Ойын-сауықЭзотерика2026 жылы қандай болады – нумерологтың болжамы

2026 жылы қандай болады – нумерологтың болжамы

30 қаңтар 2026
5 мин
Каким будет 2026 год – общий прогноз нумеролога
Фото: Freepik

2026 жылдың нумерологиялық саны – 1. Бұл сан қандай мәнге ие? Биыл адамдар көбіне қандай факторларға мән беруі керек? Жаңа жылдан тағы не күтуге болады? Нумеролог Айгүл Махатова нумерология бойынша талдап берді. 


2025 жылдың нумерологиялық саны – 9, яғни қорытынды жыл болды. Бұл кезде адамдар тоғыз жыдық циклін аяқтап, қорытынды жасап, қажетсіз нәрселерден тазарды. Ал биыл жаңа цикл басталмақ. 2026 жылдың нумерологиялық саны – 1. Бұл жылдың басты кредосы – көшбасшы, белсенді, шаңшаң, адал, адал болу. Биыл әр адам өзіне сеніп, батыл шешім қабылдай алуға тиіс. 

“2026 жыл – ақ пен қараның, зұлымдық пен ізгіліктің, жарық пен қараңғының күресетін, сұрыпталатын жылы. Бұл жылы ізгілік жеңеді, жақсылық үстем болады. Өтірік әшкереленіп, шындық күшейеді. Жүрегі таза, ниеті түзу, адамдардың жолы ашылып, бағы жанады. Керісінше, жалған сөйлейтіндер мен пайда қуғандардың жолы жабылады. Сондықтан бұл жылы ешкімге ренжімей, жан-дүниені тазартып, жақсы сөз айтып, жақсы ойлау қажет. Қалғанын өмірдің өзі әкеледі”, – дейді нумеролог. 


Биыл материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылық жоғары бағаланады. Осы кезге дейін адамдар табыс табуды көздеп келсе, енді өмірден мән іздей бастайды. Нумерологтың айтуынша, бір күндік табыс үшін жүргендердің емес, адал, сабырлы, еңбекқор адамдардың ісі алға жүреді.

“Жалыннан жаралған жылқы жылы өмірдің тізгінін мықты ұстағандарды ғана алға сүйрейді. Биыл білімді жастар батыл, рухты болса, жетістікке жетуге мүмкіндігі көп. Ал тізгінді бос ұстағандар тағдыр желі қай жаққа соқса, сол жаққа бұрылып кетуі мүмкін”, – дейді ол.  


Маманның айтуынша, жаңа цикл әлемнің экономикасына да әсер етеді. Бұған дейін дүниежүзі мұнай, газ, көмірді пайдаланып келсе, енді күннен, желден, судан көбірек қуат алынады. Сонымен қатар жасанды интеллект күшейеді. Ол адамзатқа пайдасын да, зиянын да тигізеді. 

“Кейбір мемлекет жасанды интеллектіні бақылауға тырысады, бірақ бұл мүмкін емес. Осының әсерінен кибершабуылдар көбейеді. Адамдар ақпараттан шаршап, шынайылық іздей бастайды”, – дейді маман. 


Нумеролог маман 2026 жылы адамдар тәні мен жаны арасындағы байланысты терең сезіне бастайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл жылы энергиясын дұрыс жұмсамаған адам үнемі шаршап жүреді. Ал реніш, өкпе, қорқыныш сезімдері майға айналады

"Адамның денесі бәрін есте сақтайды. Ол өз-өзін қорғай алмаса, денесі қорғайды. Басқаша айтсақ, артық салмақ – қорғаныс. Сондықтан артық салмақтан арылу үшін құр диета ұстаған тиімсіз. Ренішті жіберіп, кешіру керек, ішкі жандүние тынышталуы қажет. Ең жақсы ем осы болмақ. Адам өз денесіне ренжімей, керісінше, оған алғыс айтуы қажет. Себебі дене – адамның ішкі жарасын көтеріп жүрген тірек”, – дейді маман. 


Биыл жұбайлар, жұптар бір-бірімен сөйлесуге, жандүниесін түсінуге көбірек тырысуы керек. Сонда қарым-қатынасы нығая түседі. Оған қоса 2026 жыл – рухани тазалық жылы. Сол себепті опасыздық әшкереленеді, ал адалдық жоғары бағаланады. Әйел таза болса, үйінің берекесі артады, ер адал болса, ісі алға басады. 

“Енді әйелқұмар, сезіміне беріліп, өзін басқара алмайтын әлсіз ерлердің жолы қиындайды. Ал сенімді, сабырлы, сөзінде тұратын, ісі нық, жауапкершілігі мол ер адамдар биыл жоғары бағаланатын болады”, – дейді ол. 


Нумеролог биыл батылдық пен шынайылық ерекше бағаланған соң, ақ, қызыл, ашық қоңыр, жасыл, алтын түстегі киімді қорықпай киюге кеңес береді.

Бөлісу: