Бәріміз бірдей ғылымды жақсы түсіне бермейміз. Бірақ жыл сайын Нобель сыйлығын кім және не үшін алғанын қызыға оқимыз. Биыл да солай. Марапаттау рәсімі әлі өтпесе де, 5-12 қазан аралығында жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Кейде осындай ғалымдар да дауға қалып, бір-бірімен келіспей, ренжісіп жатады екен. Сыйлықты кімге беру туралы комитет шешімдері де кейде талас тудырады. Осындай қызықты оқиғалармен қатар биылғы жеңімпаздар мен олардың еңбектері туралы айтып береміз.
Медицина: миды жарықпен басқару
Лауреаттар: Карл Дейссерот, Петер Хегеман және Георг Нагель
Не үшін берілді? «Жүйке жасушаларын жарық арқылы басқаруға мүмкіндік берген жаңалықтары үшін».
Қарапайым тілмен айтсақ. Кейбір балдырларда жарыққа сезімтал ақуыздар бар. Жарық түскенде, олар жасушадағы кішкентай арнаны ашады. Хегеман мен Нагель осы ақуыздарды зерттеді. Ал Дейссерот 2005 жылы оларды сүтқоректілердің жүйке жасушаларына енгізіп, сол жасушаларды көк жарықпен іске қосуға болатынын көрсетті.
Бұл әдіс оптогенетика деп аталады. Оның көмегімен ғалымдар жүйке жасушаларының белгілі бір тобын іске қосып немесе жұмысын тоқтатып, қандай өзгеріс болатынын бақылайды. Осылайша, мидың қай жасушалары қандай әрекетке жауап беретінін түсінуге болады. Оптогенетика миды зерттеудің маңызды құралына айналды. Болашақта бұл әдіс көру қабілетін қалпына келтіруге де көмектесуі мүмкін.

Ғылымдағы дау. Нобель сыйлығын бір аталым бойынша үш адамнан артық ғалымға беруге болмайды. Сондықтан биыл оптогенетиканы жасауға атсалысқан кейбір ғалымдар марапатсыз қалды.
Солардың бірі - Эдвард Бойден. Ол 2005 жылы жарияланған негізгі ғылыми мақаланың бірінші авторы болған. Сол кезде Стэнфордта аспирантурада оқыған, қазір MIT университетінде профессор. Бойден диссертациясын жазумен қатар осы зерттеуге қатысып, негізгі тәжірибені өзі жасаған. Жұмыстың бір бөлігі Дейссероттың зертханасында өткен. Ғалымдардың наразылығын туғызған да осы: зертхана басшысы сыйлық алды, ал тәжірибені жасаған Бойден марапатсыз қалды.
Бірақ қалай дегенмен де ереженің аты ереже - өзгертуге болмайды дерсіз. Алайда басқа сыйлықтарда бұл мәселе өзгеше шешілген. Мысалы, 2013 жылы оптогенетикаға қосқан үлесі үшін Brain Prize сыйлығы алты ғалымға теңдей берілді. Олардың қатарында биылғы үш Нобель лауреаты, сондай-ақ Бойден, Мизенбек және Эрнст Бамберг болды. Ал Нобель комитеті үшеуін ғана таңдады. Онда тұрған не бар деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ мұнда ғалымның еңбегін бағалаумен бірге ақшалай сыйақы мәселесі де бар. Өйткені жеңімпаздарға қомақты қаржы беріледі.
Физика: Оңтүстік полюстегі мұз телескопы
Лауреат: Фрэнсис Хальцен. Ол сыйлықты жалғыз өзі алды. Соңғы онжылдықтарда физика саласында мұндай жағдай сирек кездеседі.
Не үшін берілді? «IceCube обсерваториясын құруға қосқан үлесі және ғарыштан келген жоғары энергиялы нейтриноларды ашқаны үшін».

Қарапайым тілмен айтсақ. Нейтрино - ғарыштан келетін өте ұсақ бөлшек. Оны «елес бөлшек» деп те атайды: ол басқа заттармен сирек соқтығысады, тіпті Жердің бір жағынан кіріп, екінші жағынан кедергісіз өте алады. Мұндай бөлшектер ғаламдағы аса қуатты құбылыстардан пайда болып, бізге жеткенше бағытын сақтайды. Бірақ оларды анықтау өте қиын.
Хальцен бұл үшін Антарктиданың мұзын пайдалануды ұсынды. Кейде нейтрино мұздағы бөлшекпен соқтығысып, әлсіз жарық пайда болады. Мұзға орнатылған сезімтал датчиктер осы жарықты байқап, нейтриноның қай жақтан келгенін анықтауға көмектеседі. Осылайша, Оңтүстік полюсте IceCube обсерваториясы салынды. Оның датчиктері көлемі бір текше шақырым мұз қабатына орналастырылған. Құрылысы 2011 жылы аяқталды, ал 2026 жылдың басында тағы бірнеше жүз датчик қосылды. IceCube Күн жүйесінен тыс жерден келген нейтриноларды тіркеп, ғарышты зерттеуге жаңа мүмкіндік ашты. Айтпақшы, обсерваторияның атауы рэпер Ice Cube-тың есімімен үндес. Ғылымдағы қызықты сәйкестік!
Химия: тіршілік неге «оң» немесе «сол» нұсқаны таңдайды?
Лауреаттар: Анри Каган және Кэнсо Соаи
Не үшін берілді? «Молекуланың бір нұсқасы екіншісінен әлдеқайда көп түзілуіне мүмкіндік беретін құбылыстарды ашқаны үшін».
Қарапайым тілмен айтсақ. Кейбір молекулалар оң және сол қолымыз сияқты екі түрлі болады. Бір-біріне ұқсайды, бірақ дәл беттеспейді. Оларды «хиралды молекулалар» деп атайды. Тірі ағзалар көбіне осы екі нұсқаның біреуін ғана пайдаланады. Мысалы, ағзамыздағы ақуыздарды құрайтын аминқышқылдар негізінен бір нұсқаға жатады.

Ал зертханадағы әдеттегі реакцияда екі нұсқа да тең мөлшерде түзіледі. Сонда табиғатта бір нұсқа қалай басым болған? Ғалымдар осы сұраққа жүз жылдан астам уақыт жауап іздеді. 1986 жылы Каган маңызды жаңалық ашты. Ол реакцияны жылдамдататын заттың құрамында бір нұсқа сәл көбірек болса, дайын өнімде сол нұсқаның үлесі күткеннен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін көрсетті. Соаи осы бағытта тағы бір қадам жасады. Ол тапқан реакцияда түзілген молекулалар өздеріне ұқсас молекулалардың пайда болуын жылдамдатады. Яғни бастапқыда бір нұсқа аздап көп болса, кейін оның саны барған сайын артады. Соңында түзілген молекулалардың барлығы дерлік бір нұсқада болады. Комитеттің айтуынша, бұған дейін мұндай нәтиже тек тірі табиғатта кездескен.
Бұл не үшін қажет? Бұл жаңалық тіршіліктің қалай пайда болғанын түсінуге көмектеседі. Дәрі жасауда да маңызы зор: молекуланың бір нұсқасы емдік әсер берсе, екіншісі пайдасыз немесе тіпті зиянды болуы мүмкін.
Әдебиет: Энн Карсон және ежелгі гректер
Лауреат: Энн Карсон
Не үшін берілді? «Көне әдебиетті жаңаша түсіндіріп, қазіргі әдебиетке тың тәсілдер әкелгені үшін».
Ол кім? Әдебиетте бір адамды үздік деп таңдау қиын. Әркімнің талғамы әртүрлі болғандықтан, жеңімпаздың есімі кейде көпшілікті таңғалдырады. Кезінде Боб Диланның бұл сыйлықты алуы да күтпеген жаңалық болған.
Энн Карсон 1950 жылы Торонтода дүниеге келген. Мектепте түскі үзіліс кезінде латын тілі мұғалімінен қосымша сабақ алып, ежелгі грек әдебиетіне қызыға бастаған. Кейін көне дәуір оның шығармашылығының басты тақырыбына айналды.

Карсон өлең, қарасөз, эссе мен аударманы ұштастырады. Ежелгі мифтерді бүгінгі өмірмен байланыстырып, сол арқылы қазіргі адамның сезімі мен басынан өтетін қиындықтарын суреттейді.
Оны әлемге танытқан кітаптардың бірі - «Autobiography of Red» («Қызылдың өмірбаяны») атты өлеңмен жазылған роман. Оның негізінде Геракл өлтірген қызыл түсті, қанатты құбыжық Герион туралы миф жатыр. Ал Карсонның кітабында Герион - фотограф болып, ғашық болатын сезімтал жасөспірім. Шығарма бірде күлдіреді, бірде таңғалдырады, бірде мұңайтады. Осы кітаптан-ақ автордың өзгеше жазу мәнерін байқауға болады. Швед академиясы Карсонның Сапфо, Софокл және Еврипид шығармаларының аудармаларын да жоғары бағалап, оларды өз алдына бөлек көркем туындылар деп таныған.
Энн жаңалықты қалай қабылдады? Карсон сыйлық алғанын Үндістанда жүргенде естіген. Ол жергілікті телеарнаға академия мүшелері туралы «бәрі ақылынан адасқан» деп айтып, тұтқаны қоя салған.
Бейбітшілік сыйлығы: пікірталас жалғасуда
Лауреат: Наванетхем «Нави» Пиллэй - Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан 85 жастағы заңгер.
Не үшін берілді? «Бейбітшілікті нығайтуға және халықаралық құқықты қорғауға қосқан үлесі үшін».
Ол кім? Пиллэй еңбек жолын адвокат болып бастаған. Ол адамдарды нәсіліне қарай кемсітуге қарсы шыққандарды (апартеидтке қарсы) қорғады. 1967 жылы Натал провинциясында өз заң фирмасын ашқан алғашқы әйел болды. Кейін халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғаумен айналысты.

Ол Руандадағы қылмыстарды қараған халықаралық трибуналды басқарды. 2003–2008 жылдары Халықаралық қылмыстық сотта судья болды. Ал 2008–2014 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары қызметін атқарды. Қазір БҰҰ-ның Халықаралық сотында Мьянма рохинджа халқына қарсы геноцид жасады деген айыпқа қатысты істі қарауға қатысып жатыр. Пиллэй сыйлық алғанын естігенде, алғашында сенбей, әзіл деп ойлаған. Кейін марапатын халықаралық қылмыстардан зардап шеккен барлық адамға арнады. Комитет бұл таңдау бейбітшілікті сақтау үшін заңды құрметтеп, орындау қажет екенін еске салатынын, талап жеке елдерге де, олардың арасындағы қарым-қатынасқа да қатысты екенін айтты.
Дау неден шықты? Бұл жолы да марапат төңірегінде дау туды. Соңғы жылдары Пиллэй БҰҰ-ның басып алынған Палестина аумақтарындағы жағдайды зерттейтін комиссиясын басқарды. 2025 жылы комиссия Израиль Газада геноцид жасап жатыр деген қорытындыға келді. Израиль бұл шешімді мойындаудан бас тартып, жоққа шығарды. Сондықтан Пиллэйге сыйлық беру туралы шешім Израиль билігінің қатты наразылығын туғызды. Елдің Сыртқы істер министрлігі марапатты Израильге деген өшпенділікті ақтау үшін пайдаланды деп мәлімдеді. Ал премьер-министр Биньямин Нетаньяху Нобель комитетіне «ақ-қараны ажыратудан қалған» деп баға берді. Комитет Израильге тағылған айыптарға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Дональд Трамп та бұл шешімге көңілі толмайтынын ашық айтты. Оның өзі де осы сыйлықты алғысы келетіні бұрыннан белгілі. Бұл ниеті былтырғы дау кезінде де байқалған.
Экономика: орталық банктер шешімді қалай қабылдайды?
Лауреаттар: Роберт Холл және Майкл Вудфорд
Не үшін берілді? «Макроэкономикалық тұрақтылықтың микроэкономикалық негіздері үшін».
Бұл сыйлық Нобельдің өсиетіндегі бес премияның бірі емес, оны 1968 жылы Швеция банкі енгізген. Бірақ ол басқа Нобель сыйлықтарымен қатар берілетіндіктен, оны да солай атайды.
Қарапайым тілмен айтсақ. Дағдарыс кезінде немесе баға қатты өскенде, үкімет пен орталық банк жағдайды түзетуге тырысады. Орталық банк пайыздық мөлшерлемені өзгертіп, несие алуды арзандатады немесе қымбаттатады. Ал үкімет бюджет шығындарын көбейтеді, не азайтады. Бірақ бұрын нәтиже берген бұл әдістер 1970-жылдары мұнай күрт қымбаттағанда бағаның өсуін тоқтатуда дәрменсіз болды.

Роберт Холл адамдар шешім қабылдағанда бүгінгі жағдаймен қатар, болашақта не болатынын да ескеретінін көрсетті. Майкл Вудфорд осы идеяларды біріктіріп, экономиканы басқаруға көмектесетін модель жасады.
Мысалы, орталық банк алдағы уақытта пайыздық мөлшерлемені өзгертетінін хабарласа, адамдар мен компаниялар жоспарларын қазірден өзгертуі мүмкін. Демек, банк шешімінің өзі ғана емес, сол шешім туралы алдын ала айтқаны да экономикаға әсер етеді. Сондықтан орталық банк жоспарын ашық әрі түсінікті жеткізуі керек. Бұл тәсіл «forward guidance» - алдағы қадамдар туралы алдын ала хабарлау деп аталады.
Қорытынды
Биылғы Нобель сыйлығы қызықты жаңалықтармен қатар, даулы шешімдерге де толы болды. Әр аталым ойлануға және пікір алмасуға себеп болды. Бұл еңбектер ғалымдардың қандай сұрақтарға жауап іздеп жүргенін және олардың жаңалықтары өмірімізге қалай әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.



