2026 жылдың жазы ыстық күндер мен демалыс уақыты ғана емес, киноға барудың нағыз марафоны болғалы тұр. Киностудиялар ең үздік туындыларын дайындап қойды: олардың арасында суперқаһармандар, қорқынышты кинолар, ескі хиттердің жаңа нұсқалары мен жалғасы бар. Маусым, шілде мен тамызда «Өте қорқынышты кинодан» бастап, «Өрмекші адамға» дейінгі үлкен премьералар жоспарланып қойған. Фильмдердің шығатын күні өзгеруі мүмкін, бірақ кейбірінің уақыты қазірден-ақ белгілі. Tamga Media осы жаздың ең қызық киноларын ұсынады.
«Әлем әміршілері» – үлкен экрандағы балалық шақ
Премьерасы: 4 маусым 2026 жыл.
Ескі мультфильмдер мен ойыншықтар арқылы танымал Хи-Мен хикаясы ақыры үлкен фильм болып шығады. Сюжет желісі Этерния ғаламшары үшін болған шайқас туралы. Мұнда сиқыр да, қылыштасу да бар. Фильм 80 жылдардың ерекше атмосферасын қазіргі жастардың талғамына сай етіп жеткізеді.
Бұл туынды бірден екі буынға арналған. Ол балалық шағы видеокассетамен өткен ересектерді де, заманауи графикаға үйренген балаларды да қызықтырады. Авторлар фильмді сұрықсыз фантастика етпей, комикстер сияқты ашық түстермен түсіруге уәде берген.
«Өте қорқынышты кино 6» – әзіл мен хоррор
Премьерасы: 11 маусым 2026 жыл.
Ағайынды Уайанстардың пародия жанрындағы аты аңызға айналған киносы оралады. Франшизаның соңғы бөлімінен кейін жаңадан шыққан қорқынышты кино мен триллер өте көп. Енді фильм авторларында келесі бөлімде әзілге арқау ететін дайын тақырыптар бастан асады.
Жаңа бөлімде де заманауи трендтерді мысқылдайды. Авторлар слэшерлерді (қанды қырғын киноларды), психологиялық хоррорларды және киносыншылар мақтайтын сәнді «интеллектуал хоррорларды» аямай күлкіге айналдырады. Желідегі қауесетке сенсек, бұл жолы TikTok-тағы қорқынышты видеоларға, true crime (шынайы қылмыс) подкастарына, тіпті сюжеті Zoom арқылы өрбитін киноларға да кезек келеді. Олардың да кемшіліктерін келемеждейді.
Фанттар бұл фильм алғашқы бөлімдер сияқты өте күлкілі болады деп үміттенеді. Өйткені ол кезде әзілдің шегі болмайтын, басқа киноларды әбден мазақ қылатын. Бұл – киноға достарыңмен бірге барып, тіпті өзің түсінбейтін тұстарына да қосылып күлетін сәт. Себебі комедия барысында бәрін өзі-ақ түсінікті етіп жеткізеді.
«Супергерл» – DC әлемінің жаңа қадамы
Премьерасы: 25 маусым 2026 жыл.
DC компаниясы өз киноларын жаңадан түсіріп жатыр. Жаңа «Суперменнен» кейін, оның қарындасы туралы жеке фильм шығады. Басты рөлді «Айдаһар үйі» (Дом Дракона) сериалының жұлдызы Милли Олкок ойнайды. Ал режиссер Крэйг Гиллеспи кейіпкердің мінезін барынша өжет, шынайы етіп көрсетпек.
Фильм “Woman of Tomorrow” комиксіне негізделген. Бас кейіпкер Кара Зор-Эл бұл жолы әлемді құтқаруды емес, өзінің ішкі реніші мен жан жарасын ойлайды. Сондай-ақ, жұрттың оны үнемі атақты ағасымен салыстыра беретіні де жанына батады.
Жанкүйерлер бұл кинодан үйреншікті махаббат хикаялары мен мінсіз кейіпкерді көрмейді. Сондықтан фильмді жұрт асыға күтіп отыр. Бірсарынды суперқаһармандардан шаршасаңыз, бұл туынды сізге жаңа мінезді кейіпкерді көрсетеді.
«Одиссея» – жаңа буынға арналған мифтер
Премьерасы: 16 шілде 2026 жыл.
Голливуд Гомердің әйгілі «Одиссеясын» шытырман оқиғалы кино етіп шығармақ. Бұл фильм туралы шу былтыр басталды. Мұнда ежелгі құдайлар, кемелер мен құбыжықтар – түгел болады. Бірақ авторлар хикаяны қазіргі көрерменге лайықтап түсірді. Басты назар кейіпкердің ерлігіне емес, оның үйге қайтар жолы мен артта қалған жақындарына аударылады.
Желіде актерлар мен киноның көрінісі қызу талқыланып жатыр. Көрермен бұл туындының жай ғана әдебиет сабағындай болғанын қаламайды. Жұрт құбыжықтардың бірсарынды емес, ерекше қиялмен бейнеленгенін күтіп отыр. Ал сыншылар мифті білмейтін жастарды қызықтыру үшін сюжеттің қаншалық өзгеретінін болжап әлек. Егер сізге көне аңыздардың заманауи блокбастерге айналғаны ұнаса, бұл фильмді жіберіп алмаңыз.
«Өрмекші-адам: Жаңа күн» – тағы да «жаңа» Питер Паркер
Премьерасы: 30 шілде 2026 жыл.
Жаңа фильм бүкіл әлем Питер Паркерді ұмытып, оның өмірі нөлден басталған тұстан өрбиді. Енді ол қарапайым жұмысты, қызыл масканы қатар алып жүріп, өмірін қайта құруға мәжбүр. Тіпті ең жақын адамдары да оның кім екенін білмейді.
Желідегі қауесетке қарағанда, бұл жолы ғарыштағы апаттар азайып, Нью-Йорк көшелеріндегі тіршілік көбірек көрсетіледі.
Кейіпкер «әлемді құтқарғанша пәтерақыны төлеу керек» деген сияқты күнделікті мәселелермен бетпе-бет келеді. Студия бұл бөлім мектептегі балалық шақты артқа тастап, әйгілі “Brand New Day” комиксінің стилінде, ересек форматта шығатынын айтты.
Желіде жұрт промо-суреттерді талдап, ескі кейіпкерлердің оралуын талқылап жатыр. Сонымен қатар бас кейіпкер өмірінің тағы да басынан басталғаны төңірегінде түрлі болжам бар.
«Оук-стрит шетінде» – тым-тырыс үрейге толы жазғы триллер
Премьерасы: 13 тамыз 2026 жыл
Кино оқиғасы тыныш қала маңында өрбиді. Мұндағы қылмысты тергеу кейіпкерлерді баяғыда жабылған істерге алып келеді. Ал оған қатысы бар адамдар өткен шақтың қозғалмағанын қалайды.
Студия сюжеттің құпиясын ашпай, қызықтырып отыр. Бірақ сырттай «мінсіз» көрінгенмен, әрбір екінші көршісі іштен тынған жұмбақ ауданның атмосферасын уәде етті. Триллер сүйер қауым бұл туындыны әйгілі «Жеті» (Семь) мен «Зодиак» фильмдерінің «жазғы нұсқасы» деп атап үлгерді. Тіпті режиссерлар бұл теңеумен әлі келісе қоймаса да, солай. Бұл кино – тек жеңіл экшен емес, адамды сескендіріп, үйге келгенде «есікті жаптым ба» деп қайта-қайта тексересіз.
«Астрал 6: олар осында» – танымал хоррор-бренд
Премьерасы: 27 тамыз 2026 жыл
Танымал хоррор франшизасының алтыншы бөлімі бұрынғыдай үй мен адам аяғы баспауы керек о дүниенің арасындағы қорқынышты шекара туралы. Бұл жолы авторлар басты назарды ескі кейіпкерлерден жаңа буынға аударған. Енді үлкендердің қатесі үшін жастар зардап шегеді.
Фанаттар «киноның қызығы қалмады-ау» деп уайымдаған еді. Бірақ жаңа трейлердегі қорқынышты кадрлар (сайтан) соңғы бөлімдерін көрмей кеткендерді де қайта еліктірді. Ең бастысы – студия бұл жолы компьютер графикаларын (CGI) азайтып, шынайы грим мен эффектілерге мән берген. Хоррор сүйер қауым мұны өздері үшін үлкен жеңіс деп бағалады.



