ӘлемдеҚаржы2026 жылы Қазақстанда кәсіп ашуға арналған қандай бағдарламалар бар?

2026 жылы Қазақстанда кәсіп ашуға арналған қандай бағдарламалар бар?

23 маусым 2026
5 мин
"Бизнесмены" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Шағын және орта бизнес Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Қазір бұл сектор елдің жалпы ішкі өнімінің 40%-ын қамтамасыз етіп, 4,7 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр.


Мемлекет кәсіп ашқысы келетін азаматтарға грант, жеңілдетілген несие, субсидия және кепілдік түрінде қолдау көрсетеді. Мәселен, 2025 жылы «Даму» қоры 11 мың жобаны 1,9 триллион теңгеге қаржыландырды. Ал «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылғалы бері 1 900-ден астам жобаға 511 миллиард теңге бөлінді. Алайда кәсіпкерлер үшін ең үлкен қиындықтың бірі – өзіне қолайлы бағдарламаны таңдау. Tamga Media 2026 жылы Қазақстанда бизнес бастауға және дамытуға арналған негізгі мүмкіндіктерге шолу жасады.


Жүйенің құрылымы: қолдаудың үш тармағы


Мемлекеттік қолдау үш негізгі бағытқа бөлінеді: 

  • Қаржылай қолдау – қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер, субсидиялар және кепілдіктер. 

  • Қаржылай емес қолдау – бизнес-жоспар әзірлеу, заңгерлік және бухгалтерлік кеңестер, тегін оқыту бағдарламалары. 

  • Инфрақұрылымдық қолдау – технопарктер, акселераторлар және коворкингтер. Бұл бағыт әсіресе IT-стартаптарға арналған.


Жүйедегі негізгі операторлар – қаржылай қолдау көрсететін «Даму» қоры және тегін кеңес пен оқытуды ұйымдастыратын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.


Құлаққа алтын сырға: «Даму» қоры кәсіпкерге тікелей несие бермейді. Ол банктер мен кәсіпкердің арасында делдал ретінде жұмыс істейді. Яғни әуелі кәсіпкер банкке өтініш береді. Банк жобаны мақұлдаса, кейін «Даму» қоры несие пайызын субсидиялайды. Нәтижесінде кәсіпкер банкке бастапқы жоғары пайыздың орнына төмендетілген мөлшерлемемен төлейді.


Кәсібін жаңадан бастағандарға арналған гранттар


«Еңбек» мемлекеттік гранты


Бұл – бизнестің есігін жаңа қаққандарға арналған ең оңтайлы мүмкіндік. Ең бастысы, алған ақшаны мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ. 

Кімдер қатыса алады:

  • жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;

  • көпбалалы отбасылар;

  • әлеуметтік осал топ өкілдері.

Негізгі шарттары:

  • «Атамекеннің» тегін оқу курсынан өтіп, сертификат алу;

  • бизнес-жоспар дайындау;

  • кемінде бір жұмыс орнын ашу.

Грант қаражатын құрал-жабдық сатып алуға, үй-жайды жалға алуға және айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға болады. Өтінімді business.enbek.kz порталы арқылы жіберуге болады.


Тегін оқу мен кеңес алу: «Атамекеннің» көмегі


Көп кәсіпкер елей бермейтін, бірақ өте пайдалы қолдау түрі бар. Бұл – кәсіпкерлікті қолдау орталықтары. Олар еліміздің барлық облыс орталығында, оған қоса Астана, Алматы, Шымкент пен Семейде істейді. Қызметі «бір терезе» қағидасы бойынша құрылған, яғни кәсіпкер барлық көмекті бір жерден ала алады. Мұнда:

  • кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін курстар өткізіледі;

  • бизнес-жоспар әзірлеуге көмектеседі;

  • қаржы, бухгалтерлік және салыққа қатысты кеңес береді;

  • заңгерлік қолдау көрсетеді.

  • кәсіпкерге қолайлы мемлекеттік бағдарламаны таңдауға көмектеседі.

Жұмыс істеп тұрған бизнеске арналған бағдарламалар


«Өрлеу» бағдарламасы


«Даму» қорының 2025 жылғы маусымда іске қосқан «Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Қазір банктерде коммерциялық несиенің жылдық пайызы 21-22%-ға дейін жетеді. Ал «Өрлеу» арқылы бұл мөлшерлемені екі есе төмендетіп, әлдеқайда арзан шартпен несие алуға болады.

  • мөлшерлеме – жылдық 12,6%;

  • мерзімі – 10 жылға дейін;

  • инвестициялық мақсаттарға – 7 млрд теңгеге дейін;

  • айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін.

Бағдарлама шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған. Толығырақ: damu.kz.


«Іскер аймақ»


Бағдарлама өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған және Астана мен Алматы қалаларын қамтымайды.

  • несие көлемі – 200 млн теңгеге дейін;

  • несие пайызының 40%-ын мемлекет субсидиялайды;

  • кәсіпкер төлейтін мөлшерлеме – жылдық 12,6%-дан төмен емес;

  • субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін;

  • «Даму» қоры қарыздың 80%-ына дейін кепілдік береді.

Басым өңірлер: Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары. Толығырақ: damu.kz білуге болады.


Пайыз мөлшерлемесін субсидиялау 


Бұл – өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы сияқты бағыттарға арналған сынақтан өткен тиімді құрал. 2024 жылдың өзінде 17 000-нан астам жобаға 1 триллион теңгеге жуық қолдау берілді.

  • Көлемі: 200 миллион теңгеге дейін.

  • Мерзімі: 3 жылға дейін.

  • Міндеттеме: бизнестің табысы инфляциядан төмен болмауы керек. Шарт бұзылса, субсидия тоқтатылып, ақша қайтарылады.

  • Толық ақпаратты damu.kz сайтынан білуге болады.

«Даму» кепілдігі 


Банк несиені мақұлдап, бірақ кепілге қоятын мүлкіңіз болмаса, «Даму» қоры сіздің кепілгеріңіз атанады. Қор несие сомасының 80%-ына дейін кепіл болады. Бұл қызмет тегін емес – кепілдік үшін шамамен 1,5% комиссия төленеді. Мәселен, 2025 жылдың 5 айында 2 470 жобаға 225,8 миллиард теңгеден астам кепілдік берілген.


Жұмыс тәртібі қарапайым: банкке барасыз, келісімшартты «Дамуға» жолдайсыз, қор кепілдік береді, банк жобаңызды қаржыландырады. Толығырақ: damu.kz


Мемлекеттік қолдауды қалай алуға болады?

  1. Қызмет түріңіздің басым бағыттар тізіміне кіретінін тексеріңіз.

  2. Бизнес-жоспар дайындаңыз.

  3. Екінші деңгейлі банкке өтінім беріңіз.

  4. Банк жобаңызды бағалайды.

  5. Банк құжаттарды «Даму» қорына жолдайды.

  6. Үшжақты келісімшартқа қол қойылады.

  7. Қор субсидияны аударып, несие мөлшерлемесі төмендетіледі.

Қандай жағдайда бас тартуы мүмкін?


Өтінім мынадай себептермен мақұлданбауы мүмкін:

  1. бизнес түрі басым бағыттар тізіміне кірмейді;

  2. несие тарихы нашар;

  3. салық бойынша берешек бар;

  4. бизнес-жоспар сапасыз дайындалған.

IT және инновация саласы: Astana Hub мүмкіндіктері


Astana Hub – стартаптар мен IT-бизнесті дамытуға арналған халықаралық технопарк. Мұнда кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беріледі, гранттар ұтып алу мүмкіндігі бар және инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға жол ашылады. Яғни идеяны жай жоба деңгейінде қалдырмай, оны нақты бизнеске айналдыруға көмектесетін орта. Кәсіпкер Astana Hub резиденті болса, бірнеше артықшылыққа ие болады:

  • Қаржылай қолдау бар. Astana Hub Seed Fund арқылы 100 000 долларға дейін грант алуға болады. QazTech Ventures тарапынан 50 млн теңгеге дейін қосымша гранттар беріледі.

  • Инвестиция тарту мүмкіндігі көп: QazTech, Quest, Most Ventures сияқты қорлардан 50 000 доллардан бастап қаржы тартуға болады. 

  • Алғашқы қадамға демеу. Жаңа стартаптар үшін 5 000-20 000 доллар аралығындағы бастапқы қолдау да бар.

  • Халықаралық тәжірибе. Стартаптар 500 Global, Plug and Play сияқты акселераторларда менторлық оқуға қатысады.

  • Салық жағынан да жеңілдік қарастырылған: корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС-тан толық босатылады. Оған қоса шетел мамандарын жұмысқа алу жеңілдетілген.


Astana Hub-та тек қаржы емес, қосымша үлкен «бонус» жүйесі де бар. Стартаптар бұлттық сервистерге қомақты кредит ала алады:

  • Google Cloud – 350 000 долларға дейін,

  • AWS – 100 000 долларға дейін,

  • Cloudflare – 250 000 долларға дейін.


Оны алу үшін көбіне жұмыс істеп тұрған алғашқы өнім (MVP) мен корпоративтік пошта жеткілікті.


Сонымен қатар финтех бағытындағы жобалар үшін арнайы реттейтін алаң – AIFC Fintech Lab жұмыс істейді. Бұл жерде стартаптар қаржы технологияларын қауіпсіз ортада сынап көре алады.


Бұл ортаға қалай қосылуға болады? Бәрі оңай: astanahub.com сайтына кіріп, өтінім қалдырасыз. Оған жобаның мән-жайын түсіндіретін 15 слайдтан тұратын таныстырылым (Pitch Deck), өнімнің сипаттамасы және компанияның ресми тіркелгені туралы анықтаманы қоса тіркесеңіз болғаны.


Кәсіпкер әйелдерге арналған демеу


Ranking.kz дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің шамамен жартысын әйелдер басқарады. Қазір елде тіркелген 1,1 миллионға жуық компания мен жеке кәсіпкердің 48,2%-ына әйелдер жетекшілік етеді.


Ал жұмыс істеп тұрған бизнестер арасында бұл көрсеткіш 49,5%-ға жетеді. Әйелдер басқарған кәсіпорындарда 1,5 миллионға жуық адам еңбек етеді. Яғни шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін әр үшінші адамның нәпақасы әйелдер жетекшілік ететін ұйымдармен байланысты.


Сонымен қатар кәсіпкер әйелдер ел экономикасына да үлкен үлес қосып отыр: түрлі зерттеулер бойынша олардың үлесі – Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 40%.

  • Google.org әйелдер гранты. Бағдарлама аясында 500 мың доллардан 3 миллион долларға дейін грант алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ қатысушылар Google сарапшылары жүргізетін алты айлық акселерациялық бағдарламаға қатыса алады. Бұл мүмкіндік жаңадан бизнес бастағандарға да, тәжірибелі кәсіпкерлерге де ашық. Басты талап – тегін оқу курсының барлық модулін толық аяқтау.

  • She's Next (Visa мен Halyk Bank бірлескен жобасы). 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл жобаға Қазақстан мен Орталық Азиядан 40 мыңнан астам әйел қатысты. Осы уақыт ішінде 14 жеңімпазға жалпы 46,5 миллион теңге грант берілді. Гранттар үш бағыт бойынша тағайындалады:

  1. жұмыс істеп тұрған бизнеске – 2-5 миллион теңгеге дейінгі үш грант,

  2. жаңа бастаған кәсіпкерлерге – 1-3 миллион теңгеге дейінгі үш грант,

  3. ал IT-жобаларға – 1,5 миллион теңге және Дубайдағы Visa Innovation Centre орталығына бару мүмкіндігі ұсынылады.

  • Business-Aru (ЦентрКредит Банкі мен Mastercard жобасы). ЕҚДБ (Еуропалық қайта құру және даму банкі) қолдауымен өтетін бұл байқауда қатысушыларды қаржы, маркетинг, сауда және басқару бойынша тегін оқытfls7 Оқуды аяқтаған соң олар өз бизнес-жобаларын дайындап, қазылар алқасына қорғайды.

    Жүлде қоры қомақты – жалпы 5 жеңімпазға әрқайсы 10 миллион теңгеден, барлығы 50 миллион теңге грант беріледі.

  • KMF Isker Hanymy (KMF және «KMF-Демеу» қорының сыйлығы). Бұл жоба 2021 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бағдарлама аясында жыл бойы түрлі тренинг, оқу шаралары мен өзара тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылып, соңында үздік шыққан кәсіпкер әйелдер марапатталады. Байқауға KMF ұйымынан кемінде 2 миллион теңге несие алған, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған клиенттер қатыса алады. 2026 жылғы жобаның қорытындысы қазанда шығады деп жоспарланған. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгеден асады.


Бағдарламаны қалай таңдаймыз? 


Бөлісу: