Ойын-сауықОқиға30 жыл тарихы бар GTA: Геймерлер жаңа бөлімін неге жылдар бойы күтуге дайын?

30 жыл тарихы бар GTA: Геймерлер жаңа бөлімін неге жылдар бойы күтуге дайын?

19 маусым 2026
3 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Әлемдегі ірі медианың басты бетіне жиі шығатын ойындар өте аз. Ал GTA-ның (Grand Theft Auto) жөні бөлек. Rockstar компаниясы GTA VI-дың алғашқы трейлерін салғанда, оны санаулы сағатта ондаған миллион адам көрді. Ал екінші видеосы тек ойын әлемінде емес, бүкіл шоу бизнесте рекорд орнатты. Оның үстіне, ойынның соңғы бөлімі 2013 жылы шыққан болатын. Шамамен 30 жыл ішінде GTA жай ойын емес, бүкіл әлемге танымал үлкен мәдениетке айналды. Tamga Media неліктен миллиондаған адам жаңа нұсқасын жылдар бойы сарыла күтетінін біліп көрді.


GTA туралы естімеген адам кемде-кем. Бірақ бұл аңыз ойынның алғашында мүлдем басқаша жоспарланғанын көбі біле бермейді. 90 жылдардың ортасында Rockstar North компаниясы Race'n'Chase деген атаумен кәдімгі жарыс ойынын дайындап жатады. Ойын Liberty City, San Andreas және Vice City сияқты ойдан шығарылған қалаларда өтуі керек еді. Кейін бұл жерлер бүкіл серияның негізгі орталығына айналды. Бір күні авторлар «жүргізуші көліктен түсіп кетсе қалай болады?» деп ойлайды. Осыдан кейін ойынға төбелес, атыс, көлік ұрлау мен қаланы еркін аралау мүмкіндігі қосылады. Бірінші Grand Theft Auto осылай пайда болды.


Алғашқы бөлімдері сәтті шыққанымен, нағыз төңкеріс 2001 жылы GTA III жарық көргенде басталды. АҚШ-тағы 11 қыркүйектегі теракті әсерінен авторларға ойын мазмұнын өзгертуге тура келді. Осылай, терроризмге қатысы бар бірнеше тапсырма мен кейіпкерді мүлдем алып тастайды.


Соған қарамастан GTA III өз уақытында ең көп сатылған хит ойынға айналды және кейінгі шыққан еркін аралайтын үлкен картасы бар ойындардың бастамасы болды. Ойыншылар тек белгілі бір тапсырмалармен шектелмей, бұл жолы тұтас бір қаланы алды. Қала ішінде еркін жүруге, миссияларды орындауға немесе жай ғана қыдырып жүруге болатын еді. 2000 жылдардың басы үшін нағыз фантастика еді.


Кейіннен шыққан GTA Vice City мен GTA San Andreas бұл серияны нағыз культке айналдырды. Ойын тек ішіндегі еркіндігімен емес, радиостанцияларымен, ондаған танымал саундтректерімен, теледидар, жарнама мен саясатты әжуалайтын пародияларымен қызық болды. Rockstar криминал хикаяны айта отырып, шынайы өмірді де керемет келемеждей білді. Содан болар, адамдар әлі күнге дейін нақты тапсырмаларды емес, сол кездегі ерекше атмосфераны еске алады.


San Andreas-пен бірге өскен буын


ТМД-дағы ойыншылардан «GTA-ның ең сүйікті бөлімі қайсы?» деп сұраса, көбі San Andreas-ты айтады. Бұл бөлім шықпай тұрып та ойын танымал болатын, бірақ дәл осы San Andreas оны нағыз мәдени үрдіске айналдырды. Rockstar тұңғыш рет бірнеше алып қаланы бір картаға сыйдырды. Оған қоса, кейіпкердің киімін ауыстыру, спортзалға бару, көлік сәндеу, джетпакпен ұшу, тіпті салмақ қосу сияқты қызықтарды қосты. 


Көбі бұл ойынды сағаттап ойнаса да, жаңа нәрсе шыға беретін бірінші қызық ойын еді.


Оның үстіне, 2000 жылдардың басын компьютер клубтарынсыз, қолдан жасалған арзан дискілер мен чит-код жазылған қағаздарсыз елестету мүмкін емес. Кодтарды достарына таратып, дәптерге көшіріп, жаттап алатын. Сауыт пен денсаулықты толтырып, ақша беретін әйгілі HESOYAM коды әлі күнге дейін көбінің есінде. 


Бірақ ойынның соңына дейін жеткендер аз еді. Себебі уақыттың көбі сюжетке қатысы жоқ нәрселерге кететін: танк ұрлау, велосипедпен зәулім үйден секіру немесе жай ғана радио тыңдап, қаланы аралап жүру.


Rockstar-дың ойын саундтректерін бөлек диск етіп сатқаны, тіпті кейіннен San Andreas ойыны басталғанға дейінгі оқиғаны көрсететін қысқа фильм де шығарды. Қазір мұндай дүниемен аудиторияны таңқалдыру қиын, десе де 2000 жылдардың ортасында бұл тәсіл ірі ойын компанияларында өте сирек кездесетін. Сондықтан миллиондаған ойыншы үшін San Andreas жай ғана ойын емес, балалық шақ пен жасөспірім кездің ұмытылмас бір бөлігі болды.


San Andreas-тан кейін Rockstar ойынды әлдеқайда салмақты әрі шынайы етіп, GTA IV шығарды. Ал бірнеше жылдан соң GTA V жарық көрді. Бұл тарихтағы ең көп сатылған әрі ең көп табыс әкелген бөлім болды. 


Жұрт неге GTA VI-ны 10 жылдан бері күтіп жүр?


Ойынның соңғы бөлімі 2013 жылғы қыркүйекте шыққан. Содан бері TikTok пен нейрожелі пайда болды, ойын консольдерінің бірнеше буыны ауысты. Тіпті қазіргі миллиондаған жаңа ойыншы өмірінде жаңа GTA-ның шыққан сәтін мүлдем көрмеген. Ойынның осыншама ұзақ кешігуіне GTA Online-ның танымалдығы себеп болды. Бұл онлайн режим Rockstar-ға жылдар бойы тоқтаусыз қыруар ақша әкелді. Содан кейін де компания жаңа бөлімді жасауға асыққан жоқ. 


Бірақ ойын ұзақ шықпаған сайын, жұрт оны соғұрлым тағатсыздана күтті. Кез келген сыбыс немесе мәлімет лезде үлкен жаңалыққа айналып жатты. Ал 2022 жылы интернетке GTA VI-ның алғашқы кадрлары шығып кетті. Бұл ойын тарихындағы ең ірі мәліметтердің тарап кеткен кезі еді. Басында көбі видео кадрларына сенбеді, кейін Rockstar бұл кадрлардың рас екенін айтты.


Қызығы, Rockstar ойынды күтіп сарылған фанаттардың көңілін басқа нәрсемен аулағысы келді. 2021 жылы олар GTA III, Vice City мен San Andreas-тың заманауи форматтағы нұсқасын (Definitive Edition) шығарды. Бірақ жұрт қуанудың орнына, ойынды сынады. Ойыншылар ішіндегі қателерге, біртүрлі графикаға ренжіді. Оларға бұл хит ойындарды жақсартамыз деп, жай ғана автомат фильтрден өткізе салғандай көрінді. Бір қызығы, жүрттың GTA VI-ны тезірек көргісі келген құлшынысы бұрынғыдан да арта түсті.


Дегенмен Rockstar-дың алдында қазір үлкен міндет тұр. Өйткені жұрт GTA VI-дан жай ғана кезекті бір жақсы ойынды күтіп отырған жоқ. Олар бұл жобаның технология жағынан мүлдем жаңа деңгейге көтеріліп, кезіндегі GTA III, Vice City, San Andreas пен GTA V сияқты жұртты қайтадан шынымен таңғалдырғанын қалайды.


Ойын шыққан сәттен-ақ жұрт оны талап алып кететіні анық. Дегенмен адамдар жаңа бөлімді тек көз тартар графикасы, соңғы технологиялары немесе еркін аралайтын үлкен әлем үшін күтіп жүрген жоқ. Бұл – баяғы мектептен келе салып San Andreas-ты қосатын, алдымызда чит-кодтар жазылған қағаз жататын уайымсыз шаққа аз уақытқа болсын қайта бару. Ол кезде біз үшін ең маңызды мәселе – ойынның миссиясын орындау немесе радионы қосып, қалада жай ғана қыдыру еді.

Бөлісу: