ӘлемдеҚаржы2026 жылы Қазақстанда ең көп табыс табатын мамандар

2026 жылы Қазақстанда ең көп табыс табатын мамандар

10 тамыз 2026
4 мин
"Чудо на Гудзоне" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Көпшілікті, әсіресе мамандық таңдап жүрген талапкерлер мен кәсібін ауыстыруды ойлап жүргендерді «Қайда көп төлейді» деген сұрақ мазалайтыны анық. Статистикаға сүйенсек, қазір тау-кен өнеркәсібі, қаржы, IT және инженер мамандықтары көш бастап тұр. Tamga Media кімнің қанша табатынын сараптап көрді.


Статистика


Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы есебінше,елде айына 3 миллион теңгеден көп табатын 11,8 мың жалдамалы қызметкер бар,  бұл – барлық жұмысшының 0,4%-ы. Қазақстан азаматтарының басым бөлігі 100-500 мың теңге аралығында табады.


Енді қай салада 3 милион теңгеден көп жалақы алады десеңіз, оның 25%-ы (2,6 мыңнан астам адам) қаржы мен сақтандыру саласына тиесілі. Екінші орында – тау-кен өнеркәсібі (1,9 мың адам), үшінші орында – өңдеу өнеркәсібі (1,3 мың адам).


Ал мемлекеттік басқару (10 адам) мен коммуналдық шаруашылықта (12 адам) мұндай жоғары айлық алатындар саусақпен санарлық.


Ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар


Тау-кен инженері және геолог – 930 мың теңге


Қазақстанда пайдалы қазбалар қоры өте мол. Содан да болар, кен қазу, геологиялық барлау мен тау-кен орындарын игеру мамандары елдегі ең жоғары жалақыны алады.


Қайда оқуға болады: Satbayev University, ҚарТУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ.


Қаржы аналитигі және инвестиция маманы – 900 мың теңге


Қаржы саласы – табысы мол бағыттың бірі. Банктер, инвестициялық компаниялар, халықаралық ұйымдар активтерді басқару мен аналитика үшін жақсы жалақы төлейді.


Қайда оқуға болады: Нархоз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, KIMEP Университеті.


Бағдарлама жасақтап әзірлеуші және инженері  – 830 мың теңге


IT, деректерді талдау, телеком және киберқауіпсіздік – еңбек нарығында ең сұранысқа ие бағыттар.


Қайда оқуға болады: Astana IT University, ХАТУ, ҚБТУ, ҚазҰУ.


Зерттеуші инженер және ғылыми қызметкер – 621 мың теңге


Жобалаушы инженерлер мен жаңа технология зерттеушілеріне сұраныс үнемі жоғары.


Қайда оқуға болады: Satbayev University, Nazarbayev University.


Өндіріс инженері және технолог – 617 мың теңге


Металлургия, машина жасау мен өнім өндіру саласындағы ірі компаниялар білікті мамандарға жақсы төлейді.


Қайда оқуға болады: Satbayev University, ҚарТУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ.


Логист және көлік саласының маманы – 598 мың теңге


Тауар тасымалы мен логистиканы басқару – елдегі жүк тасымалы көбейген сайын дамып келе жатқан сала.


Қайда оқуға болады: Логистика және көлік академиясы, ҚарТУ.


Өңдеу өнеркәсібінің инженері – 527 мың теңге


Елде өндірісті жаңартып, жұмысты автоматтандыратын технологтар мен мамандарға сұраныс жоғары.


Қайда оқуға болады: Satbayev University, ҚарТУ.


Құрылыс инженері – 495 мың теңге


Қалалардың кеңеюі мен инфрақұрылым жобалардың арқасында жобалаушылар мен архитекторларға сұраныс жоғары болып тұр.


Қайда оқуға болады: ҚазБСҚА, Satbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ.


Энергетик инженер – 436 мың теңге


Әсіресе энергия жүйелерін өндіру, тарату және жөндеу мамандарына сұраныс өте жоғары.


Қайда оқуға болады: АЭжБУ, ҚарТУ.


Сауда саласының менеджері мен маманы – 404 мың теңге


Сату менеджерлері, маркетологтар және көтерме мен бөлшек сауда басшылары.


Қайда оқуға болады: Нархоз, KIMEP Университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.


Жұмыс іздеушілер қанша айлық сұрайды?


Сала бойынша орташа айлық түсінікті. Ал 2-4 миллион теңгені кімдер алады?


Мұндай жоғары айлық салаға емес, нақты лауазымға тиесілі. ҚР Еңбек министрлігі мен Enbek.kz порталының 2026 жылғы наурыздағы дерегінше, ең жоғары жалақылар мыналар:

  • HR бизнес-серіктес – 4,2 миллион теңге

  • Мұнай-газ саласының каротажшысы – 3 миллион теңге

  • Өндірістегі зертхана бастығы – 2,5 миллион теңге

  • Заң бөлімі бастығының орынбасары – 1,4 миллион теңге

  • IT-архитектор – 1,38 миллион теңге

  • Тау-кен өндірісінің бастығы – 1,14 миллион теңге

Бұл – жұмыс берушілер ұсынған немесе жұмыс іздеушілердің өзі сұраған айлықтар.


Сонда ең көп айлықты кім алады?


Статистикаға қарап нақты санды білу қиын. Себебі жеке компаниялар бос орындарды еңбек биржасына жариялай бермейді. Тіпті бір салада жүрсе де, екі адамның айлығы екі түрлі болуы мүмкін. Мысалы, қазақ ұшқыштарының командирі – 1,5 миллион теңге, екінші ұшқышы 1 миллион теңге маңайында алса, шетелдегі командирлер – $10 000, екінші ұшқыштар $6 590 алып, баспана мен жолақылары да төленеді. 


Finprom.kz сарапшылары 2024 жылғы деректерге сүйеніп, ең көп айлықты бастықтар емес, сирек кездесетін мамандар алатынын анықтады: электр машиналарын сынаушы – 15,5 миллион, инженерлік психология сарапшысы – 15,3 миллион, ал инженер-энергоменеджер 14 миллион теңге табады.


Бұл мамандарды не біріктіреді?


Мұндай үлкен айлық жайдан-жай төленбейді. Ақша ең алдымен маман тапшы жерде болады: тау-кен, геология, IT мен инженерия салалары жылдар бойы оқуды, терең білімді талап етеді. Бұған қоса, жоғары лауазымға жету үшін қазақ пен орыс тілінен бөлек ағылшын, кейде тіпті қытай тілін де білуі керек.

Бөлісу: