ДенсаулықБиохакинг10 орынсыз сұрақ: вегетарианмен сұхбат

10 орынсыз сұрақ: вегетарианмен сұхбат

20 мамыр 2026
10 мин
Фото: Unsplash

Tamga Media «орынсыз 10 сұрақ» деген жаңа айдарын бастады. Бұл жерде редакция әртүрлі мамандарға – шаштаразға, гинекологқа, тіпті ғарышкерге адамдар ашық сұрауға батылы бармайтын, ыңғайсыз, бірақ қызық сұрақтарды қойып, жауап алады. Ал алғашқы кейіпкеріміз – вегетариан. Етті жақсы көретіндердің атынан, неге дәл осындай таңдау жасағанын сұрап көрдік.


1-сұрақ: Неліктен?


Біреулер бұл жолды діни сеніммен, екіншілері жануарларды аяғаннан, үшіншілері экология үшін, ал енді біреулер дәрігер кеңес бергеннен кейін таңдайды. Ал менің шешіміме бұл себептің бәрі әсер етті. Негізгі ұстанымым – сойылған, өлтірілген тірі ағзаны тамақ ретінде жемеу.


Өмірімнің көп бөлігінде ет жеп өстім. Негізі ет пен балықтан бас тартқаныма 10 жылдай болды, бұл – үшінші талпынысым. Мұның бәрі бала кезден басталған. Бірде үйге «кешкі ас» деп тірі қоян, кейін қозы әкелгенде, оларды жеуден бас тартқанмын. Егер бұл үшін мені тым нәзік не сезімтал десеңіздер – өз еркіңіз. Мен оны керісінше жақсы қасиет деп қабылдаймын.


Басқа біреуден сұрасаңыз, мүмкін басқа себеп айтар. Ал мені көбірек экология жағы алаңдатады, өйткені ет өндірісі – қоршаған ортаны ең көп ластайтын саланың бірі. Мал фермалары үшін қаншама орман мен жайлау орындары беріліп жатыр, ал одан бөлінетін зиян газ – өз алдына бөлек әңгіме.


Табиғи тері жасандыға қарағанда пайдалы десе де, мен оны кимеймін, бұл – таңдауым. Дүкеннен тауық етін сатып алмағанымнан ештеңе өзгермейтінін де жақсы білемін. Оны бәрібір басқа біреу алады, тауық та сойылып қойылған. Таңдауымды ешкімге таңбаймын. Әлемді құтқарып жатырмын деп те ойламаймын, тек осы нәрселерге барынша қатысым болмаса екен деймін.


2-сұрақ: Веган мен вегетарианның айырмашылығы неде?


Вегетариандар ортаны ұстанады: ет пен балық жемейді, бірақ сүт, жұмыртқа, балға тыйым салмайды. Негізі лакто-вегетариан (жұмыртқа жемейтіндер) және ово-вегетариан (сүт ішпейтіндер) деп бөлінеді, бірақ күнделікті өмірде бұған ешкім бас қатырмайды. Мысалы, мен вегетарианмын, бірақ барынша вегандық салтқа ауысқым келеді. Қазір кәдімгі сүтті кокос сүтіне, ал йогуртты сұлыдан жасалғанына алмастырдым.


Пескетариан – бұл жолдың алғашқы сатысы деуге болады. Олар ет жемейді, бірақ балық пен теңіз өнімдерін жей береді. Көбіне бұған денсаулық жағдайына байланысты көшеді. Бұрын «балық ештеңе сезбейді» деген түсінік болған. Бірақ зерттеулер олардың да сезімтал екенін көрсетті, тек реакциясы көбіне рефлекс түрінде болады.


Веган – ең қатал түрі. Вегандар жануарларға қатысы бар дүниенің ешқайсын жемейді, ішпейді, қолданбайды. Ет, сүт, жұмыртқа мен бал ғана емес, сонымен бірге тері, жүн, жібек киімдер мен косметикадан да бас тартады. Сондықтан веган болу жай ғана диета ұстау емес, бұл – өмір салты.


Тағы бірнеше мысал қоса кетейін. Тек шикі тағамдарды, өте төмен температурада әзірленген асты ғана жейтіндері де бар. Фрукториандар өсімдікке зиян келтірмей жинап алуға болатын нәрселерді, мәселен жерге түскен жемістер мен жаңғақтарды ғана тұтынады. Оған қоса флекситариандар да бар. Олар негізінен көкөніс жегенімен, аптасына бір рет стейк не стрипси жеп тұрады. Радикал вегандар оларды кінәлағанымен, меніңше, бұл да – қалыпты таңдау.


3-сұрақ: Сонда өсімдіктер ештеңені сезбей ме?


Жоқ, сезбейді. Оған бірнеше дәлел бар. Өсімдіктерде жүйке жүйесі де, ми да, қиналуды сезетін рецепторлары да жоқ. Өсімдіктер қиналып, сезуі үшін миы болуы керек, ал оларда ондай жүйе мүлдем жоқ.


Иә, өсімдіктер бір-біріне белгі бере алады. Мысалы, бір жапырағы зақымданса, ол басқа жапырақтарға немесе көрші өсімдіктерге «қауіп бар» деген сигнал жібереді. Бірақ бұл – тек биологиялық байланыс. Үйдегі термостат та күн суыса бірден қосылады, бірақ оны тоңып қалды демейміз.


«Өсімдіктер де қиналғанда шыңғырады, ультрадыбыс шығарады» деген Израиль ғалымдарының зерттеуіне сүйеніп, адамдар сөз таластырып жатады. Негізі, бұл – жай ғана күйзеліске берген реакциясы.


Адамдар жалпы бұл сұрақты шын білгісі келгеннен емес, қарсы уәж айту үшін ғана қояды. Тіпті өсімдіктер де сезімтал десек те, ет жейтіндер оларға көбірек зиян келтіреді.  Себебі, мысалы, бір келі сиыр етін алу үшін жануарға 7-10 келі шөп береді.

4-сұрақ: Бұл зиян ба?


Бір жағынан өте зиян, екінші жағынан ешқандай зияны жоқ. Зерттеулерге сүйеніп айтсам, Америка, Ұлыбритания, Канаданың ірі диетологтар қауымдастығының ойы бір жерден шығады. Адам диетасын дұрыс жоспарласа, кәсіби спортпен айналысса да, жүкті болса да, тіпті кішкентай бала болса да веган не вегетарин бола алады. Бірақ бұл төңіректе дау әлі көп.


Пайдасы да бар. Оксфорд зерттеулеріне қарасақ, вегетариандарда жүрек-қан тамырлары аурулары, екінші типті диабет пен қатерлі ісіктің кейбір түріне шалдығу қаупі төмен болады екен. Бірақ, әрине, бұл – жалпылама көрсеткіш, бәріне бірдей жүрмейді. Әркімнің ағзасы әртүрлі, сондықтан қандай диета ұстансаңыз да, денсаулықты күту керек.


Ең бастысы – B12 витамині. Өсімдік тектес тағамдарда бұл витаминнің ағзаға сіңетін түрі мүлдем жоқ деуге болады. Сондықтан вегандарға оны міндетті түрде бөлек ішу керек. Вегетариандарда сәл жеңілірек, бірақ бәрібір олар да анализ тапсырып, дәрумен деңгейін тексертіп тұрғаны жөн. Қазір дүкендерде құрамында B12 бар соя, сұлы сүті сияқты балама өнімдер де көбейді.


Не жеп, не қойғаныңызды бақылап жүру керек, бірақ көбі бұған бас ауырта бермейді. Чипсы да веган тағамы, бірақ тек соны жей  берсеңіз, мұның түбі жақсылыққа апармайды. Тіпті ББҚ мен дәрумендерден мүлдем бас тартатындар да бар, әркімнің өз еркі, бірақ денсаулыққа қатты зияны тиюі мүмкін. Белгілі бір өнімдерден бас тарту аш жүру деген сөз емес. Тиісті калорияңызды толық алып, дәрігермен кеңесуді ұмытпағаныңыз жөн. Әсіресе созылмалы ауруыңыз болса немесе бала жоспарлап жүрсеңіз – ерекше мән беру керек. Вегетариан болу әлдеқайда жеңіл. Өйткені сүзбе сияқты өнімдер – тұнып тұрған ақуыз. Ал вегандар мәзіріне өте мұқият қарамаса болмайды.


5-сұрақ: Неге вегандар ашушаң, қызуқанды келеді?


Бәрі үшін жауап бере алмаймын. Өз басым ашушаңдарды да, өте сабырлыларды да кездестірдім. Бұл көбіне «мен жақсы нәрсе жасап жатырмын, ал өзгелер мұны түсінбейді» деп налудан шығатын сияқты. Вегандар өмірі көбіне жануарлар мен табиғатты қорғау, белсенді болумен тікелей байланысты. Сондықтан біреудің өмірін арашалау немесе құқығын қорғау мәселесі туғанда, неге мұндай мінез танытқанын түсінуге де болады.


Екінші жағынан, бұл пікір тым асыра сілтеп айтылған сияқты. Вегандар аз болғандықтан, көпшілік оларды бірден шеттете бастайды. Негізі бұл жерде екі жақ та шектен шығып жатады. Өз басым таңдауымды түсінбек түгілі, қателескенімді, тіпті ауру екенімді дәлелдеуге тырысқан ет жейтіндерді де көрдім. Сондықтан кімнің ашушаң екенін айту қиын. Танымал вегандардың парақшасындағы пікірлерді оқып көрсеңіз де түсінесіз, мазақ еткен ет туралы жазбалар толып тұр.


Оның үстіне, шылымды тастағандар, жүгіріп не спортпен айналыса бастағандар сияқты жаңа әдет қалыптастырғандарды да ұмытпау керек.  Адам өміріне қандай да бір өзгеріс енгізсе, онымен бірден бөліскісі келіп тұрады.


Веган болу – өте белсенді позиция, сондықтан ешкім сұрамаса да, бұл тақырып өз-өзінен алға шығып тұрады. Көбіне бір үстелде отырған адамдардың өзі ыңғайсызданып, «сіз ештеңе жемедіңіз» немесе «менің ет жеп отырғаным сізге кедергі емес пе?» деп жатады. Мысалы, менің әйелім ет жейді. Тоңазытқышымызда ет те, тартылған ет те тұрады. Бұл – оның таңдауы. Ал менікі – одан бас тарту. Осылай, бір шаңырақ астында еш қиындықсыз өмір сүріп жатырмыз.

6-сұрақ: Неге веган еті «ет» деп аталады?


Вегандардың көбі кезінде ет жеген, тіпті ерекше сүйсініп жейтін. Олар наггетсті жек көріп кетпеді. Сондықтан оған ұқсайтын тағамдардан мүлдем бас тартуы шарт емес.


Барлығы саналы таңдауға тіреледі. Өз басым етті, шұжық пен котлеттің дәмін қатты сағынатын адамдарды көрдім. Бірақ ішкі ұстанымы мен көзқарасы оны жеуге жол бермейді. Веган котлеттері, наггетстер мен фарштар осыдан шыққан.


Екінші бір себебі де бар. «Котлет», «шұжық», «фарш» – бұл тек тағамның пішіні мен түрі ғана, міндетті түрде еттен жасалуы керек деген сөз емес. Мәселен, картоп пен сәбіз котлеттері «веган» сөзі шықпай тұрып та бар еді. Шұжық – жай ғана пішін, ал фарш – езілген консистенция. Балық ет емес қой, бірақ ешкім «балықтан жасалған котлет» деген атауға ренжімейді. Өндірушіге де «өсімдік ақуызынан жасалған, диаметрі сегіз сантиметр болатын дөңгелек» деп созып жазғаннан гөрі «веган котлеті» дей салған ыңғайлы. Сонда бәріне түсінікті.


7-сұрақ: Өмір бір-ақ рет беріледі, өзіңді шектеудің не керегі бар?


Өмірде түрлі себепке байланысты өзімізді көп нәрседен шектейміз. Өтірік айту, ұрлық жасау, темекі тарту немесе түнде телефон қарамай ұйықтау және тағы басқасы. Шектеу – өмірдің бір бөлшегі. Бізді адам қылатын да – осы қасиеттер.


Бұл сұраққа тереңірек үңілсек, мәселеге басқа қырынан қарауға болады. Мен еттен бас тартқаныма еш өкінбеймін, қайта оны жеуді жалғастырсам, көбірек қиналатын едім. Қолымды ауыртып, жарақат алғанымда алғаш рет ота жасатқан сәтім әлі есімде. Сол кезде дәрігерлер «ет жемесеңіз, жазыла алмайсыз» деп көндірді. Десе де, ішімде бір нәрсе үзіліп кеткендей болды. Тағам дәмді болғанымен, өзімді сатып кеткендей күйде болдым. Ол уақытта дәрігерлердің сөзіне қарсы келетіндей білімім де, қарсы тұратындай ішкі сенімім де болмады.


8-сұрақ: Ет жемейтініңіз үшін өзіңізді өзгелерден артық санайсыз ба?


Өзіңді өзгелерден жоғары қойып, түбі жақсылыққа жетпейсің. Мен негізі жарысқанды жақсы көремін. Мысалы, футбол ойнағанда қарсыластарымнан озып тұрсам, кәдімгідей мәз боламын. Бірақ ойынның аты – ойын, ал өмір сүру салты мен адамның ой-өрісін онымен салыстыра алмайсың.


Әркім өз жолын таңдайды. Ол таңдауға мың түрлі себеп әсер етеді. Жер шары үшін жаппай ет жеуді тоқтату пайдалы ма? Иә. Жануарлар бұдан да жақсы өмірге лайық па? Иә. Бірақ бұл – тек менің ұстанымым. Бұл үшін өзімді өзгелерден ерекше немесе артық санамаймын. Біреулер үшін дұрыс көрінгенімен, басқалардың көзіне кәдімгідей ақымақ болып көрінуім де әбден мүмкін.


9-сұрақ: Веган болып, спортпен кәсіби түрде айналысуға бола ма?


Бұл сұрақты тарихтағы ең мықты теннисші Новак Джоковичтен, Формула-1-дің жеті дүркін чемпионы Льюис Хэмилтоннан, НБА жұлдызы Крис Полдан немесе кезінде «Арсенал» мен «Барселонада» ойнаған Эктор Бельериннен сұрап көріңіз. Тіпті 2011 жылы Германияның ең күшті адамы атанған спортшы да веган еді. Мұндай мысал өте көп.


10-сұрақ: Веган болудың экологиямен байланысы неде?


Веган болу – жануарларды аяу, олардың құқығын қорғау. Ал бұл, сайып келгенде, ғаламшарды сақтап қалуға да көмектеседі.


Ауаны ластайтын зиян газдарды алсақ, соның 14%-ға жуығы мал шаруашылығынан шығады екен. Бұл – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының 2013 жылғы есебі. Кейін бұл санды 12%, тіпті 20% деп көрсеткендер де болды. Салыстырып көру үшін айтсақ, әлемдегі бүкіл ұшақ ауаны небәрі 2,5% ғана ластайды.


Тағы бір мәселе – жер. Адам өмір сүруге жарамды жердің жартысын ауыл шаруашылығына арнаған, соның төрттен үш бөлігін мал шаруашылығы алып жатыр. Қызығы, осыншама жер бізге бүкіл әлем жейтін ақуыздың (белоктың) тек 37%-ын және калорияның 18%-ын ғана береді. Яғни, жердің тең жартысы тамағымыздың тек бестен бір бөлігін ғана тауып отыр. Бұл мүлдем тиімсіз. Бәріміз өсімдік тағамдарына көшсек, бұл жерлер 75% азаяр еді. Бірақ қазір, керісінше, мал жаятын жайылым үшін атақты Амазонка ормандарын отап жатыр.


Бір келі сиыр етіне қанша су кететінін білесіз бе? 15 400 литр! Ал күрішке 2 500 литр, тауыққа 4 300 литр жұмсалады. Әрине, мұның көбі – «жасыл су», яғни бәрібір жауатын жаңбыр. Бірақ оны алып тастасақ та, сиыр еті – ең көп шығын талап ететін ақуыз.


Көкөніс жағынан алсақ, ормандағы ағаштардың жаппай кесіліп жатқанына авокадо себепші дейді. Шынымен де, оны егу үшін ормандар отап жатыр, бірақ мал шаруашылығының ауқымымен мүлдем салыстыруға келмейді. Авокадоға 600 000 гектар жер кетсе, мал жаятын жайылымдар 3, 5 миллиард гектарды алып жатыр.

Блиц


Веган болу қымбат па?


Әдеттегі тамақтардан қымбаттау, бірақ бәрі не жейтініңізге байланысты. Мысалы, кәдімгі жасымық арзан, ал вегандардың ірімшігі қымбат.


Адамдар неге біраз жылдан соң ұстанымынан айнып жатады?


Қажып кетуі әбден мүмкін, яғни, «менің жасап жатқанымнан ештеңе өзгермейді, пайдасы шамалы» деген ойдан кейін қолды бір-ақ сілтейді.


Мысық немесе итті веган етуге бола ма?


Олай істейтіндерді де, мұның еш зияны жоқ деп дәлелдеп бағатындарды да көрдім. Бірақ жануарлар мұны өзі таңдамай алмайды ғой. Біз жай ғана оларға өз көзқарасымызды тықпалаймыз, ал бұл дұрыс емес.


Мармеладты шынымен сүйектен жасай ма?


Бұл қай түрі екеніне байланысты. Мен өзім вегандарға арналғанын сатып аламын. Ал әдеттегі мармеладтарда желатин болады, ал ол малдың сіңірінен жасалады.


Іс-шараларда, қонақта не жеуге болады?


Достарымның бәрі мен үшін арнайы бір нәрсе тапсырыс беруге тырысады. Дегенмен кейде нан немесе көкөніс салатын ғана жеймін. Оның үстіне, кез келген жерден гарнир табуға болады ғой.


Туған-туыстарың не дейді?


Түсінбесе де, таңдауымды қабылдауға тырысады. Енем алма мен банан әкеліп береді, атам картоп қуырып береді, ал әкем келген сайын «қазір не жеп жүрсің?» деп сұрап тұрады. Бәріне өте ризамын.


Көп адамның еттен бас тартқанын қалайсың ба?


«Жоқ» десем, өтірік айтқан болар едім. Бұдан бәріміз ұтпасақ, ұтылмаймыз деп ойлаймын. Тек түсіндіріп, айтып жеткізіп, көрсетіп қана жетуге болады. Көп адам күнделікті жеп жүрген тамағының қалай жасалатынын және оның соңы неге әкеп соғатынын өз көзімен көрсе, бұл нәрсеге басқа қырынан қарар еді.

Бөлісу: