салмақта (67 келі) Қазақстан боксшылары қатарынан төрт Олимпиада бойы ешкімге дес берген жоқ: Бақтияр Артаев (2004), Бақыт Сәрсекбаев (2008), Серік Сапиев (2012) және Данияр Елеусінов (2016) алтынды қанжығаға байлады. Әлемде мұндай салмақта үстемдік орнатқан басқа бірде-бір мемлекет жоқ. Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд Гиннестің рекордтар кітабына енді.

  1. Қазақстандық музыкант алғаш рет Grammy иеленді

Иманбек Зейкенов кезінде теміржолда еңбек етіп, бос уақытында әуен өңдеумен айналысатын. 2019 жылы ол Saint Jhn-ның «Roses» трегін орындаушының рұқсатынсыз-ақ, жай ермек үшін өңдей салады. Кейін бұл туынды ғаламторды жарып, миллиардтаған тыңдалым жинады. Ал 2021 жылдың наурызында 21 жастағы Иманбек Grammy марапатын иеленді. Бұл – ел тарихындағы тұңғыш жүлде әрі ТМД бойынша классикалық емес музыка бағытында алынған алғашқы сыйлық.

  1. Денис Тен салған сара жол: Шайдоров Олимпиада шыңын бағындырды

2014 жылы Сочиде Денис Тен қола жүлде алып, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада медалін еншілеген еді. Арада жылдар өтіп, 2026 жылдың ақпанында Италиядағы қысқы Олимпиадада Михаил Шайдоров турнирдің басты фавориті – америкалық Илья Малининді шаң қаптырып, алтыннан алқа тақты. Еліміз қысқы Ойындарға алғаш қатысқан сәттен бері бұл жеңісті зарыға күткеніне 32 жыл болды.

  1. Канн фестивалінің үздік актрисасы 

2018 жылы Самал Еслямова «Айка» фильміндегі шеберлігі үшін Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Мұндағы марапат мәртебесі жағынан актерлік «Оскардан» кем түспейді. Самал – әлемдік деңгейдегі бұл жүлдеге қол жеткізген тұңғыш қазақстандық актриса. Кейін ол Ресейдің «Ника» сыйлығын және Азия «Оскары» саналатын Asian Film Awards марапатын да қанжығасына байлады.

  1. Бибісара Асаубаева блицтен ең жас әлем чемпионы атанды

2021 жылы Бибісара Асаубаева 17 жасында шахматтың блиц түрінен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. Ол осы атақты жеңіп алған тарихтағы ең жас шахматшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.


  1. 6 октавалы сирек дауыс

Димаш Құдайбергеннің дауысы ең төменгі бастан ең жоғары сопраноға дейінгі алты октаваны еркін жетеді. Музыка зерттеушілері мен вокал мамандары мұндай сирек құбылыс әлем тарихында некен-саяқ екенін айтады. Оның АҚШ, Қытай және Жапонияда өткен жеке концерттерінде 20 мың адамдық орындарда ине шаншар жер болған жоқ.

  1. Бес Олимпиада медалін еншілеген ауыр атлет

Илья Ильин – қатарынан үш Олимпиадада топ жарған тарихтағы жалғыз зілтемірші: Пекин (2008), Лондон (2012) және Рио (2016) Олимпиадаларында дара шықты. Жалпы есебі бес рет Олимпиада тұғырына көтеріліп, әлем рекордын жеті мәрте жаңартты. Ол өз салмағында он жылға жуық уақыт бойы ешкімге дес берген жоқ.

  1. Алғашқы Паралимпиада алтынын әкелді. 

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында Зүлфия Ғабидуллина пара жүзуден алтын медаль жеңіп алды. Бұл — Қазақстанның жазғы Паралимпиада тарихындағы тұңғыш алтын жүлде. Осы жеңісімен ол елдің параспорт тарихында жаңа белес ашты.

  1. Бағасы 1 млрд доллардан асқан қазақстандық стартап

Алекс Машрабов 2023 жылы жасанды интеллект көмегімен видео жасайтын Higgsfield AI платформасын негізін қалады. 2025 жылы бұл стартап Andreessen Horowitz қорынан 50 миллион доллар инвестиция тартып, нарықтағы құны 1 миллиард доллардан асты. Бұл – отандық стартаптар тарихындағы алғашқы “сыңармүйіз”.

  1. Еңлік COLORS сахнасына шыққан алғашқы қазақстандық әнші болды

2026 жылғы қаңтарда қазақстандық әнші Yenlik (Еңлік Құрарбек) халықаралық COLORSxSTUDIOS музыкалық жобасына шыққан Қазақстанның алғашқы өкілі атанды. COLORS әлемнің әр түкпірінен жаңа орындаушыларды танытатын беделді музыкалық платформалардың бірі саналады. Бұған дейін оның студиясында Billie Eilish, Doja Cat, Jorja Smith секілді әлемдік орындаушылар өнер көрсеткен. Еңлік бұл сахнада қазақ тіліндегі заманауи музыканы халықаралық аудиторияға ұсынды.

  1. Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас сұрмергендердің үштігіне кірді

2025 жылғы 26 қарашада «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Копенгагенге» қарсы матчта гол соғып, УЕФА Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының үштігіне енді. Ол сол кезде небәрі 17 жас 106 күнде еді. Сәтпаевтан жас кезінде гол соққан тек «Барселонаның» футболшылары Ансу Фати мен Ламин Ямаль ғана бар. 2026 жылдың тамызында Сәтпаев ағылшынның «Челси» клубына ресми түрде ауысты. Лондондық клуб онымен 2033 жылға дейін келісімшарт жасасты. Қазір қазақстандық шабуылшы 2026/27 маусымын Англияның Чемпионшип лигасында өнер көрсететін «Бернли» клубында жалға өткізіп жатыр. Осылайша Дастан Сәтпаев небәрі 18 жасында Чемпиондар лигасының рекордтар тізіміне еніп қана қоймай, Англия футболындағы мансабын да бастады.

  1. Елена Рыбакина WTA тарихына енді

Елена Рыбакина – Қазақстан атынан әлемдік рейтингте (WTA) бірінші ракетка атағына қол жеткізген алғашқы теннисші. Бұған дейін қазақстандық спортшылардың ешқайсысы жекелей рейтингтің шыңына көтерілмеген.  Бұл тарихи жетістікке ол 2026 жылдың қыркүйегінде US Open турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін қол жеткізді. 14 қыркүйекте жаңартылған ресми рейтингте ол көш басына шықты. 

  1. Дастан Мұхамедрахым Қазақстан табиғатын миллиондаған адамға танытты

Қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым әлеуметтік желідегі қысқа видеолары арқылы еліміздің табиғатын халықаралық аудиторияға танытып жүр. Ол Бозжырадан Алтын-Емелге дейінгі көпшілік біле бермейтін табиғи орындарды ерекше ракурстан түсіріп, Қазақстанды заманауи туристік бағыт ретінде көрсетеді. 2025 жылы оның Қазақстан даласында түсірген видеосы Instagram-ның ресми парақшасында жарияланып, 37 миллионнан астам қаралым жинады. Ал 2026 жылы Дастан Каннда өткен WIBA Awards халықаралық сыйлығында «Әлемнің үздік тревел-блогері» атанды. Бүгінде оның Instagram-дағы аудиториясы 1,5 миллионнан асады. Оның роликтері арқылы Қазақстанның табиғаты мен туристік орындарын шетелдегі миллиондаған көрермен көреді.



Ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстан өзге мемлекеттер жүз жылда бағындыратын асулардан өтті. Бұл оқиғалар ресми баяндамалардан тыс қалғанымен, ел тарихының ең жанды әрі әсерлі беттеріне айналды. 


Tamga Media редакциясы отандастарымызды Республика күнімен құттықтайды! Әр шаңыраққа амандық, ырыс-береке тілейміз!

Бөлісу: