Қазақтар ертеден мал шаруашылығымен айналысқан. Ал бұл кәсіп үнемі шөбі шүйгін, шұрайлы жер іздеуді талап ететін. Сондықтан қазақтар әр маусым сайын бар мал-мүлкін жинап, жаңа жерге қоныс аударып отырған. Қазақ маусымдық көші-қонының ерекшелігі туралы этнограф Тәттігүл Қартаеваның еңбегіне сүйене отырып, материалда баяндаймыз.
Қазақтар көшуге қалай дайындалған?
Қазақ халқы мезгіл сайын мекен ауыстырып, қыста қыстауды, жазда жайлауды, күзде күзеу мен көктемде көктеуді қоныс қылған. Бір қоныстан екіншісіне көшу тек шаруашылық қажеттілігі емес, ауыл өміріндегі маңызды оқиға болған. Сондықтан оған алдын ала дайындалып, көшті сән-салтанатпен ұйымдастырған. Бұл туралы этнограф Иван Гейердің жазбасында айтылады.
«Адамдар мейрам-тойларда киетін ең жақсы киімдерін киіп, аттарына мінетін. Барлық жүк түйелерге артылатын. Ал түйелердің үстіне өрнектермен сәнделген кілемдер жабылды. Жас жігіттер ат үстінде түрлі ойындар ұйымдастырып, көңіл көтерді. Олар жолда бір-екі күн аялдап, содан кейін көштерін жалғастыратын», – дейді ол.
Қазақ ерекше сән-салтанатпен көшкенін Николай Красовский де жазған. Оның айтуынша, әсіресе, үнемі үй шаруашылығында жүрген әйелдер мұндай саяхатқа аса қуанған. Бір жағынан бұл олардың жиған байлығы мен дүние-мүлкін көрсетіп, ел-жұрт алдында бір марқайып қалатын сәті болған.

«Әйелдер мінген аттарға ұзын, сәнді маталар жабылып, оның бір шеті әйелдің беліне байланатын. Осылайша мата әрі атты, әрі әйелді безендіріп тұрған. Бай әйелінің тұлпарына жібектен жасалған, өрнек, інжу-моншақпен безендірілген жабу жабылатын. Жас әйелдердің аттары да дәл осылай сәнделген. Ер адамдар да сәнді киімдерін киіп, қолдарына әсем қамшылар ұстады, ер-тұрмандары күміспен безендірілді. Сандықтар тауыс қауырсындарымен безендірілді», – дейді ол.
Кейбір ауқатты адамдар ат жабуына қарқара, түйеқұс пен тауыс қауырсындарын пайдаланған. Сонымен қатар қырғауыл қауырсыны тіл-көзден қорғау үшін тағылған.
Әдетте көшетін күнді ауылдың қадірлі ақсақалы айтатын. Кешке адамдар ақсақалдың үйіне жиналып, ол «сәтті күнді» белгілеген.
Көш керуенінің ұзындығы 10 шақырымға жеткен
Николай Красовскийдің мәліметінше көшті жер жағдайын жақсы білетін, бағыт-бағдар бере алатын беделді қарттар бастаған. Сонымен қатар бәйбішелер немесе ауылдағы беделді әйел де көштің алдында жүруі мүмкін болған.
«Олардың соңынан мал, одан кейін сол ауылдың ер адамдары, олардың артынан әйелдер ерді. Көштің соңында жүк артылған аттар мен түйелер жүрді. Жастар керуеннің екі жағымен немесе соңында жүре алатын. Көш керуенінің ұзындығы 10 шақырымға дейін жететін. Жол ұзақ болған жағдайда, межелі жерге жеткен соң қой сойылып, той жасалатын», – дейді зерттеуші.
Көштің қашықтығы көбіне ауылдағы малдың санына байланысты болған. Малы көп, дәулетті адамдар жайылым іздеп, алысқа көшкен. Мысалы, зерттеуде Сыр өңіріндегі кейбір ауқатты ауылдардың маусымдық көші-қон бағыттарының жалпы ұзындығы 2000 шақырымға дейін жеткені айтылады.

Сонымен қатар қазақтар көшіп-қонудың әртүрлі тәсілдерін қолданған. Мысалы, қысқа қашықтыққа көшетін ауылдарда «тасымал» тәсілі пайдаланылған. Мұндай кезде ауылдың бір бөлігі алдымен жаңа қонысқа көшіп кеткен. Артынан қалған адамдарды алып келу үшін жылқылар мен түйелер қайта жіберілген.
Ал Жетісу өңірінде «тік көшу» тәсілі кең тараған. Оның себебі – бұл өңірдегі жайылымдардың таулы жерлерде орналасуы. Сондықтан ауылдар бір маусымда таудың жоғары жағына көтерілсе, келесі уақытта төмен қарай қоныс аударып отырған.
Жұртқа қандай жерлер таңдалған?
Ауылдың қоныс орны «жұрт» деп аталған. Мал жайылымына қолайлы мұндай жерді анықтау үшін алдымен «жаушы» жіберілетін. «Жаушы» – жаңа қонысты алдын ала барлап қайтатын адам. Егер ол жерді ешкім иеленбесе, ауыл көшуге қамданған.
Ешбір ауыл басқа ауылға тиесілі қонысты иелене алмайтын. Ол үшін сол жердің қай руға тиесілі екенін білдіретін белгісі бар ағаш тақтайша орнатылған. Егер мұндай белгі болмаса, ауыл ол жерге өзге біреуден рұқсат сұрамай қоныстана алған.
Қазақстанның барлық өңірлерінде әр ру өздері иеленген жерлерге белгі қалдырып отырған. Мысалы, жазда солтүстікке, қыста оңтүстікке көшіп жүрген Үстірттің адайлары аялдаған жерлерінде шөптердің ұшын байлап отырған. Бұл дәстүр «топ будым» деп аталған.
Жайылымға қатысты дау туындаған жағдайда, Красовскийдің жазбасында мұндай жағдайда басымдықты сұлтан басқарған ауыл алғаны айтылады. Ал қарапайым адам басқарған ауыл басқа жер іздеуге мәжбүр болған. Егер мұндай дауға дәрежелері тең екі би, екі сұлтан немесе екі ақсақал қатысса, жасы үлкен адамның пікірі басым болған. Әр маусымда мекендейтін жер таңдаудың да өз ерекшеліктері болған. Қыстауға малды суық желден қорғайтын ықтасын, орманды, бұталы және қамысты жерлер, жайлауға өзен-көлге бай, ауасы таза өңірлер таңдалған. Ал көктеу мен күзеу көбіне өзендер мен көлдерге жақын, қары кеш түсіп, көктемде ерте еритін жерлерде орналасқан.

Үдере көшу деген не?
Көш кезінде ескерілетін маңызды мәселенің бірі – жол бойындағы су көздері. Әсіресе алыс жолға шыққан ауылдар үшін малды келесі өзен-көлге немесе құдыққа дейін аман жеткізу маңызды болған. Мал суаратын құдық, бұлақ немесе өзге су көзі орналасқан жер “суат” деп аталған Көш жолдарының бойындағы суаттар бір-бірінен шамамен 5-10 шақырым қашықтықта орналасатын.
Ал шөлді аймақтарды кесіп өту әлдеқайда қиын еді. Мұндай кезде ауылдар малды бір суатта суғарып, келесі суатқа дейін тоқтамай көшкен. Бұл «үдере көшу» деп аталған. Әдетте үдере көшкенде таңертең ерте жолға шығып, күн қатты ысығанға дейін жүрген. Түстен кейін көлеңкелі жерде аялдап, тынығып алған. Күннің ыстығы басылған соң, көш қайта жалғасып, түнге дейін жол жүрген.
Көш барысында қандай салт-дәстүрлер орындалған?
Қазақ қыстаудан көктеуге шығар алдында дастарқан жайып, дұға оқып, елге сүр немесе қой етінен ас берген. Осыдан кейін көштің сәтті өтуін тілейтін түрлі дәстүрлер орындалған.
Солардың бірі – «кәуек сындыру». Егер ауыл қыстаудан жайлауға алғаш рет көшіп бара жатса, жұрттан шамамен 5-6 шақырым жерде аялдаған. Көшті әрі қарай жалғастырмас бұрын жолдың екі жағына от жағылған. Жасы үлкен әйел асқабақтан жасалған ыдысты сындырып: «Кәуек сынды, қайғы кетті», – деп айтқан. Бұл ырым қыстың қиындықтарын артқа тастап, жаңа маусымды аман-есен бастау ниетін білдірген.

Одан кейін жүк артылған түйелер жағылған от арасынан өткізілген. Бұл рәсім малды түрлі қауіп-қатерден сақтауға бағытталған ырым ретінде орындалған. Ерлер мен әйелдер де «Алас, алас!» деп оттан секіріп, өздерін аластаған. Рәсім аяқталған соң қой сойылып, қыстан аман шыққандарына шүкіршілік айтылған. Жаңа қонысқа жеткенде «Ескі жұртта есіркедің, жаңа жұртта жарылқа» деген тілек айтылған.
Мұндай дәстүрлердің астарында көшпелі өмірдің қиындықтары жатыр. Қыстағы қалың қар мен көк мұз жұтқа, яғни малдың жаппай қырылуына әкелуі мүмкін еді. Сондықтан жаңа қонысқа жету – ауыл үшін маңызды оқиға болған. Жаңа жұртқа келгендер бір-біріне «Бақытты мекен болсын» деп тілек айтқан.
Көш барысында жасалатын тағы бір қызық дәстүр – көмбе нан қалдыру. Ауыл көшіп бара жатып, ошақтың күліне нан көміп кеткен. Бұл нан жұртқа келген адамға немесе көш жолындағы жолаушыға бұйырсын деген ниетпен қалдырылған.

Ұзақ жолда жүрген жолаушы немесе жаңа қонысқа келген адам үшін дайын тұрған нан – үлкен көмек әрі күтпеген несібе. Бұл дәстүр жол үстіндегі адамға ас қалдыру мен өзара жәрдемдесудің көшпелі ортада маңызды болғанын көрсетеді.
Қазақтың маусымдық көші бір қоныстан екіншісіне жай ғана ауысу емес, табиғат жағдайына бейімделген күрделі шаруашылық жүйе болған. Қай уақытта көшетіні, қай жерге қонатыны, жолдағы суаттар мен жайылымдардың орналасуы, тіпті көш керуеніндегі адамдардың орнына дейін белгілі бір тәртіпке бағынған.
Көшу кезінде орындалған салттар да осы өмір салтымен тығыз байланысты еді. Қыстан аман шығу, ұзақ жолды қауіпсіз еңсеру, жаңа қонысқа береке тілеу көшпелі қоғам үшін күнделікті тіршіліктің маңызды бөлігі болған.
Сондықтан қазақтың көші тек мал соңынан жүру емес, табиғаттың маусымдық ырғағына бейімделген тұтас өмір салты еді.




